Ерікті зейнетақы төлемі дегеніміз не? Оны қалай алуға болады?

Жарияланды
Қорда қанша ерікті зейнетақы жинағы бар?

Ерікті зейнетақы төлемі – аты айтып тұрғандай салымшылардың өз бастамасы бойынша қорға салып тұратын қаражаты. Ондай ақшаны жеке тұлға өз пайдасы үшін, сондай-ақ жеке тұлға мен заңды тұлға үшінші бір тұлға үшін салып тұра алады. Бұл ретте төлемнің мөлшері мен уақыт аралығын жеке немесе заңды тұлғаның өзі белгілейді. 

Жеке тұлға өз кірісінен өзінің пайдасына ерікті зейнетақы жарнасы (ЕЗЖ) аударған кезде төлем сомасына байланысты салық шегерімдері қарастырылған. Бұдан бөлек, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық агентінің (жұмыс берушінің) жеке қаражаты есебінен жұмыскердің пайдасына төлеген ЕЗЖ-сы корпоративті табыс салығын төлеу кезінде шегерілімге жатады. Сол уақытта жұмыс берушінің жұмыскердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомалары жұмыскердің кірісіне салық салу кезінде есепке алынбайды.

«Осылайша, жұмыс беруші өз жұмыскерлерінің пайдасына ЕЗЖ төлей отырып, салық салу кезінде жеңілдіктерге, сондай-ақ, өз қызметкерлерін ынталандыруда қосымша құралға ие болады. Жұмыскер үшін бұл БЖЗҚ-да ЕЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары сомасының өсуі, сәйкесінше, қордан төленетін зейнетақы төлемдері мөлшерінің көбеюі ретінде оң сипат алады. Ерікті зейнетақы жарналарын екінші деңгейдегі банкілер (ЕДБ) не «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы аударуға болады. Екінші деңгейдегі бірқатар банкілер ЕЗЖ-ны онлайн (мобильді қосымша немесе өзін-өзі қызмет көрсету терминалдары) арқылы аударуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өз пайдасына ЕЗЖ жарналарын тұрақты аудару үшін жұмыс берушінің атына өтініш жазуға да болады. Соның негізінде жұмыс беруші ЕЗЖ өтініш иесінің не үшінші тұлғаның пайдасына БЖЗҚ-ға тұрақты түрде аударып отырады» делінген қор мәліметінде. 

Дәл қазіргі сәтте БЖЗҚ-да 11,5 млн шот бар екен. Бір жыл ішінде олардың саны 9 пайызға өскен. Оның ішінде ерікті зейнетақы жарнасы да біршама өскен. Олардың саны – 44,6 мың. Былтырдан бері 8,7 пайызға көбейген. Айта кетейік, елімізде ерікті жарна үшін жеке зейнетақы шотын ашу процедурасы біршама жеңілдетілген. Яғни, жеке зейнетақы шотын ашқысы келген адамның БЖЗҚ-ға хабарласуы міндетті емес. 2021 жылдың 1 мамырынан бері жеке шот ашу автоматты түрде жүзеге асырылады. Сіздің қорға ерікті зейнетақы жарнасының алғашқы сомасын салуыңыз – жеке зейнетақы шотыңызды ашқаныңыздың дәлелі. 

Мамандардың айтуынша, 2018 жылдан бері ерікті зейнетақы жарнасы жылдам қарқынмен өсуде. 2020 жылдың 1 сәуірі мен 2021 жылдың 1 сәуірі аралығында БЖЗҚ-дағы ерікті зейнетақы жарнасының көлемі 68 пайызға көбейіп, 162,8 млн теңгені құраған. 2020 жылы олардың жалпы көлемі рекордты 538,7 млн теңгеге жетіп, бір жылда 51,2 пайызға көбейіпті. 2021 жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша БЖЗҚ салымшыларының шотында ерікті зейнетақы жарнасы бойынша 2,2 млрд теңге сома жатыр. Ерікті жарна арқылы жинақталған мұндай қаражатты зейнет жасына жетпей-ақ шешіп алуға болады. 

Жыл сайын өткізілетін тәуелсіз социологиялық зерттеу қорытындысы бойынша азаматтардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына деген сенімінің өсуі де ерікті зейнетақы жарна көлемінің арта түсуіне себеп болған. 

Қордың хабарлауынша, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін 50 жасқа толған тұлғалар, мүгедектігі бар тұлғалар және ерікті зейнетақы жарнасының БЖЗҚ-да жатқанына кемінде бес жыл болған тұлғалар ала алады. Ерікті зейнетақы жарнасы төлемін алуға онлайн түрде өтініш беруге болады. 

Өтініш берер алдында қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ), жеке басын куәландыратын құжаттың, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ашылған банк шотының бар екендігіне көз жеткізу қажет.

Өтініш беру мақсатында БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетте ЭЦҚ-ның көмегімен авторланудан өтіп, «Қызметтер» бөліміндегі «Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру» қызметін таңдау қажет, одан әрі тиісті құжаттарды толтырып, ЭЦҚ-мен қол қою керек.

БЖЗҚ-ның өтінішті өңдеу мәртебесін сіз жеке кабинетіңіздің «Қызметтер» бөліміндегі «Менің төлемдер/аударымдар туралы өтініштерім» қызметі, сондай-ақ, БЖЗҚ корпоративтік сайты арқылы оңай қадағалай аласыз. 

 

Сондай-ақ оқыңыз