Перейти к основному содержанию
846 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй неге қымбаттап барады?

Мән-жайын «Курсив» тілшісі анықтап көрді

Фото: Shutterstock.com

Қазақстанның облыстары арасында  Петропавлда биыл тұрғын үй қатты қымбаттады. Қаңтар-шілде аралығында үйдің бағасы 7%-ға өскен. Жергілікті билік бұл мәселені аймақтағы құрылыс индустриясының нашар дамуы және шикізат қорының жоқтығымен байланыстырады. 

Сұраныс жоғары болған сайын, баға да қымбаттайды

Әдетте Петропавлда жылына бір немесе екі коммерциялық  үй салынады. Ал мемлекеттік тапсырыс аясында биыл жалпы аумағы 230 мың шаршы метр немесе  2 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілмек. Ал 2018 жылы 218 мың ш.м. құраған. Облыс орталығында коммерциялық тұрғын үй құрылысымен бір ғана ірі компания айналысады. Ол – «Foundation» ЖШС.

Петропавлдағы құрылыс жұмыстарының көпшілігі мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылады. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің айтуынша, оның басты себебі – солтүстік аймақта құрылыс өте қымбатқа түседі. Оған әсер ететін тағы бір фактор – барлық қажетті материалдардың сырттан әкелінуі. Сондықтан жеке құрылысы компанияларын бұл аса қызықтырмайды. 

Солтүстік Қазақстан облысы құрылысшылар қауымдастығының мәліметіне сүйенсек,  материалдардың едәуір бөлігі, оның ішінде қиыршық тас пен кірпіш бар, көршілес Ақмола облысынан әкелінеді екен. Ол жақта құмның өзі Солтүстік Қазақстаннан бес есе арзан. Көрші облыста  үлкен кірпіш зауыты бар, темірбетон конструкциялары мен блок шығаратын кәсіпорын орналасқан. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан мен Қостанай және Ресейден кірпіш, шағыл, шатыр тасымалданады.

«Бізде тұрғын үйдің шаршы метрі неліктен сонша қымбат? Неліктен жеке компаниялар  коммерциялық үй салуға құлықсыз? Өйткені кірпіш, цемент және тіпті қиыршық тастың 90 пайызын сырттан әкелуге тура келеді. Енді тек құм тасу ғана қалды! Шатырға қажетті материал ол да жоқ. Біздің облыста құрылыс саласы мүлдем дамымаған», – деді жақында өткен жиында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Бұл пікірмен құрылыс бизнесінің өкілдері де келіседі. Мәселен, Петропавлдағы «Единство» компаниясы темірбетон бұйымдарын шығарады. Алайда, шығаратын өнім көлемі көп емес.  Жергілікті шикізаттың жетіспеуі салдарынан кәсіпорын  өзінің нақты өндірістік қуатының 10% -ын ғана пайдаланып отыр. 

«Біз инертті материалдары өте қымбатқа түсетін Қазақстандағы жалғыз компания шығармыз. Өйткені, біріншіден, бізде цемент зауыты жоқ. Екіншіден, қиыршық тас алатын ең жақын жер қаладан 200 км қашықтықта орналасқан. Бұл оның өзіндік құнын арттырады», – дейді «Единство»ЖШС директоры Андрей Титов.

Бұл шығындардың үстіне кейбір темірбетон сатып алушылардың сенімсіздігі келіп қосылады. Мемлекеттік тапсырыс аясында үй салатын құрылыс компанияларының кейбірі үйлері бітіп, тұрғындары кіріп қойса да, бетонның ақшасын төлемеген. Компания басшысының айтуынша, олардың фирма алдындағы қарызы 300  млн теңгеге жеткен.

Айтпақшы, СҚО-да кірпіш зауыты бар. Дәлірек айтқанда, ол өз жұмысын биыл сәуір айынан бастады, сондықтан енді-енді қарқын алып жатыр. Негізінде бұл кәсіпорынның іске қосылуы – зауытты қайта жандандырудағы кезекті бір талпыныс.

2009 жылы бұл шаруа нәтижесіз болған еді, енді шымкенттік инвесторлар өндірісті қайта қолға алды. Зауыт іске қосылғалы мұнда 700 мыңға жуық кірпіш өндірілген. Жергілікті өнімнің бір данасы 50 теңге тұрады. Басқа аймақтарда да кірпіш дәл осы бағада сатылады.

banner_wsj.gif

153 просмотра

Өңдеуші кәсіпорындарға жылдық мөлшерлемесі 3 пайыз несие беріледі

Онымен жаңадан құрылатын Өнеркәсіпті дамыту қоры айналыспақ

Фото: Асқар Ахметуллин

Елімізде Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылмақ. Ол өңдеуші кәсіпорындарға жылдық мөлшерлемесі 3 пайыздан аспайтын несие берумен айналысады. Осы және өзге де шаралар саланың дамуына серпін беруі тиіс.  Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.

Үкімет отырысында Дәленов 2020 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспардың жобасын таныстырды. Бұл құжат Ұлттық банк, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес қауымдастығымен бірлесе әзірленген.

Кешенді жоспар 10 бағыттан және іскерлік белсенділікті ынталандыру, жұмыспен қамтуды қолдау және халықтың табысын арттыру жөніндегі 172 жүйелі әрі салалық шаралардан тұрады.  Аталмыш құжат экономика салаларын қолдау жөніндегі жедел шараларды қамтиды. Атап айтсақ, салықтық ынталандыру, кредит беруді арттыру, инфрақұрылымды дамыту, ішкі өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау, жұмыспен қамтуды сақтау шаралары қарастырылған.

Соның ішінде өңдеуші өнеркәсіпті қолдау шаралары үшін қаржыландыру тетіктері айтарлықтай кеңейтіліп,өңдеу өнеркәсібі субъектілері мөлшеріне қарамастан Ұлттық банк бағдарламасы бойынша айналым қаражатын жеңілдікпен қаржыландыру жоспарлануда. Ұзақмерзімді шарттарды ұлттық даму институттары «тұрақты кепіл» ретінде қабылдайтын болады.

" Өңдеу өнеркәсібі субъектілері «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алады.Сонымен қатар экспорттық кредит беріледі. Бірнеше банктің бір қарыз алушыны бірлесіп кредиттеуі үшін банктік синдикатталған кредит беру жоспарланған. Сонымен қатар, өнеркәсіпті дамыту қорын құру ұсынылады. Қор арқылы 3 пайыздан артық емес мөлшерлеме бойынша өңдеуші кәсіпорындарға несие беру жоспарлануда», - деді Руслан Дәленов.

Ұлттық эконоомика министрінің айтуынша, қазіргі кезде Үкімет отандық өндірушілердің тауарларын өткізу бойынша бірқатар шараларды қолға алған.

«Бұл - мемлекеттік сатып алуда квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында оффтейк келісімшарттар жасау, жеңілдетілген қаржыландыруды алушыларға отандық материалдар мен жабдықтарды пайдалану бойынша міндеттемелерді белгілеу. Олар жеке инвесторлармен лицензиялық келісімшартта бекітілетін болады», - деді министр.

 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_kaz.png