Зейнетақы активтері қалай басқарылады?

Жарияланды
Зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 12 603,7 млрд теңгеден асты

Зейнетақы активтері қалай басқарылады? Бұл туралы БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметі хабарлады.  

2021 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша ҚР ҰБ және ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдері

enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер – Инвестициялық қызмет» бөлімінде салымшылар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелімен және басқарушы компанияларға берілген зейнетақы активтерінің портфельдерімен егжей-тегжейлі таныса алады. Сондай-ақ, мұнда ҚР ҰБ және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) ұсынған инвестициялық қызметке толық шолулар орналастырылған.

Айта кетейік, 2021 жылдың 1 сәуірінде басқаруда болған зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 12 603,7 млрд теңгеден асты. Бұл ретте БЖЗҚ-ның ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 12 602,31 млрд теңгені құрады.

Қазақстандық басқарушы компанияларға берілген қаражаттың жалпы көлемі шамамен 1,7 млрд теңге. 2021 жылдың ақпан айының соңынан бастап БЖЗҚ-ға салымшылардан зейнетақы активтерінің жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін аудару туралы өтініштер түсе бастады. ИПБ-ға алғашқы аударымдар 2021 жылдың 15 наурызынан бастап жүзеге асырылды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша ақпаратты инвестициялық қызметті наурыз айында бастаған үш ИПБ ұсынды. ИПБ инвестициялаған активтердің жалпы көлемі 1,4 млрд теңгені құрады.

ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі

2021 жылдың 1 сәуіріне ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңес мақұлдаған 2021 жылға арналған бағыттар шеңберінде ҚР ҰБ (сенімгерлікпен басқарушы ретінде) инвестициялаудың негізгі бағыттарын былайша берген:

– ҚР Қаржы министрлігі шығарған, ағымдағы құны 5 505,25 млрд теңгені (бүкіл портфельдің 43,68%) құрайтын ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздары. ҚР Қаржы министрлігінің теңгеге номиналданған МБҚ бойынша өтеуге орташа алынған кірістілік жылына 8,8%, АҚШ долларында – жылына 4,3% құрады.

– ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары (ағымдағы құны 1 793,91 млрд теңге (14,23%). ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының теңгемен номиналданған облигациялары бойынша өтеуге орташа алынған кірістілік жылына 10,8%, АҚШ долларымен жылына 5,4% құрады.

– 1 062,57 млрд теңге (8,43%) сомасына ҚР екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары. ҚР ЕДБ теңгеге номиналданған облигациялары бойынша өтеуге орташа алынған кірістілік жылына 10,1%, АҚШ долларында жылына 0,5% құрады. ЕДБ депозиттеріне 248,24 млрд теңге (немесе портфельдің 1,97%) орналастырылды. ҚР ЕДБ салымдарын өтеуге орташа алынған кірістілік есепті күнге жылдық 9,1 %-ды құрады.

– 1 056,52 млрд теңге (портфельдің 8,38%-ы) мөлшеріндегі сыртқы басқарудағы активтер. 2021 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда өсім 29,39 % құрады.

БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар бөлінісіндегі қаржы құралдарының инвестициялық портфелі былайша берілген:

–  ұлттық валютадағы инвестициялар – 68,92%, АҚШ долларында – 30,93%, ресей рублінде – зейнетақы активтері портфелінің 0,14%-ы.

Жыл басынан бері есептелген инвестициялық табыстың құрылымы мынадай сипатқа ие:

– бағалы қағаздар, оның ішінде орналастырылған салымдар және «кері РЕПО» операциялары бойынша сыйақы түріндегі кірістер 216,85 млрд теңге;

– бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер 46,01 млрд теңге;

– шетел валютасын қайта бағалаудан түскен кірістер 24,82 млрд теңге;

– сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер 50,75 млрд теңге;

– өзге де кірістер 28,8 млрд теңгені құрады.

Осылайша, 2021 жылдың басынан есептелген инвестициялық табыстың мөлшері 367,23 млрд.теңге. 2021 жылдың басынан бастап салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 1,90% инфляция кезінде 2,84% болды. Егер жылдық мәнде қарайтын болсақ, онда БЖЗҚ салымшылары (алушылары) үшін 2020 жылғы сәуірден бастап 2021 жылғы наурызға дейін зейнетақы активтерінің кірістілігі 7,00% мөлшеріндегі инфляция кезінде 7,57% болды.

Эмитенттер мен номиналды табыстылықты көрсете отырып, қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ-ның ресми сайтында жарияланған.

Инвестициялық портфельді басқарушылар

«Jýsan Invest» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 663,97 млн теңгені құрады. Оларға ҚРҰБ ноттары (портфельдің 60,11%), Exchange Traded Funds (ETF) пайлары (39,64%), инвестициялық шоттардағы ақша қаражатында қалған активтер (0,25%) сатып алынды. Портфельдің 60,36%-ы теңгеде, 39,64%-ы АҚШ долларында. Инвестициялық қызмет нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 6,18 млн теңгені құрады. Зейнетақы активтерінің табыстылығы – 0,89% пайыз.

«Halyk Global Markets» АҚ 1 сәуірде басқаруға 502,97 млн теңгені қабылдады. Портфельдің құрылымында кері РЕПО операциялары (99,5%) және шоттардағы ақша қаражаттары бар. Барлық инвестициялар ұлттық валютада номиналданған. Кезең ішінде есептелген инвестициялық табыстың мөлшері 1,21 млн теңге, табыстылық 0,23% құрады.

2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша «BCC Invest» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 304,42 млн теңгені құрады. Олар инвестициялық шоттардағы ақшалай қаражатқа (64,02%), РЕПОҒА (18,1%), ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигацияларына (12,49%), шетелдік эмитенттердің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына (8,05%), пайларға (ETF индекстерге) (6,86%) бөлінген. Ұлттық валютада портфельдің 85,08%-ы, АҚШ долларында 14,92%-ы номиналданған. Инвестициялық табыс кезеңіне есептелген сома 0,94 млн теңгені құрады, табыс – 0,29%.

Әрбір ИПБ-ның қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің егжей-тегжейлі құрылымы эмитенттер мен номиналды табыстылығы көрсетілімімен БЖЗҚ-ның ресми сайтында жарияланған.

 

Сондай-ақ оқыңыз