Перейти к основному содержанию

7316 просмотров

2019 жылы теңге бағамы қайда бағыт алмақ?

Қаржыгерлердің доллар құны туралы болжамдары бір-бірінен қатты ерекшелінеді

Фото: shutterstock.com

Теңге бағамы 2018 жылы объективті факторлармен өзара байланысын жоғалтып, болжамға «келмейтін» жағдайға түсті, 12 айдың ішінде доллар 41 теңгеге қымбаттады. Ал 2019 жылы ұлттық валюта бағамынан не күтеміз? Осы орайда сарапшылар өз болжамдарымен бөлісті.  

Вячеслав ДОДОНОВ, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері:  

– 2018 жылы теңге бағамына әдеттегі факторлар әсер етуден қалды, әсіресе ол маусым-қыркүйек айларында мұнай бағасы өскен шақта, доллардың қымбаттауынан айқын білінді. Осы кезеңде теңгенің рубльге қатысты  әлсірегенін де айта кету керек: Ұлттық банктің деректері бойынша, мамыр айында рубльдің орташа бағамы – 5,27 теңге болса, қазан айында – 5,58 теңгені құрады. Сондықтан, 2018 жылы, әсіресе екінші жартыжылдықта теңге бағамының құбылуын әдеттегі қозғаушы күш емес, өзге факторлар айқындағандай көрінеді. Меніңше, мемлекеттік қаржы, әсіресе, Ұлттық қордың айналасындағы ахуал негізгі факторға айналды. Біріншіден, соңғы жылдары Ұлттық қордың көлемі қатты қысқарды, және де оның әрі қарай  қысқаруы қолайсыз болды.  

Оның үстіне, қордан бюджетке түсетін трансфеттер тұрақты күйінде жалғасуы тиіс, және де теңге жүзінде іске асырылатын бұл трансфеттердің валюталық тұрғыдан көлемділігі анағұрлым аз болғаны қолайлы еді. Осы орайда теңгенің аздап құнсыздануы орынды болып, соның нәтижесінде трансферттің қажетті теңгелік көлемі Ұлттық қордағы доллардың шамалап қана сатылуы есебінен қамтамасыз етілетін еді.  

Екіншіден, Ұлттық қорды бірінші жартыжылдықта басқару нәтижесі туралы тамыз айында жарияланған баяндама қоғамда үлкен шу тудырды, аталмыш есепте курс айырмашылығы, ең бастысы, бірінші тоқсанда теңгенің нығаюы салдарынан 785 миллиард теңге көлемінде инвестициялық шығын көрсетілген еді. Курстың осындай келеңсіз тәжірибенің аясында, сонымен қатар, Ұлттық қордың теңгелік статистикасын жақсарту мақсатында екінші жартыжылдық ішінде аздап болса да түзетілгенін ескеру қажет.  

Нәтижесінде, Ұлттық банктің мемлекеттік активтерді инвестициялық басқару тұрғысынан қойылған бірнеше маңызды міндеттері орындалды:  

-Ұлттық қордың теңгелік көлемі ұлғайтылды, оның ұлғаюына активтерді қайта бағалау арқылы оларды басқарудан түсетін табыстың өсуі өз септігін тигізді (соның негізінде, теңгенің төмендетілген бағамы жағдайында да валюталық активтер қымбаттай бастады). Бұл жағдайда 2018 жыл бойы қордың валюталық көлемі бірінші тоқсанға қарағанда азырақ болғанын ескеру керек.  

- БЖЗҚ-ның да табыстылығы күрт өсті, оны Ұлттық қор секілді,  Ұлттық Банк басқарады: зейнетақы активтерінің басым бөлігі жыл бойына валюталық активте орналастырылуы есебінен, оларды қайта бағалау арқылы кірістің артуына үлкен үлес қосты;  

- Ұлттық банктің резевтері де тұрақтанып, жыл соңына қарай біршама өсім көрсетті. 

