Зейнетақы активтерін басқаруда бәсекелес орта қалыптасып келеді

Жарияланды
«БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов «Курсивке» сұхбат берді

Биыл қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу, сондай-ақ инвестициялық басқарушы компанияларға аудару құқығына ие болды. Бұл ретте БЖЗҚ бұрынғыдай жарна көлемі, қаржы құралдары, нақты инвестициялық табыс есебін ұсынып отыр.

«БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов қор активтерін инвестициялық компания басқаруына беру қалай жүріп жатыр, жеке деректерді қорғау деңгейі  қандай және жыл басынан бері қазақстандықтар қандай инвестициялық табыс тапқаны жайлы айтып берді.

– Биыл қор жұмысы қалай өзгерді?

– Зейнетақы қорына жаңа міндеттер артылды, біз оған дайын болдық. БЖЗҚ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын дайындауға қатысты. Нормативтік-құқықтық, техникалық, ұйымдастыру мәселелері уақтылы шешілді. Ақпараттық жүйе мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдармен ықпалдастырылды, қаржы нарығы өкілдерімен (уәкілетті банк, банк-костидиан, басқарушы компаниялар) тығыз байланыс орнатылды. Қойылған міндеттерді жоғары, кәсіби деңгейде атқару үшін арнайы бағдарламалық жүйе орнатып, қажетті техника, құрал-жабдықтар алып, мамандардың біліктілігін арттырып, оқыттық. 

2020 жылдың басында салымшылардың жинақ құрылымы талданды (БЖЗҚ-дағы жеке шоттардың жалпы саны 10,6 миллионнан асты), актуарлық модельдер тексеріліп, ұзақ мерзімді есеп жүргізілді. БЖЗҚ деректерін, сондай-ақ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ деректерін талдау негізінде қордан ақша алынуы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қалай әсер ететіні сараланып, Үкіметтің жұмыс тобына, мемлекеттік органдарға зейнетақы жинақтарын есептеу және орташа айлық табысты жиынтық зейнетақымен ауыстыру коэффициенттеріне қатысты ұсыныстар әзірленді.

БЖЗҚ биыл жыл басында  ЖЗШ-дан алынатын үзінді көшірме үлгісін жасап, оны БЖЗҚ мен электронды үкімет интернет-ресурстарынан (мобайл қосымша мен салымшының жеке кабинетінде) алуды оңтайлы, ыңғайлы етті. 

Салымшыға өз жинағын қашан және қалай пайдалануға болатынын түсіну, қолжетімді соманы білу, бұның бәрі қалай жүзеге асатынын  ұғыну маңызды. Жеке үзінді көшірмеде жинақтың барлық сомасы, сондай-ақ басқарушы компанияға басқаруға беруге  болатын сома туралы толық ақпарат ұсынылған. 2021 жылдың басынан бері (01.01.2021-01.05.2021) БЖЗҚ өз салымшыларына 15 млн қызмет көрсетті. Бұл  былтырғы  осы кезеңмен салыстырғанда 39 пайызға артық.

Бұқаралық ақпарат құралдары, өзге да коммуникация арналары арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл артық жинақты алу мүмкіндігі шындыққа айналып, салымшылардың өз жинағына қызығушылығы еселеп өскен кезде, БЖЗҚ баспасөз орталығы күн сайын  ақпарат құралдарынан келіп түскен 10-15 сауалхат пен әлеуметтік желілерде жазылған көптеген өтінішке жауап дайындап, басшылар сұхбат беріп, арнайы брифингтер ұйымдастырылды. 

2021 жылдың төрт айында салымшылардан кері байланыс арналары арқылы келген сауал-өтініштердің саны 2020 жылмен салыстырғанда екі есе өсті. 2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, 714 мыңға жуық өтініш келіп түскен. (салыстыру үшін  айтсақ, 2020 жылғы 1 мамырда  440,8 мың өтініш түскен). Әр салымшы БЖЗҚ-ға келгенде білікті қызмет пен қажетті ақпарат алуы үшін, жыл басынан бері қордың орталық аппараты мен 19 филиалы қызметкерлерін зейнетақы жинақтарын алу және аудару мәселелері бойынша қосымша оқытып, біліктілігін арттырдық. 

