Орта білімі болмаса да жеке кәсібін дөңгелетіп отыр

Жарияланды
Павлодарлық кондитердің табыс жолы

Павлодарлық Александр Эскиджян отбасылық жағдайына байланысты орта мектепті тәмамдай алмады. Колледж, университеттерде де білім алған емес. 8-сыныпты аяқтап, бірден еңбекке араласты.

Ерте кезден табыс табуды үйренді. Әуелде жалдамалы жұмыстарды атқарды. Кейін үйленіп, шаңырақ көтерді. Сол ол тұста облыс орталығындағы базарлардың бірінде аяқ киім сататын. Ал декреттік демалыстағы әйелі үйде тапсырыс бойынша түрлі тәтті пісірумен айналысты. Жас отбасы тұтынушылардан түсетін тапсырыстарға тәуелді болмай, жеке кәсібін ашуды ойластырады. 

Табысқа жетелеген жол

Александр Эскиджян бизнестің бірнеше бағытын саралап, талдап көрді. Бірақ барлығының болашағы бұлыңғыр еді. Себебі, бір кәсіп үлкен капиталды қажет етсе, енді біріне сұраныс көп емес. Жас отбасы ойлана келе, кондитерлік цех ашуға бел буады.

Павлодар қаласындағы дүкендердің бірінде орналасқан шағын цехты жалға алып, тәттінің түр-түрін пісіріп, сата бастады. Кейін ол тарлық етіп, кәсіпкер өндірісті кеңейтуді ойластырды. Осыдан төрт жыл бұрын «Өндіріс» бағдарламасы арқылы 9 млн теңгеге жеңілдетілген несие алып, бұл сомаға құрал-жабдықтарды жаңартып, кең цехқа көшті. Сол арқылы қуаттылық пен нарық ауқымын арттырудың мүмкіндігі туды.

IMG_0980.JPG

Былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 49 млн теңге несие ресімдеп, жеке ғимарат пен италиялық заманауи пештер, қант қосылған печенье пісіретін арнайы желі алды. Қазіргі уақытта «Эскиджян» жеке кәсіпкерлігінің тәттілері Павлодар облысынан бөлек, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Семей мен Ресейдің Бийск, Славгород қалаларының дүкен сөрелерінде бар. Кондитерлік цехта күніне 700 келі өнім дайындалып, айына 2-2,5 мың тонна тәттіні өзге өңірлерге жөнелтіледі. 

Білікті маман қажет 

Кондитерлік цех шығаратын 65 түрлі өнімді небары 9 кондитер дайындайды. Бұл ретте, кәсіпкер өңірде білікті мамандарды, технологтарды дайындау мәселесі өткір тұрғанын айтты. 

Мәселен, Павлодар қаласындағы колледждер биыл кондитерлік өнімдер технологиясы мамандығы бойынша студенттерді қабылдаған жоқ. Айтуларынша, бұл саладағы мамандар жеткілікті және талапкерлер тарапынан қызығушылық жоғары емес. Сондықтан мейрамхана, қонақ үй, қоғамдық тамақтандыру орындары сынды салалар мамандарын оқытуға ғана ден қойып отыр.

Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, Павлодар облысында, шын мәнінде, білікті кондитерлер өте аз. Тіпті, саусақпен санарлық деп айтуға болады. Сондықтан жастарды колледждерде оқытып, кондитерлік істің қыр-сырын үйрету керек. Өйткені, оның айтуынша, бұл жайт кәсіпті кеңейтуге ниетті  бизнес өкілдеріне кедергі келтірмей қоймайды.

IMG_0965.JPG

«Мәселен, мен таяуда тағы бірнеше құрал сатып алып, кондитерлік өнімдердің жаңа түрлерін шығарғым келеді. Сол кезде кадр мәселесі кесе көлденең шығып, маман тапшылығы сезілуі әбден мүмкін», – дейді Александр Эскиджян. 

Бизнеске білім қажет

Осы орайда, кәсіпкер кезінде үзіліп қалған орта білімін жалғастыратынын айтты. 

Қазіргі таңда Александрдың қолымда білім туралы бірде-бір құжат – аттестат та, диплом да жоқ. Соған қарамастан, ол мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, түрлі жоба арқылы оқып, үйреніп келеді. Айталық, биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Назарбаев университетінде «Іскерлік байланыстар» оқуынан, Павлодар қаласындағы Торайғыров университетінде бизнес-курстан өтіпті.

«Ендігі кезекте түрлі себепке байланысты оқи алмаған 9-11 сыныптың бағдарламасын меңгергім келеді. Себебі бизнесті дамытып, нарықты зерттеп, әріптестермен байланыс орнату үшін міндетті түрде білім керек», – дейді кәсіпкер. 

 

Сондай-ақ оқыңыз