Перейти к основному содержанию
846 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй неге қымбаттап барады?

Мән-жайын «Курсив» тілшісі анықтап көрді

Фото: Shutterstock.com

Қазақстанның облыстары арасында  Петропавлда биыл тұрғын үй қатты қымбаттады. Қаңтар-шілде аралығында үйдің бағасы 7%-ға өскен. Жергілікті билік бұл мәселені аймақтағы құрылыс индустриясының нашар дамуы және шикізат қорының жоқтығымен байланыстырады. 

Сұраныс жоғары болған сайын, баға да қымбаттайды

Әдетте Петропавлда жылына бір немесе екі коммерциялық  үй салынады. Ал мемлекеттік тапсырыс аясында биыл жалпы аумағы 230 мың шаршы метр немесе  2 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілмек. Ал 2018 жылы 218 мың ш.м. құраған. Облыс орталығында коммерциялық тұрғын үй құрылысымен бір ғана ірі компания айналысады. Ол – «Foundation» ЖШС.

Петропавлдағы құрылыс жұмыстарының көпшілігі мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылады. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің айтуынша, оның басты себебі – солтүстік аймақта құрылыс өте қымбатқа түседі. Оған әсер ететін тағы бір фактор – барлық қажетті материалдардың сырттан әкелінуі. Сондықтан жеке құрылысы компанияларын бұл аса қызықтырмайды. 

Солтүстік Қазақстан облысы құрылысшылар қауымдастығының мәліметіне сүйенсек,  материалдардың едәуір бөлігі, оның ішінде қиыршық тас пен кірпіш бар, көршілес Ақмола облысынан әкелінеді екен. Ол жақта құмның өзі Солтүстік Қазақстаннан бес есе арзан. Көрші облыста  үлкен кірпіш зауыты бар, темірбетон конструкциялары мен блок шығаратын кәсіпорын орналасқан. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан мен Қостанай және Ресейден кірпіш, шағыл, шатыр тасымалданады.

«Бізде тұрғын үйдің шаршы метрі неліктен сонша қымбат? Неліктен жеке компаниялар  коммерциялық үй салуға құлықсыз? Өйткені кірпіш, цемент және тіпті қиыршық тастың 90 пайызын сырттан әкелуге тура келеді. Енді тек құм тасу ғана қалды! Шатырға қажетті материал ол да жоқ. Біздің облыста құрылыс саласы мүлдем дамымаған», – деді жақында өткен жиында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Бұл пікірмен құрылыс бизнесінің өкілдері де келіседі. Мәселен, Петропавлдағы «Единство» компаниясы темірбетон бұйымдарын шығарады. Алайда, шығаратын өнім көлемі көп емес.  Жергілікті шикізаттың жетіспеуі салдарынан кәсіпорын  өзінің нақты өндірістік қуатының 10% -ын ғана пайдаланып отыр. 

«Біз инертті материалдары өте қымбатқа түсетін Қазақстандағы жалғыз компания шығармыз. Өйткені, біріншіден, бізде цемент зауыты жоқ. Екіншіден, қиыршық тас алатын ең жақын жер қаладан 200 км қашықтықта орналасқан. Бұл оның өзіндік құнын арттырады», – дейді «Единство»ЖШС директоры Андрей Титов.

Бұл шығындардың үстіне кейбір темірбетон сатып алушылардың сенімсіздігі келіп қосылады. Мемлекеттік тапсырыс аясында үй салатын құрылыс компанияларының кейбірі үйлері бітіп, тұрғындары кіріп қойса да, бетонның ақшасын төлемеген. Компания басшысының айтуынша, олардың фирма алдындағы қарызы 300  млн теңгеге жеткен.

Айтпақшы, СҚО-да кірпіш зауыты бар. Дәлірек айтқанда, ол өз жұмысын биыл сәуір айынан бастады, сондықтан енді-енді қарқын алып жатыр. Негізінде бұл кәсіпорынның іске қосылуы – зауытты қайта жандандырудағы кезекті бір талпыныс.