Қалай болғанда да, екінші жартыжылдықта теңге бағамы объективті факторлармен байланысын жоғалтып, оның қалай құбылатынын болжау қиынға соғып тұр. Келер жылы теңге бағамы қалай қалыптасатыны,  осы ахуал сақтала ма, жоқ па соған байланысты болып отыр. Қалай десекте, 2019 жылы мұнай бағасы арзандауы мүмкін, ол өз кезегінде ұлттық валюта бағамына әсер етпеуі мүмкін емес, өйткені төлем балансы бұрынғыдай айырбас бағамының негізгі факторы болып қалады және ол шикізат құнының арзандауы және экспорттың азаюы салдарынан нашарлайды. Сондықтан доллар құны 400-ден де қымбаттайды деп күте берсек болады. Мен доллардың орташа жылдық айырбас бағамы 430-450 теңге деңгейінде қалыптасады деген ойдамын. 

Мерей ИСАБЕКОВ, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сараптамалық орталығының сарапшысы:  

–АҚШ-тың Федералды сақтық қор жүйесі 2018 жылы негізгі мөлшерлемені 4 рет көтерді. Тіпті, басқа факторларды ескермегеннің өзінде, ФСЖ-ның ақша-несие саясатындағы бұндай өзгеріс АҚШ экономикасы мен долларлық активтерге инвестиция салудың тартымдылығын арттырды, бұл өз кезегінде капиталдың дамушы нарықтан жылыстауына ықпал етті.  

Осы динамиканың артуына геосаяси текетірестер: АҚШ пен Қытай арасындағы сауда-саттық егесі, Brexit (Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы), Ресейге қарсы салынған санкция және т.б. әсер етті. Оның үстіне, жаһандық экономика өсімінің баяулауына қатысты алаңдаушылық қарқын алып келеді, бұл инвесторлардың тәуекелі төмен активтерге басымдық беруіне ықпал етеді. Осындай сыртқы факторлар ұлттық валюта бағамына әсер етпей қоймасы анық.  

Айта кету керек, жыл басынан бері АҚШ долларының индексі 4,7 пайызға артты. Осы уақытта теңге АҚШ долларына қатысты 11,6 пайызға құнсызданса, Ресей рублі – 18,6 пайызға әлсіреген. Оған қоса инфляция деңгейінің төмендеуі, ағымдағы операциялар есепшотының тапшылығын төмендету, банк депозиттерінің біршама долларсыздануы сынды ішкі факторлар шығын тұрғысынан теңге теңгерімін теңестіруге әсер етті. Сол екі арада ФСЖ өкілдерінің желтоқсан отырысынан кейін өз ұстанымын жұмсартуы АҚШ доллары индексінің төмендеуіне әкеп соқты.  ФСЖ мөлшерлемесінің ұзақмерзімді «бейтарап» бағамы 2,8 пайызға дейін төмендеді. Ал 2019 жылы ФСЖ негізгі мөлшерлемені бір рет көтерумен шектелуі мүмкін.  

Осылайша, 2019 жылы дамушы нарықтардың валюталарына қысым, 2018 жылмен салыстырғанда, төмен болуы ықтимал. Оның үстіне ОПЕК-тің мұнай нарығын теңдестіру тұрғысындағы белсенділігін ескере отырып,  2019 жылы мұнай бағасының қазіргіден де төмендеуінің ықтималдығы аз. Жоғарыда айтылған факторларды және Ұлттық банктің қаржы секторын тұрақтандыруға бағытталған шараларын ескере отырып, 2019 жылы теңге бағамына көбіне ішкі факторлар (қазір олар өте оңтайлы болып тұр) әсер етеді деген ойдамын. Осы орайда Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сауалнамасына қатысқан сарапшылар USDKZT жұбында 2019 жылдың соңына қарай курс  1 долларға – 380,4 теңге, орта шамасы – 378,5 теңге көлемінде қалыптасады деп болжайды.  

