Шымкенттің наубайханаларына ұнның қымбаттауы ауыр соққы болуда

Жарияланды
Олар күніне 50-100 мың теңге шығынға батып жатырмыз дейді

Шымкентте «әлеуметтік» деп аталатын нанның бағасы 70 теңге деңгейінде ұсталып тұр. Ал 50 келі бір мөшек ұнның бағасы 5200 теңгеден 6700 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Наубайханашылардың айтуынша, олар күніне 50-100 мың теңге шығынға батып жатыр. 

Осы ретте, наубайхана илерінің бірі Шымкент қаласында жағдайды тұрақтандыру шаралары қолға алынбаса, «жабылуға мәжбүрміз» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл жыл басында бір мөшек ұнның бағасы 5200-5300 теңге болса, қазір 6700-6800 теңгеге дейін қымбаттап кеткен. Алайда қалалық әкімдік наубайханалардан нанның бұрынғы бағасын ұстап тұруын өтініп отыр.

 «Менің наубайханамда күніне 16-17 мың  бөлке нан пісіріледі, оған 6-7 тонна ұн кетеді. Күніне 50-100 мың теңге шығынға батып отырмын. Осы ретте, көмек бермесе, 10 күннен кейін жабылуға мәжбүрмін. Тек мен ғана емес, өзгелері де жабылады. Бізге шыдай тұрыңдар дейді, шыдап келе жатқанымызға 1,5 айдан асты. Кейбір наубайханалар, тіпті, жабылып та қалды», – дейді кәсіпкер.

Ол бұған дейін де, 2010 жылы дәл осындай жағдай орын алып, 25 млн теңге жоғалтқанын қосып өтті. Ендігі жерде  ол биліктің беретін уәдесіне секеммен қарайды.

Кәсіпкердің айтуынша, Шымкентте 1 бөлке нан наубайханадан 55 теңгеден жіберіледі. Оны дүкенге жеткізу құны – 10 теңге, оның үстіне дүкен тағы 5 теңге қосады. Алайда кейбір дүкендер қазірдің өзінде нанды 75 теңгеден сатып жатыр.

Ал «Shymkent» ӘКК АҚ-ның басшысы Әбілсейіт Рабаев дәл қазіргі сәтте Шымкент тұрақтандыру қорының есепшотында 300 млн теңге жатқанын айтады.

«Арзан ұн сатып алуға қанша қаржы бөлу мәселесі шешіліп жатыр. Мұндай мақсаттарға қаржы қарастырылған. Тұрақтандыру қорын құру туралы келісімге жыл басында қол қойылғанымен, оның есепшотында қаржы жоқ еді. Тек қазан айының соныңда ғана қорға 300 млн теңге аударылды»,– Әбілсейіт Рабаев.

Осы орайда, Шымкент наубайханашылар қауымдастығының басшысы Әбдімәлік Көмекбаев наубайханалардың жабылуына жол берілмейді деп тұжырымдайды.

«Жақында Шымкент қаласының әкімдігінде осы күрделі мәселе талқыланған жиын өтті. Сол кезде наубайханашылардың 10-қаңтарға дейін шыдай тұруды өтінген еді. Апта ортасынан бір мөшегі 5900 теңгелік арзан ұн береміз деп уәде берді. Біз бұл ұсыныспен келістік. Осы шаруаға, әзірге, 100 млн теңге бөлінбек. Ал Жаңа жылдан кейін жаңа бюджет  қалыптасады, сол кезде нан бағасын тұрақтандыруға қатысты басқа шаралар қолға алынады», – деді Көмекбаев.

Оның айтуынша, қазір қауымдастық құрамында 36 наубайхана бар. Бұл наубайханаларға күніне 1 вагон немесе 65 тонна ұн қажет. Шамамен, 50 келілік 1300 мөшек. Әр мөшек ұннан 130-132 бөлке нан пісіріледі.

Шымкент кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Қайрат Базарбековтың пікіріне сүйенсек, заң бойынша наубайханаларға субсидия қарастырылмаған, сондықтан оларды қолдау тек тұрақтандыру қоры арқылы жүргізіледі.

Ал ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасы инвестиция бөлімінің басшысы Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, ұн бағасының қымбаттауына – астық пен ұн экспортының артуы себеп. Шымкентте ұнды жергілікті бидайдан емес, Қазақстанның өзге аймақтарынан келісін 90 теңгеге сатып алған астықтан тартады.

Осы ретте, жақында өткен жиындардың бірінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзағалиев нан бағасының қымбаттауына жол бермейміз деп мәлімдеген болатын.

«Бұл мәселені шешу үшін Қостанай облысынан арзан бағада бидай жеткізу туралы келісімге қол жеткіздік. Күніне 25 мың бөлке нан шығарып, Түркістан қаласына қажет нанның 80 пайызын қамтамасыз етіп отырған «Ақжол» наубайханасымен де келісімге келдік. Аталмыш наубайхана әлеуметтік нан пісіруге қажет 1-сорт ұнды төмен бағамен алып отырады», – деді әкімнің орынбасары.

Оның айтуынша, Түркістан қаласында күніне 2 мыға жуық бөлке әлеуметтік нан қала дүкендеріне жеткізіліп отырады. Бір бөлкенің бағасы – 75 теңге.

Сондай-ақ оқыңыз