Қазақстандық банктер бизнес үшін өз дерекқорын ашуда

Жарияланды
OpenAPI қолма-қол емес төлем мен электронды сауда айналымын арттырады

Алдағы бірнеше жылда Қазақстанның ІТ нарығында ашық API трендке айналуы мүмкін. Айта кететіні, бұл бағыттағы прогресс тек жеке банктер деңгейінде ғана емес, мемлекет тарапынан да байқалады, ол бизнестің мемлекеттік деректерге қолжетімділігін қамтамасыз етудегі алғашқы қадамын жасады. Енді ашық платформаларды заңдық тұрғыда реттеуге қатысты келесі қадамды Ұлттық банк жасауы тиіс.

OpenAPI (Application Programming Interface – Қолданбалы бағдарламалау интерфейсі) – сервистермен жұмыс істеуге арналған әмбебап интерфейс. Былайша айтқанда, сервис иелері  үшінші тарапқа өз жүйелеріне басқарылатын доступ береді. Түрлі дерекқорға қосылу үшін бұндай өзара ықпалдастық жеке компаниялар арасында немесе мемлекеттік компаниялар және жеке бизнес арасында да жүруі мүмкін. 

Ұлттық банк OpenAPI-ді реттеу мәселелерін 2018 жылдың көктемінде талқылай бастаған. Қаржы саласына ашық платформаларды енгізу мәселесі өткен жазда реттеуші мен екінші деңгейлі банктердің жұмыс тобында да талқыланған. Айта кету керек, OpenAPI – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бір бөлігі, қазірдің өзінде Еgov порталының «Ашық деректер» бөлімінде ішінара жүзеге асырылып жатыр. «Цифрлық Қазақстанның» сайтында қаржы саласында ашық платформаларды құру мәселесін реттеу 2020 жылға жоспарланғаны жазылған. Бұл жобаның мақсаты – электронды сауда айналымын арттырып, қолма-қол емес төлем көлемін көбейту. 

Қазіргі жағдай қандай?

Бүгінгі күні бірнеше банк қолданыстағы заңнама аясында-ақ өз платформаларын ашқан, ал бірнешеуі бұндай қадамға дайын екенін де мәлімдеді. Бұл бағыттағы жұмыс «тыйым салынбаған, яғни рұқсат етілген» деген ұстаныммен жүріп жатыр. Айталық, Альфа-Банк қазірдің өзінде ашық API ұсынып отыр. 

«Бұл API «Жеке деректер» туралы заңға қайшы емес, қазірдің өзінде деректерді ашық ұсынып, серіктес тауып жатырмыз. Нақты айтсақ, оларды финтех-компаниялар пайдалануда. Ашық API платформасының жобасы бір жыл бұрын дүниеге келген. Қазіргі таңда API арқылы айына  12 миллион сұраным өтеді», – дейді «Альфа-Банк»  ақпараттық технологиялар бөлімінің атқарушы директоры Андрей Сабынин.

Банк әзірлеуші компаниялар үшін мемлекеттік деректер қорымен байланысы бар бірнеше сервисті ашқан. «Бұл әкімшілік айыппұлды іздеу  мен оларды төлеуге қатысты сервистер. Бізге көптеген финтех-компаниялар мен стартаптар қосылды. Бұлардан бөлек, Okauto.kz, Kolesa.kz сынды порталдар біздің серіктесіміз, олар автокөлік айыппұлы туралы АРІ арқылы біліп, біздің эквайрингті қолданады. Банк осы интернет-эквайринг қызметін ұсыну арқылы пайда тауып отыр: бізге әрбір интернет-транзакциядан аз-маз комиссия түседі. Осылайша «Жеке деректер туралы» заңды толық сақтай отырып, банкке нақты кіріс алып келетін сервистерді қолдануға болады. Ашық API  платформасы арқылы ақша табуға болатын жол осы, – дейді Сабынин.

Қазіргі кезде OpenAPI енгізу жөнінде қандайда-бір норматив жоқ. Дегенмен, нарық осы бағыттағы нормативтердің пайда болуын күтіп отыр, оған қоса, реттеуді Ұлттық банк өз мойнына алуы керек. 

«Еуропада «екінші төлем директивасы» бар, ол банктердің үшінші тұлғаларға жекелеген қызмет түрлерін көрсетуін міндеттейді. Клиент келісімін берген жағдайда, бұл сервис үшінші жаққа оның есепшотының жай-күйі, төлем операциялары туралы ақпарат бере алады»,– дейді Сабынин. 