Зейнетақы жинағын өзге де мақсаттарға пайдалануға қатысты барлық операциялар цифрлық форматқа көшіріліп, онлайн жүзеге асырылды. Салымшыларға ыңғайлы болу үшін БЖЗҚ веб-сайтында зейнетақы жинағының жеткілікті шегін  тексеру, зейнетақы шотындағы қаржыны басқарушы компанияға аударуға өтініш беру және өтініштің күшін жою сияқты қызметтер енгізілген. БЖЗҚ көрсететін қызметтердің  92%-дан астамы цифрлық форматта жүзеге асады.

Бұл ретте азаматтардың өтініш беру және жинақты өзге де мақсатта  (тұрғын үйге, емделуге) пайдалану шарттарына қатысты барлық мәселелерді оператор банктер «бір терезе» қағидаты бойынша қарастырады және БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді.

Осылайша, БЖЗҚ барлық жарна, қаржы құралдары, инвестициялық табыстың дұрыс есептелуі, салымшыларға өз жинағы туралы 24/7 режимінде (пайдалануға қолжетімді сомаларды қоса алғанда) толық ақпарат беру, зейнетақы қызметтерін көрсету, төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру, мемлекеттік органдармен және қаржы нарығымен тығыз байланыс орнату сынды өз міндеттерін толық атқарып отыр. 

–Сарапшылар егер қордағы зейнетақы жинағын алуға рұқсат берілсе, бұл белгілі бір дәрежеде зейнетақы қоры активтерінің табыстылығына әсер етуі мүмкін деп болжам жасады. Осы ретте салымшылардың артық жинағын алуы қор жұмысына кері әсер етпес үшін, қандай шаралар қолға алынды? 

–Барлық кіріс және шығыс ағынын ескере отырып, салымшылардың өз жинақтарын мерзімінен бұрын алуы зейнетақы активтерінің азаюына айтарлықтай әсер еткен жоқ деп айта аламыз.

2021 жыл бес айының қорытындысы бойынша, келіп түсетін жарналар мен инвестициялық табысты ескере отырып, зейнетақы активтерінің портфелі 12,9 трлн теңгеден 12,7 трлн теңгеге дейін (1,4%) төмендеді. 2021 жылғы 31 мамырдағы жағдай бойынша,  жинақтарды мерзімінен бұрын алуға қатысты түскен 308,5 мың өтініш бойынша 1,4 трлн теңге аударылды. Бұл ретте ай сайын алынған қаржы көлемінің төмендегені байқалады (қордан ақпан айында  643,4 млрд теңге  алынса, наурызда – 302,1 млрд теңге, сәуірде – 283,0 млрд теңге, мамырда – 179,0 млрд теңге).

Жалпы алғанда, зейнетақы қорынан қаржы алу қор портфелінің сапасына әсер еткен жоқ. Ұлттық Банк (сенімгерлік басқарушы ретінде) түсетін  зейнетақы жарнасы мен портфелді, сондай-ақ өтімді активтерді басқару есебінен өтімділікті қамтамасыз етіп отырды. 

Ұлттық Банк сонымен қатар табыстылығы жоғары, тиімді активтерге инвестиция салу үшін валюталық портфелді дамытуды жалғастырып жатыр. Қазіргі кезде зейнетақы активтерінің 32 пайызын немесе 9,5 млн АҚШ долларын валюталық активтер құрайды. 

Тұтастай алғанда, портфелді қаржы құралдары бойынша әртараптандыру сақталып, ол инфляциядан жоғары табыс қамтамасыз етіп тұр. 2020 жылы  оның табыстылығы 10,98%-ды құрады, ал жылдық инфляция 7,5% деңгейінде қалыптасты. Соңғы 12 айда табыстылық –  9,8%, осы кезеңдегі инфляция 7,0%-ды құрады. 2021 жылғы 1 қаңтардан 1 мамырға дейін БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 475,8 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық табыс түсті. 

Егер Қазақстанның зейнетақы жүйесі негізі қаланғаннан бергі кезеңді алсақ, (1998-2021 жыл, мамыр) таза инвестициялық табыс 6 трлн теңгеден асты (бұл  шамамен зейнетақы жинақтарының 46 пайызы). 

Осы уақыт ішінде жинақталған инвестициялық рентабельділік  621,9% құрады, ал инфляция  519,4% болды. Нәтижесінде жинақ зейнетақы жүйесінің бүкіл кезеңінде зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы 102,5% -ды (инфляциядан жоғары) құрады. 

–Енді БЖЗҚ-ға жеке басқарушы компаниялар бәсекелес болмақ. Осы ретте БЖЗҚ үшін басқарушы компаниялардан жоғары табыс қамтамасыз ету қаншалықты маңызды? 