Дмитрий ШЕЙКИН, Halyk Finance зерттеу департаментінің бас сарапшысы: 

−  2018 жылы Қазақстанның ұлттық валюта бағамының қалыптасуына жан-жақты факторлар әсер етті. Қазақстандық экспорттың негізгі номенклатурасы бойынша баға белгіленімдерінің өсуі (Brent маркалы мұнайдың баға белгіленімі – 30 пайызға, 2017 жылғы орташа көрсеткіш – $56.3/bbl-дан 2018 жылы – $73,21/bbl-ға дейін артты), нәтижесінде шетелдік валютадағы экспорттық түсімнің көбеюуі (2018 жылдың он айында экспорт көлемі 29 пайызға артқан) ұлттық валюта бағамын 1 доллар үшін 320-345 теңге айналасында нақты қалыптастырған еді. Алайда реттеушінің Ресей рубліне қатысты теңгені «әлсірету» саясаты ұлттық валюта бағамының долларға қатысты 380 теңгеге дейін құнсыздануына әкеп соқты.  

Яғни, Ресейге салынған санкциялардың көбеюіне байланысты құнсызданған рубльдің соңын ала, Ұлттық банк ресейлік рубльдің әлсіреуін ұлттық валюта бағамына жүктеп жіберді. Біздің ойымызша, 2018 жылы теңгенің қатты құнсыздануының негізгі себебі – осы. 2019 жылы да Ұлттық банктің теңге бағамына қатысты осы ұстанымы сақталады деген ойдамыз. Оның үстіне, ресейлік валюта бағамына «бюджеттік» ереже де әсер етті, ол бойынша, Ресейдің валюта нарығында РФ қаржы министрлігінің валютаны сатып алуы арқылы Ұлттық әл-ауқат қорындағы мұнай долларынан айықтыру көзделген. Бұл ереже 2019 жылы да қолданылады, яғни Ресей рублінің нығаюына мүмкіндік бермейді, нәтижесінде «әлсіз» теңге саясатының арқасында қазақстандық теңге де соның кебін киеді.  

2018 жылы АҚШ ФСЖ өз ақша-несие саясатын қатаңдатуды жалғастырып, есептік мөлшерлемені 1,50 пайыздан 2,25% дейін көтерді. Бұл өз кезегінде дамушы нарықтан капиталдың жылыстауына әсер етті, соның ішінде Қазақстан да америкалық валютаның жаһандық күшеюіне септігін тигізді. Дегенмен, біздің ойымызша, ұлттық валютаның құнсыздануына бұл көштің әсері әлсіз болды, өйкені оның уақыты созылыңқы, ал жылыстаған капиталдың көлемі KASE-дегі АҚШ доллары бойынша сауда сессиясынан сәл  ғана асты. 2019 жылы теңге бағамының қалыптасуына капитал ағыны одан әрі айтарлықтай әсер етпейді.  

Ресейге салынған санкциялардың ұлттық валюта бағамына «өтпелі» әсерін есепке ала отырып, біз негізгі болжамымыздың аясында 2019 жылы Ресей Федерациясына қарсы АҚШ санкцияларын одан әрі  артатынын ескереміз, алайда ол  қатаң түрде емес, сәл жұмсақ сценарий бойынша жүзеге асуы мүмкін. Brent маркалы мұнай баррелінің құны 68-70 доллар шамасында қалыптасуы, ірі мұнай жобалары аясында негізгі капиталға инвестиция құйылуы, сондай-ақ, шикі мұнай мен газдың жылына 88 миллион тонна көлемінде экспортталуы 2019 жылда қазақстандық теңге бағамын нық қолдауы тиіс. Біздің негізгі болжамымыз бойынша, USDKZT жұбының баға белгіленімі 2019 жылдың соңына қарай – 375 теңге төңірегінде қалыптасып, көбіне USDRUB жұбының қозғалысына байланысты анықталады. Қазақстандық теңгенің рубльге қатысты «әлсіз» бағамы 5,6 теңге көлемінде қалыптасады.  