2009 жылы бұл шаруа нәтижесіз болған еді, енді шымкенттік инвесторлар өндірісті қайта қолға алды. Зауыт іске қосылғалы мұнда 700 мыңға жуық кірпіш өндірілген. Жергілікті өнімнің бір данасы 50 теңге тұрады. Басқа аймақтарда да кірпіш дәл осы бағада сатылады.

banner_wsj.gif

Әлем жыл соңында мұнайсыз қалуы мүмкін бе? «Қара алтын» жағдайы қалай құбылмақ?

Сарапшылар сан алуан болжам ұсынады

2020 жылдың соңында әлем мұнай жеткіліксіздігіне ұшырауы мүмкін. Пандемия алдымен «қара алтын» бағасын төмендетіп, әлемді экономикалық қыспаққа ұшыратса, енді сол өнімнің өзін қат қылып қоюы ықтимал. 

Commerzbank-тің шикізат нарығы бойынша аналитикалық бөлімінің басшысы Евгений Вайнберг dw.com сайтына берген сұхбатында егер мұнай бағасы жуық арада 40 долларға жетпейтін болса, онда нарықтағы көптеген ірі компаниялар банкротқа ұшырайды деп болжайды. 

«Банкрот болған соң олардың активтерін басқалар сатып алады. Егер мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы 30-35 доллар деңгейінде тұрып қалса, онда кәдімгідей проблема туындамақ. Бұл дағдарыс нарық пен инфрақұрылымның кез-келген сәтте адам танымастай қиындыққа тап болатынын көрсетіп берді. Мысалы, осыдан бірер ай бұрын мұнайды қайда сақтаймыз деп уайымдаған едік. Ал қазір қыркүйек айында мұнай тапшылығы болмай ма деп алаңдап отырмыз. Тіпті жыл соңында 2-3 млн баррель көлемінде мұнай жеткіліксіздігі туындауы мүмкін» дейді ол. 

Қазақстандағы EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы Андерй Чеботаревтің айтуынша, мұнай бағасы болжанған мерзімнен ертерек қалпына келуі мүмкін. 

«Мұнай бағасы өткен аптада екі айлық максимумға көтерілді. Мұнаймен бірге мұнай өндіруші компаниялар котировкасы да нығайып жатыр. Шикі мұнай қоры соңғы екі аптада тек құлдырауда. Бұл мұнай нарығындағы тепе-теңдіктің қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Алайда бұл мәселенің тек бір қыры ғана. Екіншісі – мұнай бағасының түсуі және карантиндік жеңілдетулердің жариялануы мұнай өңдеу зауыттарының қайта өңдеу көлемін арттыруға мәжбүр етеді. Бұл фактор бензин мен дистиллят қорының өсуіне әкелді. Шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің жалпы құны максимумға жетті және өсуін жалғастыруда. АҚШ-тың стратегиялық мұнай резервін сатып алу да жалғасып жатыр. Үндістан мен Қытай да резерв сатып алуға кіріскен. Мұнайды сатып алу, бұл – төменгі баға бойынша жинау. Бірақ бұл жағдай сол елдерге мұнай қажет болып жатыр дегенді білдірмейді. Мұндай жағдайда мұнай өңдеуші компаниялар ұзақ уақыт бойы қысыммен жұмыс істеп, өндірісті өз мүмкіндігінен төмен көлемде шектейді»,- дейді ол. 

Сарапшының айтуынша, Ұлттық Банк ұстанып отырған қазіргі саясат жағдайында (теңгенің еркін курсы) ұлттық валюта нығайып, тіпті 410 долларға дейін төмен түсуі бек мүмкін. «Нарықтың екінші мәрте құлдырауы мүмкін екенін де естен шығармау керек» дейді Чеботарев. 

Қаржыгер Жасұлан Күшебаев теңгенің нығаюы – уақытша құбылыс екенін айтады. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. 