–Бүкіл зейнетақы жинағы  –  кім сенімгерлік басқаруға алғанына  қарамастан, Ұлттық банк болсын, жеке басқарушы компаниялар болсын –  БЖЗҚ-да жатады. БЖЗҚ басқарушы компанияларды бәсекелес санамайды,тек азаматтардың зейнетақы жинағы тиімді инвестицияланып, жақсы табыс әкелуіне мүдделі. 

БЖЗҚ-ның сенімгер басқарушысы ретінде Ұлттық банк жүргізетін үйлесімді инвестициялық саясат бірнеше жылдан бері тұрақты табыс көрсеткішін қамтамасыз етіп келеді. Зейнетақы активтерінің басым бөлігін Ұлттық банк басқарады. Сондықтан Ұлттық банк пен басқарушы инвестициялық компаниялар қызметін салыстырып, олардың арасында бәсеке туындайды деп айтуға әлі ерте болар. Өйткені екі жақтың портфель көлемі де, құрылымы да, инвестициялау кезеңі де, әртараптандыру деңгейі де, дюрациясы да мүлдем салыстыруға келмейді. 

Осы ретте зейнетақы активтерін басқаруда салымшылардың мүддесін ескеретін, өзі күтетін табыс пен тәуекелге сай келер түрлі инвестициялық құрал мен стратегияны таңдатқызатын бәсекелес орта қалыптасып келе жатқанын атап өткен жөн. Ел азаматтары басқарушы компаниялар туралы, олардың актив басқару тәжірибесі жайлы, қазіргі портфелі мен табыстылығы туралы жан-жақты ақпарат жинап, зерттеп-зерделей бастайды.

Жеке басқарушы компаниялардың инвестициялық декларациясы мен комиссиялық сыйақысы туралы мәліметтерді қамтыған негізгі ақпарат enpf.kz сайтында жарияланған. БЖЗҚ (бірыңғай есепке алу орталығы ретінде) әрбір салымшыға жеке зейнетақы шотының үзінді көшірмесінде оның активтерін басқару қорытындысы туралы ақпаратты 24/7 режимінде ұсынады.

–БЖЗҚ комиссия көлемін одан әрі қысқартуды көздеп отырма?

–БЖЗҚ құрылғалы бері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен бірлесіп, комиссия санын қысқарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 

2013 жылы заң негізінде комиссиялық сыйақы лимиті екі есе  қысқартылды. 2013-2021 жыл аралығында БЖЗҚ-ның жалпы шығынын қысқарту (соның ішінде бизнес-процестерді оңтайландыру, оларды автоматтандыру, зейнетақы қызметтерін цифрландыру) бойынша қабылданған шаралардың арқасында БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің комиссиясы айына  025% -дан 0,01%-ға дейін, тағы да 2,5 есе азайды. Бұл мәселе  2021 жылдың 1 қаңтарынан бері зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда қарастырылған.

Сондай-ақ, 2021 жыл басынан БЖЗҚ-ға инвестициялық кірістен комиссия алуға тыйым салынды, оны тек Ұлттық банк пен басқарушы инвестициялық компания ала алады. 

ҚРҰБ-ның инвестициялық кірістен алатын комиссиялық сыйақысы 2014 жылдан бастап 3,75 есе, яғни 7,5% -дан 2%-ға дейін төмендеді. Ал басқарушы компаниялар инвестициялық кіріс комиссиясын өздері белгілейді, дегенмен, заңға сәйкес, ол 7,5 пайыздан аспауы тиіс. 

Жинақтаушы зейнетақы жүйесін қолданатын мемлекеттердің халықаралық тәжірибесін талдау комиссия сыйақысы осы елдердің арасында Қазақстанда ең төмен екенін байқатты. 

–Кейінгі бес жылда БЖЗҚ-ның әкімшілік шығындары қалай өзгерді? Қор алдында өз шығындарын оңтайландыру міндеті тұр ма, осы мәселе қолға алынса, шешімін қалай тауып жатыр?

–    Кейінгі 5 жылда БЖЗҚ-ның жалпы әкімшілік шығындары өскен жоқ, тіпті үнемі азайып келеді. 

2016 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде шығын шамамен 1,3 млрд теңгеге (12,9-дан 11,6 млрд теңгеге немесе 10%-ға) қысқартылды, соның ішінде еңбекақы төлеу қоры шығыны 14 пайызға қысқарды. Алайда бұл БЖЗҚ дамуына, қызмет көрсету сапасы мен зейнетақы қызмет қолжетімділігіне кері әсерін тигізіп, нұқсан келтірген жоқ.  Бұл ретте БЖЗҚ шешетін міндет пен көрсететін қызметі артқанын айта кеткен жөн. 