Сергей ДРОЗДОВ, "Финам" компаниялар тобының сарапшысы: 

−Жалпы алғанда, 2018 жыл Қазақстан экономикасы үшін жаман болған жоқ,  дамушы нарықтағы жазғы жаппай сатылымға қарамастан, мемлекеттің жалпы ішкі өнімі жылдық көрсеткіште ІІІ тоқсан бойынша, 4,1 пайызды құрады. Алайда 2019 жыл тура осындай жайлы болмауы да мүмкін.  Негізгі сын-қатер қатарында қазіргі  сауда-саттық қақтығыс жағдайында АҚШ пен Қытай экономикасы өсімінің бәсеңдеуі бар,  қазірдің өзінде АҚШ-тағы іскерлік белсенділікке кері әсер етіп жатыр.  

Еуроаймақтағы қазіргі жағдай да көңілге үміт ұялатпайды. Айталық Германия ЖІӨ-сі 2018 жылдың ІІІ кварталында бар-жоғы 1,1 пайыз өсім көрсетті, 2017 жылдың тура осы кезеңінде 2,6 пайызға өскен еді. Егер әлемдік экономика кезекті экономикалық циклдің шарықтау шегінде тұрғанын ескерсек, 2019 жылы ол төмендеп, тіпті кейбір жерлерде құлдырауы мүмкін, ол өз кезегінде мұнай бағасына қысым жасайды да, қалыптасқан ахуалдағы алып-сатарлық әсерінен барреліне 50 доллардан да арзандап кетуі ықтимал.  

Осы сценарий жүзеге асатын болса, теңге бағамы АҚШ долларына қатысты 369-375 аралығында құбылып, кейде 425-ке дейін әлсіреуі мүмкін.  

banner_wsj.gif

220 просмотров

Теңге және төтенше жағдай. Карантин Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

Сарапшының айтуынша, күзде доллар бағамы 550 теңгеге жетпек

Фото: shutterstock.com

Коронавирусқа байланысты елде төтенше жағдайдың жариялануы ел азаматтарының әлеуметтік тұрмысына кері әсерін тигізе бастады. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Ұлан елдімекенінің тұрғыны Берік Айтқазиев (аты-жөні өзгертілді) тапсырыс қабылдап, сантехникалық, құрылыс жұмысымен айналысады. Ол жыл басынан бері негізінен Қалқаман ықшам ауданындағы жеке үйлерде жұмыс істеп келген. Енді қалада карантин енгізілуіне байланысты, жұмысқа бара алмай қалған. Ал қаладан жұмыс табуына байланысты бірнеше ай бұрын облыс аумағындағы тапсырыстардан бас тартқан. 

«Әрине, табысымыз азаятын болды. Тіпті дәл қазір тоқтап тұр. Үйдеміз. Жеке көлігіммен адам тасымалдауға да қорқамын. Бірақ отбасымды асырау үшін тым құрыса Қаскелеңнен немесе жақын ауылдардан жеке тапсырыс табуға тырысамын. Біз солай күн көрерміз. Ал кәсіпорын, фабрикаларда істеп жүріп қысқарып қалған азаматтарға обал», – дейді Берік. 

Жұмысы қашықтан істеуге мүмкіндік бермейтін мұндай адамдардың күнкөрісі қиындап жатыр. Базардағы азық-түлік те қымбаттаған. Үкіметтің базардағы бағаны бақылаймыз дегені сөз жүзінде қалып жатқан сияқты. Себебі, үш күн бұрын Қаскелең қаласындағы көтерме базарға барғанымызда, қызанақ – 1200, қияр – 800, алма – 600 теңгеден сатылып жатты. Басқа да өнімдердің негізгі құнына 200-300 теңге үстемелей қосылған. 20 мың теңгенің өзіне пакетіңіздің толмай шығатыны содан. 