«Соңғы күндері теңгенің күшейіп келе жатқанын аңғарамыз. Бұған басты себептерге мұнай бағасының қымбаттауы, әлем елдеріндегі карантин режимінің әлсіреуі жатады. Қысқа мерзімді перспективада теңге әлі де күшейе түседі. Алайда, ұзақ мерзімді перспективада теңге қатты құнсызданады деп болжаймын. Оған бірнеше себеп бар, бірінші АҚШ пен Қытай арасында қайтадан өршіген сауда соғысы, екінші үкіметіміздің COVID-19-дан келген зиянды өтеуге жұмсап жатқан әлеуметтік шығындары мен бизнесті салықтан босату саясаты еліміздің бюджет жетіспеушілігіне алып келеді. Бюджет дефициті алдағы уақыттарда теңге құнының әлсіреуіне әсер етеді. Үшіншіден, карантиннен кейін Қазақстандық бизнес сырттан тауар әкелетін болады. Бұл долларға сұранысты арттырады. Сұраныс өскенде әрине, доллар қымбаттайды. Төртіншіден, Ұлттық Банк наурыз айында теңгенің дереу құнсыздануын болдырмау үшін 1 млрд 487 миллион доллар көлемінде интервенция жасады. Мұндай көлемдегі интервенция соңғы 5 жылда жасалмаған. Бұл әлбетте алдағы күндері доллардың күрт қымбаттауына себеп болады. Бесіншіден, Ұллтық Банктің реттеу саясатының тым қатаңдануы. Мысалы, айырбас пунктеріне кешкі 20:00 ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беруі және онда ақша айырбастау ҰБ бекіткен бағамнан 6 теңге айырмашылық арасында болу талаптары теңгенің басқа валюталарға конвертациялану қабілетін азайтады. Бұл өз кезегінде теңгенің құнсыздануына алып келеді» дейді сарапшы. 

Қазіргі таңда мұнай бағасының 40 долларға шығу-шықпауы үлкен күмән туғызуда. Егер шыға қалса бұл әлем экономикасы үшін жағымды құбылыс болары сөзсіз. Алайда оған жеткізбейтін факторлар әлі де билік құрып тұр. 29 мамыр күні таңертең АҚШ шикізат қорының өсімі туралы ақпарат тарап, бұл мұнай бағасының құлдырауына әкеліп соқты. 

«Мұнай тағы да 36 доллардан әрі аса алмады. АҚШ-тағы орташа тәуліктік мұнай өндірісінің 11,4 млн баррелге дейін қысқаруы да жағдайды оңалта алмады» деп пікір білдірген «Алор Брокер» бас сарапшысы Алексей Антонов. 

Тағы бір фактор – ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіру көлемін қысқартуды әрі қарай жалғастыра түсуге ниет білдіруі. Әдеттегідей, бұл келісімге тек Ресей тарапы ғана қарсылық білдіруде. Бұған дейін ОПЕК+ қатысушылары мұнай өндірісін мамыр, маусым айларында тәулігіне 9,7 млн баррелге қысқартуға уағдаласқан. Reuters ақпаратына сүйенсек, Сауд Арабиясы бұл келісімді 2020 жылдың соңына дейін күшінде қалдыруға ықыласты көрінеді.

«Саудиялықтар нарыққа әлі де қолдау қажет деп есептейді. Сол себепті қазіргі квотаны жыл соңына дейін созуды қалайды. Ресей де оған келіседі. Бірақ мұнай компанияларымен келісе алар емес» деп жазады агенттік сенімді дерек көзінің пікірін. 

Еске салсақ, осыған дейін жасалған ОПЕК+ келісіміне сәйкес Қазақстан да мұнай өндірісін тәулігіне 390 мың баррелге қысқартты. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың сөзінше, өнім көлемі жылына 10 млн тоннадан асатын мұнай кеніштерінде өндіріс көлемі қысқарған. 

    «Үкімет қаулысымен «Теңізде»,  Қашаған жобасында, «Қазмұнайгаз» компаниялар тобында, «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» сияқты бірнеше кен орындарында өндіріс қысқартылды. Қазақстан осы жылы 90 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлаған еді. Алайда пандемия бұған мүмкіндік бермеді. Жыл қорытындысы бойынша 86 млн тонна өндірілмек. Бұл жоспарланған мөлшерден 4,5 пайызға аз. Осылайша, Қазақстан ОПЕК+ келісімін жүзеге асырады. Егер біз мұнай өндірісін қысқартпасақ, онда 2020 жылдың екінші тоқсанында мұнай сақтайтын резервуарлар толып кетуші еді. Бұл бірқатар кен орындарындағы жұмыстың күрт тоқтауына әкеліп соғады. Ортақ келісімнің арқасында нарықтағы барлық ойыншылар мұндай өндірісін қысқарту жоспарын бақылауда ұстап отыр»,- деді министр. 
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_kaz.png