Шығынды қысқарту бизнес-процестерді оңтайландыру, сервистерді цифрландыру, көрсетілетін қызметтердің басым бөлігін онлайн-форматқа көшіру есебінен жүргізіледі.

2021 жылы салымшыларға жеткілікті шектен асатын сома туралы ақпарат беру,  жинақты басқарушы компанияға аудару, ерікті зейнетақы жарнасына автоматты режимде шот ашу (алғашқы жарна түскенде), ЕЗЖ есебінен  төлем алуға электронды өтініш беру сынды онлайн қызметтер енгізілді.  Бұл қызметтердің бір бөлігін Қазпошта арқылы да (трансфер-агент ретінде)  алуға болады. 

Цифрлық қызметтерді дамыту, оны қашықтан отырып-ақ алу мүмкіндігін дамыту мен БЖЗҚ бизнес-процестерін оңтайландыру жұмыстарының бәрі салымшылардың мүддесіне сай жалғасын табады.

–БЖЗҚ-мен байланысын үзген салымшылардың ақшасына қатысты мәселе қалай шешіледі? Егер бұл ақшаның иесі табылмаса, оны не істейсіздер?

–Әртүрлі себеппен қормен  байланысын үзген барлық салымшылармен (алушылармен)  байланысу үшін БЖЗҚ ақпараттық-түсіндіру жұмысы мен бірқатар жүйелі іс-шараларды атқарып келеді.

Зейнет жасына жеткен, зейнетақы жинақтары бар және оларды алуға өтініш білдірмеген тұлғалар бойынша БЖЗҚ 2021 жылдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесе, олардың  мемлекеттік бюджеттен тағайындалған зейнетақы (базалық және ортақ зейнетақы) алып-алмайтынын, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алуға проактивті қызмет көрсету үшін телефон нөмірлері («Электрондық үкімет» веб-порталындаға мобильді азаматтар (МАБ) базасында тіркелген)  бар-жоғын салыстып, тексеруді қолға алды.  Биыл салыстыра отырып, зейнетақы жасына жеткен, базада тіркелген және мемлекеттік бюджеттен зейнетақы алатын 46 696 тұлғаға Азаматтарға арналған үкімет зейнетақы қорындағы жинағын проактивті төлеу тағайындалғаны туралы хабарлама жіберді.

БЖЗҚ сонымен қатар салымшылардың (алушылардың) дерегін БЖЗҚ мен мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтермен салыстыра отырып,  белсенді емес (бір жыл және одан да көп уақыт жарна аударылмайтын) шот иелерімен тұрақты жұмыс жүргізеді. БЖЗҚ қызметкерлері салымшылармен байланысып, зейнетақы шотына неге жарна түспей жүргенін анықтап жатыр. Пандемияға дейін салымшылармен жеке кездессек, қазір қашықтан байланыс орнатылады. 

Зейнетақы шотына уақытылы жарна аударылмауына  салымшының  жұмыстан айырылуы, оқуға кетуі, бала күтімі бойынша демалысқа шығуы, кейде қызметкерлердің зейнетақы жарналарын уақтылы аудармайтын жұмыс беруші себеп болуы мүмкін. Егер салымшы төлем алуға өтініш бермей, шетелге көшіп кетсе немесе қайтыс болса, онда салымшы мен оның мұрагеріне зейнетақы жинағына қатысты құқығы, төлем жасау  мен мұраға алу тетігі түсіндіріледі. 2021 жылдың төрт айында 174 мың салымшымен байланыс орнатылып, соның ішінде 25,6 мың шотқа жалпы сомасы  756 295   мың теңгені құрайтын 100 мың жарна түсті. 

Белсенді шоттардың саны жылдан жылға артып келеді. Егер 2018 жылы олардың саны 6,4 млн болса, 2019 жылы  – 6,6 млн, 2020 жылы  міндетті зейнетақы жарнасы түсуі тиіс 10 млн ЖЗШ-ның 8,8 миллионына жарна тұрақты түрде аударылып тұрды.  Қызметкерлер есебіне аударылатын жананың орташа жиілігі – 8 жыл. 

