OLX.kz ресурсында есірткі жарнамаланып, оны тарататын курьерлерді жұмысқа тартушылар хабарлама орналастырған

Жарияланды

OLX.kz хабарландыру ресурсында есірткіні насихаттайтын 1179 жазба анықталған. Оған қоса психоактивті заттарды тарататын курьер жұмысын ұсынып отырғандар да бар. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, OLX.kz басшылығымен жасалған келісім негізінде бұл жарнамалар жойылған.

Жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері есірткіні жарнамалау фактілері бойынша 51 сотқа дейінгі іс жүргізіп, есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін 288 қылмыстық іс тіркеген. Есірткі тарататын 1,5 мың сайт бұғатталды.

Сонымен қатар журналист Михаил Козачков өзінің телеграм арнасында Шымкенттің пабликтері арқылы есірткі қоюшыларды жинап жатқанын жазады.

Осы ретте интернет кеңістігінде есірткі қылмыстарын анықтаудың тиімділігін арттыру үшін Ішкі істер министрлігі «Kazdream Special Systems» ЖШС қазақстандық компаниясымен заманауи аппараттық-бағдарламалық кешендер мен ілеспе техникалық жабдық сатып алуға шарт жасасқан.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, аппараттық-бағдарламалық кешендер Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде бөлінген қаржы есебінен сатып алынған.

«Бағдарламалық кешендердің қуаты ақпараттың едәуір көлемін өңдеуге және есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар адамдар арасындағы тікелей және жасырын байланыстарды анықтауға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Бұған дейін АҚШ-тан пошта арқылы келген ірі көлемдегі есірткіні сатпақ болғандар сотталғаны хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз