Отандық БАҚ жарыса жазған еліміздегі резонанс тудырған қылмыстар «Курсив» редакциясын да бей-жай қалдырмады. Осыған орай шынайы оқиғаға негізделген жантүршігерлік 5 фильмге рецензия дайындадық. Бұл шолуда Асқар Ұзабаевтың «Бақыт», Әділхан Ержанның «Ұлболсын», Рашид Сүлейменовтың «Періштелер жылағанда» фильмдері мен Қанат Бейсекеевтің «Әйел», Ринат Балғабаевтың «Қаш» деректі фильмдерін қарастырамыз.
Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» фильмі – абьюз бен Қазақстан қоғамындағы шегі көрінбейтін зорлық-зомбылық құрбандары туралы картина.
Аталған фильм премьерасы 2022 жылы Берлин кинофестивалінде көрермен жұмыстары ұсынылатын «Панорама» бағдарламасы аясында көрсетілді. Қазақстандағы қылмыс туралы шынайы оқиға (фильмнің соңында сондай ақпарат берілген) желісімен түсірілген «Бақыт» драмасы халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Биыл отандық прокатқа шығып, қазақ киносы тарихындағы...