Заңнама бойынша, зейнетақы жинақтары ЖЗШ-да (инвестициялық табысты тұрақты түрде есептей отырып) алушы немесе оның мұрагері талап еткенге дейін мерзімсіз есепке алынады.

– Елімізде зейнетақы аннуитеті қалай дамып жатыр? БЖЗҚ салымшылары мысалында бұл өнім танымалдығы қаншалықты артып келе жатқанын айтып өтсеңіз?

– 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы негізінде, зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша мынадай нормалар енгізілді.

Аннуитет шарты бойынша ең төменгі ай сайынғы төлем мөлшері ең төменгі бір айлық зейнетақы көлемінен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін төмендетілді. Бұл өзгеріс зейнетақы жинағының аннуитет сатып алуға қажетті жеткілікті шек сомасын төмендетіп, аннуитеттің қолжетімділігін арттырды. Мәселен, былтырға дейін 55 жастағы ерлер  аннуитет сатып алу үшін зейнетақы  шотында 11,3 млн теңге, ал 51,5 жастағы әйелдердің жинағында 15,5 млн теңге жатуы тиіс еді. 2021 жылдан бастап  55 жастағы азаматтар зейнетақы жинағы 6,7 млн теңгеге жетсе,  ал 52 жастағы әйелдер  шотында  9 млн теңге болса, аннуитет сатып ала алады. 

Сақтандыру төлемдерін кейінге қалдыра отырып (кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті) зейнетақы аннуитеті шартын жасасу мүмкіндігі іске қосылды. 2020 жылға дейін ерлер мен әйелдер аннуитет шартын 55 және 51,5 жаста ғана жасай алатын. 2021 жылдан бастап ерлер мен әйелдер 45 жастан бастап аннуитет сатып алуға құқылы, ал аннуитеттік төлемдер ерлерге – 55 жастан, әйелдерге – 52 жастан төленеді (жыл сайын жарты жыл қосылып, 2027 жылға дейін 55 жасқа жеткізу көзделген).

Егер салымшы шотына  кемінде 60 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы (МКЗЖ) аударылса, онда ол 40 жастан аннуитет шартын жасасуға құқылы және ал төлемді 50 жасқа келгенде ала алады. 

Кейінге қалдырылған аннуитет енгізу бұл құралдың қолжетімділігін арттырды. 45 жаста кейінге қалдырылған аннуитет сатып алу үшін (55 жастан төленетін) ер адамның жинақ сомасы –  кемінде 6,1 млн теңге, ал әйел адамдікі 7,7 млн теңге болуы тиіс. 

Зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін жаңғырту тұжырымдамасында бірлескен аннуитет енгізу көзделген.  Бұл біршама аз зейнетақы алатын әйелдердің гендерлік проблемасын ішінара шешуге ықпал етіп,  туыстық қатынастағы салымшылардың  (ерлі-зайыпты немесе жақын туыстардың) бірлескен аннуитет сатып алу үшін өз жинақтарын біріктіруі есебінен зейнетақы аннуитеті құны төмендеуі мүмкін. Төлем екі адамға төленеді, біреуі қайтыс болса, екіншісіне төлене береді. 

2020 жылы 4 273 зейнетақы аннуитеті шарты жасалған (2019 жылы 4 610 шарт), 2017 жылмен  салыстырғанд зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аудару  көрсеткіші екі есе өсті. 

Кейінгі кездері қабылданған заңнамалық өзгерістер зейнетақы аннуитеттерінің қолжетімділігі мен оған деген қызығушылықты арттырып,  азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру тәсілдері мен құралдарын көбейтті. 

–Қазіргі заңнамаға сәйкес, салымшылар зейнетақы шотына жалақысының 10 пайызын аударады. Шетелде бұл көрсеткіш біршама жоғары, неге? 

– ЭЫДҰ елдерінде зейнетақы жарнасының мөлшері орта есеппен 18%-ы, 2020 жылы MCGPI (Mercer CFA Institute Global Pension Index) индексіне кірген, озық зейнетақы жүйесіне ие елдерде орташа мөлшерлеме шамамен 17%-ды құрайды. ЭЫДҰ есептеуі бойынша,  зейнетақы жарнасының ең төменгі мөлшерлемесі кемінде 13% болуы тиіс. 

Зейнет жасына жеткен азаматтарды  жеткілікті зейнетақымен  (кемінде еңбек табысының 40 пайызы)  қамтамасыз ету үшін, аударылған жарна деңгейі жеткілікті болуы шарт. ЭЫДҰ елдерінің жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жарна мөлшерлемесі жоғары, өйткені олар азаматтар мен жұмыс берушілердің өз қызметкерлері үшін төлейтін  жарнасын қамтиды. 

