Туризмді дамыту үшін Қазақстанға өз «Диснейленді» қажет

Ара-тұра отандық БАҚ-та мақала жазуға бастау болатын себептер бой көрсетіп қалады, бірақ жарияланғаннан кейін олар қисынды жалғасын таппай жатады. Соның салдарынан, қызықты жаңалық ұмытылып, ақпараттар легінде көрінбей қалады. Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында «Диснейленд» аналогын салу жоспары да осындай жағдайға тап болды. 
Бизнесті дамыту жөніндегі сарапшы

Ара-тұра отандық БАҚ-та мақала жазуға бастау болатын себептер бой көрсетіп қалады, бірақ жарияланғаннан кейін олар қисынды жалғасын таппай жатады. Соның салдарынан, қызықты жаңалық ұмытылып, ақпараттар легінде көрінбей қалады. Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында «Диснейленд» аналогын салу жоспары да осындай жағдайға тап болды. 

Оңтүстіктегі шырайлы шаһарда ірі аквапарк және ойын-сауық паркін салу идеясы осы жылғы шілдеде айтылған болатын. Непалдық қалталы бизнесмен аталмыш жобаға қомақты қаржы құю туралы байламға келген болатын. Алайда мымкенттік «Диснейлендтің» болашағы да бұлыңғырланып, әттеген-ай,  дегізіп отыр. Елордадағы жағдай одан да сорақы – шешім бар, бірақ инвестор жоқ. 

Мен Қазақстандағы көңіл көтеретін ойын-сауыққа арналған ірі парктер салу қажеттігі туралы неге сөз қозғап отырмын? Еліміздегі демографиялық жағдай көңіл қуантады. Республикадағы халық саны өсіп, жасарып келеді. Тек үстіміздегі жылда ғана Қазақстанда 400 мыңға жуық сцәби дүниеге келді, ал еліміздегі халықтың жалпы саны 19 миллионға жақындап қалды. Балаларға арналған тауарлар мен қызметтер нарығы тоқтаусыз кеңейіп, өсіп жатыр. Бұл еліміздегі бизнесті дамытуға арналған ұлан-ғайыр кеңістік. Қазіргі таңда осы саладағы мемлекеттік және жекеменшік әріптестікті жандандырған жөн. Міне, осы механизм болашақта шетелдік инвесторларды тартпай-ақ, еліміздегі қаржымен талай дүниелерді еңсеруге мүмкіндік береді. 

Менің ойымша, Қазақстанда өз күшімізбен-ақ «Диснейлендтен» еш жері кем емес, бәсекеге қабілетті дүние салуға болады. Қалалық парктердегі қауіпі жоқ емес батуттар мен аттракциондарды балалардың көңілін көтеруі мен ойын-сауығына  арналған заманауи кешендер алмастырады. Нәтиженсінде, жаңа жұмыс орындары, кәсіпкерлерге арналған сауда алаңдары пайда болады. Осы саладағы бизнес жанданып, қомақты табыс әкеле бастайды. Салыстырып көріңіз, шетелдердегі ойын-сауық парктерінің қандай табыс әкелетінін. 

Piper Jaffray инвестициялық банкінің болжамдары бойынша, 2020 жылға қарай, «Disney» компаниясы барлық парктері кірісінің жиынтығы 64%-ға артып, $5,4 млрд-тан асатын болады. Ал бізде қандай перспектива бар? Осы орайда, бұл жерде біздің еліміз де құр алақан емес деп, ауыз толтырып айта аламыз. 

Біріншіден, еліміздің  аумағы «тоғыз жолдың торабында» жатыр, ал ол аз болса, ұлттық ерекешіліктеріміз бен бай тарихымыз бізге түрлі эксперименттер жасап, қиялды қанаттандыруға мүмкіндік береді. Қазақ даласының ерекшеліктері ескерілген тақырыптық немесе нетелдік нұсқалардың негізінде парк салу – біздің теңдесі жоқ мүмкіншіліктеріміз. 

Аттракциондар парктерін жасау тек ішкі туризмді дамытып қана қоймайды, сонымен қатар, ол шетелдік қонақтарды да тартады. Жанымыздағы бәсекелесіміз – өзбекстандық Ташкентленд жыл сайын мыңдаған қонақтарды қапбылдайды. ТМД елдеріндегі осындай ойын-сауық парктері саусақпен санарлықтай ғана. Ойын-сауықтың отандық парктерін салу – балалардың көңілін көтеру саласында көшбасшы болудың тамаша мүмкіндігі, ал оған отандастарымызды ғана емес, сондай-ақ шетелдік қонақтарды қабылдаудағы дәстүрлі қонақжайлылығымызды қоссақ, оның еселене түсетіні күмән тудырмасы хақ.