Kaspi.kz Лондондағы IPO-сын неге кейінге шегерді?

Жарияланды
Банк басшылығы мен сарапшылар нарықта қолайлы жағдай қалыптасқанын күтіп отыр

АЛМЭКС тобы Халық банктің 10 пайыз акциясын қор нарығына сәтті орналастырғаны сол еді, Kaspi.kz өз IPO-ның датасы ауысқанын мәлімдеді. Ресми себеп – әлемдік акция нарығындағы турбуленттік.
 
«Халықаралық қаржы нарығы сәл тұрақтанғанша, Лондон биржасына шығуды кідірте тұруға шешім қабылдадық»,– деп мәлімдеді 7 қазанда Kaspi.kz басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе. Компания өкілдерінің айтуынша, қазіргі кезде халықаралық қор нарығы мен жаһандық технология секторы құбылып тұр. 

Компания IPO-ның биыл IV тоқсанда өтетіні туралы 16 қыркүйекте хабарлаған еді.  Осылайша, Kaspi.kz-тің жоспарлары бір айдың ішінде өзгеріп кеткен. 

Бүгінгі күні компания қызметін 5 миллионнан аса халық пайдаланады, жеке тұлға депозиттерінің көлемі – 1,3 трлн теңге (нарық бойынша жалпы сомасы – 8,6 трлн теңге) болса, NPL үлесі – 7%-дан сәл артық (басқа банктердегі орташа көрсеткіш – 9,5%).  Реттеушінің қырағы көзіне биыл тек үш рет түскен: екі рет айыппұл салынса, бір рет бақылаушы органнан ұсыным хат алған. Бір қарағанда банктің жағдайы жақсы. Осы орайда «Курсив» сарапшылардан банктің жоспары неге тез өзгергенін сұрастырып көрді. 

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы IPO үшін қолайлы сәтті таңдау өте  маңызды, ал бастапқы орналастыруды ауыстыру – қалыпты жайт екенін айтады. «Барлық әлемдік компаниялар нарықта барынша қолайлы жағдай қалыптасқанын күте отырып, IPO-ға шығу жоспарларын өзгертеді. Мысалы, Saudi Aramco IPO-ға шығу датасын бірнеше рет ауыстырды. Ал WeWork коворкинг желісі қыркүйекте IPO мерзімін кейінге қалдырды», – дейді ҚҚҚ баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде қаржы нарығында тұрлаусыз жағдай қалыптасып тұр, оның басты себебі – Америка, Еуропа, Қытай сынды елдердің экономмкасындағы біраз уақыттан бері жалғасып келе жатқан рецессия. 

«Қытай АҚШ-пен арадағы сауда-саттық соғысынан зардап шегіп отыр. Осы «соғыс барысында» ҚХР-дың ішкі жалпы өнімі 0,6 пайыз жоғалтып, 6,2 пайызға түсіп кетті. ФРЖ бағалауы бойынша, Вашингтон мен Пекиннің  текетіресі салдарынан Америка экономикасы кем дегенде $200 миллиард шығынға ұшырауы мүмкін», – деп түсіндірді ALPHALUX Consulting бас сарапшысы Сергей Полыгалов.

Ал әлемдік деңгейге  америка регуляторы 850 млрд доллардан  айырылады деген болжам бар. Осы дерекке сүйене отырып, әлемдік экономиканы рецессияның жаңа толқыны жайлайды деп пайымдауға болады. «Экономикалық өсімді қолдау мақсатында жетекші орталық банктер ақша-несие саясатын жұмсартады. Алайда әлемдік нарықтағы жағдай Вашингтон мен Пекин арасында бәрін тұтас қамтитын сауда келісімі жасалса ғана жақсаруы мүмкін», – деп пайымдайды Қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері. 

Еуропа Орталық банкінің қолға алған шараларына қарамастан,  Еуропа экономикасы 2008-2009 жылдардағы құлдыраудан әлі есін жия алмай жатқанын сарапшылар да мойындайды. Өте жұмсақ ақша-несие саясаты да, осы күнге дейін жалғасып келе жатқан қаржы нарығын ынталандыру бағдарламалары да жағымды нәтиже бермей тұр.
 
«Британ қор нарығында белгісіздік басым. LSE (FTSE 100) негізгі индексі наурыздың соңына дейін өсім динамикасын көрсетсе, наурыздан бері «дауылдың астында» қалып, кенеттен құлдырау мен өсім кезеңдері алмасып келеді. Бұл британ экономикасының болашағына қатысты нақтылық жоқ екенін байқатады»,– дейді Полыгалов. 

Сарапшы дәл осындай жағдайда жоғары технологиялық өнімді саудаға шығару – бейқамдықтың белгісі санайды. «Kaspi өкілдерінің әлемдік қаржы нарығының тұрақсыздығы жөніндегі пікірімен толық келісем. Бұндай жағдайда қандай да бір биржаға акция орналастырудың еш мәні жоқ, өйткені оның артына баға белгіленімі қатты төмендеп кетуі мүмкін»,– дейді ол.

Сарапшының пікірінше, әлемдік сауда алаңдарында барлық тәуекелді қаржы құралдарының құнына салып, тұрақтануын, кезекті өсім кезеңін тоса тұру керек. «Сонда акция орналастыру нәтижелі болмақ.  Kaspі өкілдері де дәл осылай пайымдап, IPO-ны сәтті өткізуге ыңғайлы уақытты күтіп отырған сыңайлы», – деп тұжырымдайды Полыгалов. 

Kaspi.kz-ті IPO-ға шығару туралы жоспарын Ломтадзе алғаш рет былтыр қараша айында жариялаған, сол кездің өзінде компанияның биржаға шығуға 10-12 ай бойы дайындалатыны белгілі еді. «IPO шығу мерзімінің нақты айтылмауы – қабылданған ережелерге байланысты. Биржа ережесіне сәйкес, кез келген компанияның бұл туралы түсініктеме беруге құқығы жоқ»,– деп түсіндірді Қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері.

Сондай-ақ оқыңыз