Бірер күн бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы кәсіпорындардан 266 мың жұмысшы қысқарып қалғанын мәлімдеді. Жағдай осылай жалғаса берсе (теңге және вирус факторы) жұмыссыздар саны еселеп артпақ. 

«Алдын ала есептеу бойынша, қазіргі жағдай 500 мыңға жуық қала тұрғынының қаржылық ахуалына кері әсер тигізді. Сол себепті төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы (42 500 теңге) көлемінде ай сайынғы төлемақы жасауды тапсырамын. Негізінен мұндай көмекті 1,5 миллион азаматымыз алады. Қолдау түрін, адамдарды қамту көлемін және қаржы көлемін арттыру үшін бізде тиісті резерв бар»,– деген еді президент. 

Экономист Қасымхан Қаппаровтың пікірінше, бұл жәрдемақының нақты кімдерге берілетінін анықтау қажет.  

«Бұл көмек кімге беріледі? Атаулы әлеуметтік көмек алып жүргендерге ме? Оларда бұрыннан табыс жоқ қой. Негізінен бұл көмек жұмыс істеп жүріп табысынан айырылған азаматтарға берілуі қажет. Ондай азаматтардың тізімін БЖЗҚ-дағы төлемдер бойынша анықтап, кім зейнетақы қорына тұрақты жарна жасады, соларға берілсін. Сосын бұл бір реттік көмек пе, әлде тұрақты ма? Өйткені карантин біткеннен кейін де адамдар жұмыс тауып, табысқа қол жеткізу үшін де біршама уақыт қажет болады. Ең бастысы ақшаны қайдан алмақ? Бұл мақсатта ай сайын бюджеттің 135 млн доллар ақшасы жұмсалады. Әзірге үкіметтің осыншама ақшаны қайдан алатыны белгісіз», – деп жазады сарапшы өзінің телеграм каналында. 

Сондай-ақ мемлекет басшысы барлық азаматтардың тұтынушылық қарыздарын төлеуді 3 айға дейін тоқтата тұруды тапсырды. Оның ішінде орта және шағын бизнес те бар. Осындай қиын-қыстау кезеңде ең көп зардап шегетін де осы сектор болмақ. Айтпақшы, мемлекет бірер күн бұрын аталған секторды қолдау мақсатында мол қаржы бөлді. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бұл қаржыны бөлу механизмін дұрыстап құрастырмаса, ақша діттеген межеге жетпей қалмақ. 

"Былтырдың өзінде шағын және орта бизнесті қаржыландыру 18 пайызға түсіп кеткен. Екінші деңгейлі банктер де пайызды жоғарылатқан. Әрі кепілдік қою керек деген талап шығарды. Ал жақында президент қазіргі жағдайға байланысты 400 млрд және 600 млрд бөлді. Бұл дегеніңіз – 1 триллион теңге. Бұл жақсы қаржы. Бірақ оны екінші деңгейлі банктер арқылы несие қылып бермеу керек. Бұл нұсқа өте тиімсіз. Яғни, бұл ақшаның қызығын ешкім көріп жарытпайды. Көрсе, ірі бизнес өкілдері көреді. Сондықтан ол ақшаны бәлкім шағын несиелік ұйымдар арқылы беру әлдеқайда жеңілірек. Егер несиені 2-6 пайыз аралығында беріп, қалған соманы субсидияласа жақсы мүмкіндік болар еді. Бірақ шалғайдағы кәсіпкерлердің несие алу үшін кепілге қоятын мүлкі жоқ. Ал оларды мұндай кезде жергілікті әкімдік немесе әлеуметтік корпорациялар «біз кепіл боламыз» деп қолдауы керек», – дейді GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы. 

Қосымша ақпарат: Ranking.kz мәліметінше, 2019 жылы жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) орта және шағын бизнестің үлесі 29,5 пайызға дейін құрап, бұл жалпы экономикалық өсімнің 4,5 пайызға дейін көтерілуіне әсер еткен. Ал 2019 жылдың үшінші тоқсанындағы мәлімет бойынша, орта және шағын бизнес секторында 3,3 миллион адам жұмыс істейді. 

Мұны да әзірге түйіні тарқатылмаған бір проблема деп қоялық. Екіншісі – нарықтағы бағаның шарықтауы. Бұған қатысты Shanghai University of Finance and Economics университетінің магистрі, экономист Оразбек Мырзақұл былай пікір білдірді. 

«Коронавирус өндіріске шығын келтіреді дейін десек, бізде соншалықты көп өндіріс те жоқ. Кесірі тисе, жолаушылар тасымалымен айналысып отырған ҚТЖ сияқты компанияларға тиюі мүмкін. Ал бізге тауар негізінен шет елден келеді. Соған байланысты электронды дүкендеріндегі бағалар 10-15 пайызға қымбаттаған. Вирустың күш алып келе жатқанын, теңге бағамының әзір оңалмайтынын ескерсек, алдағы уақытта біздегі баға кем дегенде 10 пайызға өседі. Кейбір тұтынушылық заттар тапшы болады», – дейді экономист. 

Бұдан кейінгі түйткіл – теңгенің жайы және жұмыссыздық. Оразбек Мырзақұл теңге бағамына қатысты оптимисті көзқарас таныта алмаймын дейді. Оның ойынша күзде теңге курсы 550-ге жетпек. 

«Инфляция деңгейі 6 пайыз (ақпан айының қорытындысы бойынша). Қазіргі дүрбелеңге байланысты күзге дейін оның шегі 8 пайыздан асады. Мұндай кезде мемлекет кешенді жұмыс жүргізуі керек. Бірінші кезекте, әлеуметтік төлемақы мөлшерін кем дегенде 10-15 пайызға өсіру. Одан кейінгі міндеті – азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарды салықтан босату. Әрине, одан кейін жұмыссыздық мәселесін шешу. Төтенше жағдайға байланысты оны қазір реттей алмаса тиісті жәрдемақылар беру деген сияқты. Өйткені жұмыссыздық деңгейі 20 пайыздан асып кетсе, бұл – елге қауіп төндіреді», – дейді маман. 

Қосымша пікір. Андрей Чеботарев

«Мұнай бағасының 35 доллардан төмен болуы – бюджет пен Ұлттық қор үшін ауыр соққы. Онда төлемдер үш есе қысқарады. Ал мұнай 25 доллардан төмен түссе экспорттық кеден баж салығы жойылады. Яғни, біз бір тиынсыз қаламыз. Қазірдің өзінде Қазақстан 1 млрд долларынан айырылды. Бұлай жалғаса берсе еліміздің мұнай-газ саласы алапат тұрақсыздыққа тап болады. Сондықтан бізге тап қазір оңтайлы шешімдер керек». 

Мақсат Халықтың айтуынша, бізді алда бюджет тапшылығы күтіп тұр. Өйткені, біздегі қазына қаржысының көп бөлігін мұнай секторындағы компаниялардан түсетін салық құрайды. 

«Мұнай бағасы 25 доллар деңгейінде тұр. Алдағы уақытта әлде де түсуі мүмкін. Бізде ЖІӨ – 26 пайыз деп айтылады, есептеп қарасақ бұл – 15 триллион теңге. Егер осы қаражат жарыққа шықса, онда бюджет тапшылығын жаба аламыз. Алайда біздегі қиындық – көлеңкелі экономиканың әлі жұмыс істеп тұрғаны. Соның арқасында көп қаржы үкіметке көрінбей жатыр. Олай болмас үшін төлемді қолма-қол емес, арнайы банктік аударымдар арқылы жолға қою керек», – деп түйіндейді сарапшы. 
 

banner_wsj.gif

drweb_ESS_kursiv.gif