Жаңа салық шағын кәсіпкерлерге салмақ салып тұр

Оралдық саудагерлерге барлық даулы мәселелерді шешу үшін бір апта берілген

Фото: Shutterstock.com

Қолданыстағы заңнамаға жарнамаға салынатын салық туралы  енгізілген кезекті өзгерістер 2019 жылдың 11 сәуірінен өз күшіне ене сала, қала билігі оралдық саудагерлерге бірден ескерту жасап, тауарларыңды өз сауда орындарыңда жармалағыларың келсе – салық төлеңдер деген. Ал кәсіпкерлер қазір жаңа салық енгізетін уақыт емес, сауда-саттық онсыз да түсіп кетті деп шырылдайды. Жарнама агенттіктерінің жағдайы тіптен мүшкіл, кәсіпкерлердің  айтуынша, «Жарнама туралы» заңға енгізілген өзгерістер оларды бірден тақырға отырғызады. 

Жарнама керек пе – төле 

«10 сәуір күні саудагерлерге маңдайшадағы  жазудың қайсысы жарнама, қайсысы жарнама емес екенін түсіндіру үшін Оралдың орталық көшесі – Назарбаев даңғылында  рейд жүргіздік», – дейді Орал қалалық сәулет және құрылыс басқармасының бас маманы Ирина Вайдиева.

Оның айтуынша, бір күннің ішінде 160-тан аса сауда орындары тексерілген. Рейд барысында көптеген кәсіпкерлерден жарнама тақтайшаларын безендіруде түрлі кемшілік анықталған. Айталық, заң бойынша, жарнама екі тілде жазылуы керек, көпшілігінде тек орыс тілінде ғана ілініпті. Сондай-ақ, сауда орнының қасына штендер қою талаптары да бұзылған. Ендігі жерде ары-бері қозғалтуға ыңғайлы жарнама  құрылымына да салық салынады: оның бір жақ бетіндегі жарнама үшін – 5 АЕК (12625 теңге), 2 жағына да жарнама жазылса – 10 АЕК көлемінде салық төленуі керек. Әкімдік қызметкерлері әзірге кемшіліктерді жою туралы ескертпе беріп, егер жарнама ілгілері келсе, қосымша салық төлеуге дайын болыңдар деген. Барлық дүкен, мейрамхана мен дәмхана иелеріне сауда орындарын заң талаптарына сай безендіруі үшін бір апта уақыт беріпті.  «Сауда орнының атауы мен жұмыс уақыты жазылған маңдайша жарнамаға жатпайды. Сатылатын өнім үлгісі орналасатын сөре мен терезе, оларды іш жағынан безендіру де жарнама емес. Ал жеңілдіктер мен түрлі акция туралы плакаттар, сөренің сырт жағына жарнамалық хабарландыру ілінсе, жарнамаға жатады»,– деп түсіндірді Ирина Вайдиева.

Бұндай жарнаманың көлемі 2 шаршы метрге жетпесе, айына 1 АЕК көлемінде салық төленуі тиіс. Егер бизнес нысанның қасбетінде жүгімежол экраны болса, ол үшін 2 АЕК (5050 теңге) салық салынады. 

Ирина Вайдиеваның айтуынша, алдағы 2-3 ай бойы рейд тұрақты түрде жүргізіліп тұрмақ. 

«Әзірге кәсіпкерлер заңнамаға енген өзгерістер туралы біліп, түсінуі үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Одан кейін маңдайшасын ретке келтіріп, жарнамалық құрылымдарды талапқа сай безендірмесе, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға мәжбүр боламыз»,– деп нақтылады Вайдиева.

Жаңа салық саудаға салмақ салады 

БҚО Мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Тимур Төлеповтің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы оралдық кәсіпкерлер жарнаманың барлық түрі үшін  54,3 млн теңге көлемінде салық төлеген. Ал 2019 жылдың үш айында бұл сома 13 миллионнан асқан. 
«Бұл кіріс бірден жергілікті бюжетке түседі. Сәйкесінше, қазынаға түсетін салық көлемі артқан сайын, облыстың дамуына да көп қаржы жұмсалады», – дейді Тимур Төлепов.

Алайда сыртқы жарнамаға салынатын салық есебінен облысты дамыту кәсіпкерлердің көңілінен шығып тұрған жоқ. 

Юрий Замалютдинов  – сыртқы жарнама үшін салық төлеу керек деген ескертпені ең бірінші боп алғандардың бірі.
  