Қазақстанда зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін жаңғырту тұжырымдамасында жұмыс берушілерді өз қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне қатысуға біртіндеп тарту қарастырылған. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы кезең-кезеңімен енгізілмек.  

Жұмыс берушілер 2023-2024 жылдары – 1%, 2025-2026 жылдары – 2%, 2027 жылы – 2,5%, 2028 жылы – 4%, 2029 жылы 5% мөлшерде жарна аударады деп жоспарланып отыр.  Бұл өз кезегінде жиынтық зейнетақының халықаралық стандарттарға сай деңгейде еңбек табысын алмастыруына мүмкіндік береді. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізілген кезде, азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету жауапкершілігі мемлекет, қызметкер және жұмыс беруші арасында теңдей бөлінетін болады. 

–Қазақстандықтар БЖЗҚ қосымшасын қаншалықты жиі пайдаланып, зейнетақы жинақтарына қатысты мәселелерін онлайн шешеді? Бұл үрдіс БЖЗҚ қызметіне қалай әсер етіп жатыр (Қор биыл бөлімшелер санын қысқарта ма)?

– БЖЗҚ-ның цифрлы форматта көрсететін қызметтері жыл санап артып келеді. 2021 жылдың 4 айында көрсетілген 15 млн қызметтің 90%-дан астамы қашықтан алынған. 

БЖЗҚ ұялы қосымшасы шамамен 2,2 млн рет жүктелген, пайдаланушылар белсенді. 

Салымшылар өз зейнетақы жинақтарын мобильді қосымша мен  www.enpf.kz сайтында 24/7 режимінде, кез келген уақытта, ЭЦҚ немесе ЖСН,  пароль арқылы тексере алады. Сондай-ақ олар өз деректерін толықтыру,  ақпарат алу тәсілін таңдап, ЕЗЖ және І және ІІ топ мүгедектігі мерзімсіз белгіленуіне байланысты төлем алуға өтініш беріп, аударым мен төлем (оның ішінде тұрғын үй мен  ем-домға) мәртебесін бақылай алады, зейнетақы калькуляторымен болашақ зейнетақысын есептеп, өзге де қызметтерді ала алады.

БЖЗҚ ақпараттық жүйелері қарқынды дамып, олардың үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіліп, қызметкерлердің еңбек өнімділігі артып келеді. 

Атқарылған операциялар саны мен бизнес-процестерді автоматтандыру деңгейіне үнемі талдау жүргізіліп, қажет болған жағдайда оларды оңтайландыру шешімі қабылданады. Тұтастай алғанда, операцияларды автоматтандыру және электрондық қызметтерді дамыту есебінен  қызметкерлер саны үштен бірге (32%-ға) қысқарды. 2021 жыл басынан  бері миллионға жуық салымшы  БЖЗҚ-ның өңірлік бөлімшелеріндегі мамандарымыздан  тікелей білікті кеңес пен қызмет алуды жөн көрген. 

–БЖЗҚ клиенттерінің жеке деректері қаншалықты қорғалған?

–Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін стандартты шаралардан бөлек, (вирусқа қарсы қорғау, желіаралық экрандар, ат-жүйелер осалдығын жоятын технологиялар және т.б.) қосымша кешенді қорғау жүйелері пайдаланылады. Мемлекеттік стандартқа сәйкес, мәліметтер базасын криптографиялық қорғау енгізілді. Салымшылардың барлық дербес деректерінің құпиялылығын қамтамасыз ете отырып, шифрлы түрде сақталады.
Қорда ақпараттық қауіпсіздік, салымшылардың дербес деректерін қорғау және зейнетақы жинақтары құпиялылығын сақтау мәселесіне көп көңіл бөлінеді.

Басқа ұйымдармен интеграциялау барысында түпнұсқаны растау (аутентификация), деректердің тұтастығын тексеру және шифрлауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қорғаныс деңгейі жоғары байланыс арналары қосылған.

Ақпараттық қауіпсіздік аудиті жүргізіліп,  жыл сайын ISO/IEC 27001 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігі расталады. ҚР «Ақпараттандыру туралы» Заңына сәйкес, ақпараттық қауіпсіздік стандарттарымен қоса, нормативтік талаптарға сәйкестігін тексеріп отырамыз. 
 

Сондай-ақ оқыңыз