Спикердің айтуынша, OpenAPI мобильді банк форматындағы әмбебап қосымша жасауға мүмкіндік тудырады. Бұндай қосымшалар банк агрегатына айналып, клиент ол арқылы әртүрлі банктегі өз қаржысын басқарып, түрлі операцияларды бір қосымша арқылы жүзеге асыра алады. «Осылайша сіз қызметін пайдаланатын әр банктің қосымшасын жеке-жеке жүктеудің қажеті болмай қалады, алайда қазіргі заңнама бұндай жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермей тұр», – деп атап өтті Андрей Сабынин.
          
SAS Қазақстан компаниясының бас директоры Андрей Суставовтың айтуынша, клиент бір қосымша арқылы түрлі банктердегі есепшоттарды басқарып қана қоймай, несие алып, өзінің төлем қабілетін да растай алады. «Өзге ақпараттық жүйе мен ұйымдардың келуі – банктің қаржылық өнімдері мен қызметін тарату каналдарын кеңейтеді. Сондай-ақ банктер осы жүйе мен ұйымдардың сервистеріне қол жеткізеді, бұл өз кезегінде банкке жаңа қызмет түрін ұсынуға мүмкіндік тудырады. Бұл ретте бәсеке де артады, әрбір банк өз клиентін ұстап қалуға ұмтылады, дегенмен, ол нарықты дамытады, –  деп атап өтті Суставов.                 
   
Бұндай шешімдер клиент үшін өте ыңғайлы болса, ал банктер арасындағы бәсекелестік арта түседі деп пайымдайды сарапшы. ЕДБ-ге нақты клиенттерін анықтап, оны өзгерелерден бөліп алу керек. Ал банкаралық аударым үшін алатын комиссия да төмендейді, дегенмен табыс табуға мүмкіндік беретін жаңа бизнес-модель мен жаңа сервистер пайда болады.
 
Smart Pay бас директоры Олжас Құндақбаев қазірдің өзінде салық органдары мен Әділет министрлігінің дереккөзіне қосылған жеке сервистер бар екенін айтады. Мәселен, Kompra.kz жобасы контрагенттердің бар-жоқтығын тексерсе, ал «Подпиши.Онлайн»  сервисі еңбек шарттарына қол қоюды автоматтандырады. easypay.kz ресурсы жеке кәсіпкердің  салық пен әлеуметтік аударымдарын төлеуіне мүмкіндік береді. «Оны ақшаға айналдыру жолын бизнес өзі таңдайды. Бұл не жазылым, не онлайн-тапсырыс арқылы төлем жасау болуы мүмкін» дейді Құндақбаев.

OpenAPI-ді реттеуде көп мәселе жеке деректер мен мемлекеттік құпиямен байланысты, қазір оның қайсысын жарялауға болатыны, қайсысын құпия ұстай тұру қажеттігі шешіліп жатқанын айтты. «Бұл тақырып «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан соң, өзекті болып тұр. Сервис жасау үшін нарыққа деректер керек, ал ашық кеңістікте қажетті деректер тапшы, бұл істің алға жылжуына сол кедергі болып тұр» – дейді Құндақбаев. 

Оның қолындағы ақпаратына сүйенсек, Қазақстанның аталмыш саласындағы компаниялары деректерге қол жеткізе алатын бірегей орпетор – шлюз құруды жоспарланған. Бұл тұрғыда заңдық шешім қабылданбағанымен, ол төлем нарығына үлкен серпіліс берер еді. Ол өз кезегінде айналымдағы қаржының көлеңкеден шығуына ықпал етпек. 

Бұл ретте екінші деңгейлі банктер қандай деректерді жариялай алатынын Ұлттық банк шешеді. Сол кезде қолма-қол емес төлемді дамытуға көмектесетін тағы да 10-15 стартап пайда болады. 

Айта кетейік, мемлекеттік органдар  да анда-санда өз деректерін ашады. Бірақ Олжас Құндақбаевтың айтуынша, оған қол жеткізу үшін уақытың мен қаржыны шығындап, бюрократияның сан сатысынан өтуің керек. Осы себепті жеке компаниялар мемлекеттік органдардың дерекқорымен жұмыс істеуден бас тартады.

Сондай-ақ оқыңыз