«Қазір шағын кәсіпкерге өз дүкеніндегі жарнама үшін салық төлеттіретін уақыт емес. Сауда түсіп кетті. Біз қазір тек жан бағып отырмыз. Иә, сөрелерде жеңілдіктер туралы ақпарат жазылған. Бірақ неге біз бұндай қадамға барып жатырмыз? Өйткені айналымдағы қаржының аздығынан біз салық төлей алмай, қызметкерлердің жалақысын бере алмай отырмыз», – деп пайымдайды кәсіпкер.  

Антиквар сағат сататын шағын дүкеннің иесі Александр Карнаухов салық заңнамасына енгізілген кезекті жаңалықтан кейін «бұл бизнесті қоятын уақыт келген жоқ па» деген ой мазалап жүргенін жасырмайды. 

«Қазір онсыз да сауда жүрмей тұр, енді келіп жаңа салықпен аяқтан шалмақ. Рейд келіп кеткен соң, әйнектегі жеңілдіктер туралы жарнаманы жұлып тастадым. Менің түсінбейтінім, өз тереземдегі жарнама үшін не үшін тағы да салық төлеуім керек? Меніңше бұл –ақымақтық. Қазір тура осы дүкенді жауып тастағым келіп тұр», – деп қамығады кәсіпкер. 

Жаңа салық жарнама бизнесін тақырға отырғызады 

«РИА МИР» жарнама агенттігінің басшысы Антон Ротштайн  «Курсивпен» әңгіме барысында кейбір сыртқы жарнама қызметтеріне салық төлегенше, одан бас тартқан арзанға түсетінін айтады. 

«Жарнама туралы» заң мен ҚР Салық Кодексіне енгізілген өзгерістердің басым бөлігі әлі шикі деп есептеймін. Бұл өзгерістерді қолдану ережелері де әлі бекітілмеген, жергілікті мемлекеттік органдар оларды қалауынша түсіндіріп жүр. Оның үстіне олардың түсіндіруі кәсіпкердің пайдасына емес», – дейді кәсіпкер. 

Жарнама агенттігі басшысының айтуынша, Салық кодексінің 605-бабы бойынша,  салық көлемі жарнама орналасқан аумаққа тікелей байланысты. Айталық, 20 шаршыметрлік жарнама үшін 10 АЕК көлемінде салық төленуі тиіс. Сколлер мен LED-экран үшін де салық көлемі осындай. 

2019 жылдың 11 сәуірінен кәсіпкерлер жарнама конструкциясының әр беті үшін емес, көрсетілетін әр сурет үшін айына 10 АЕК көлемінде салық төлеуі керек. Бейнежарнамаға салынатын салық 7 АЕК-ке дейін төмендеді. Алайда сәулет басқармасындағылар кәсіпкерлерге сыртқы жарнама нысаны үшін емес, LED-экранда көрсетілетін әр бейнеролик үшін салық төлеу қажет деп түсіндірген. 

«Басқа аймақтардағы әріптестеріммен сөйлестім, алайда жергілік әкімдіктердің ешқайсысы «сыртқы жарнама нысанында орналастырылатын бейнесуреттің әр беті» деген сөзді шенеуніктер неліктен салық әрбір бейнеролик үшін төленуі тиіс деп  ұғынғанын түсіндіре алмады», – дейді Антон Ротштайн.

Кәсіпкердің айтуынша, заңда «бейнеролик» деген түсінік жоқ. «Екіншіден, бейнероликтің ешқандай «жаны», «беті» болмайды, ол шаршы метрмен емес, секундтармен есептеледі, «бейнесуреттің бір жағы» деген сөз –  LED-монитор шығар» деп тұжырымдайды бизнесмен. 

Антон Ротштайн бір LED-экраннан табатын табысы мен шығатын шығысын есептеп берді. Айталық, 20 секундтық бір бейнероликті көрсету үшін тапсырыс беруші айына 27 мың теңге төлейді. Осындай 7-8 бейнероликтен агенттік айына 200 мың теңге көлемінде табыс табады. Оның 60 мың теңгесі электр қуатын төлеуге кетсе, 20 мыңы қажетті бөлшектерді сатып алуға, 20 мың теңгесі салық төлеуге жұмсалады. Қалған ақшадан менеджер мен өзге де қызметкерлерге айлық төлеуі керек.   

«LED-экран – шығыны көп жарнамалық құрылым. Оның тиімділігі өте төмен болса да, өшірмей отырмын, өйткені өз жарнамамды да орналастырамын. Ал айына 8 бейнеролик үшін маған 49 АЕК (123 725 теңге) салық салатын болса, менің тақырға отыратыным анық», – деп пайымдайды кәсіпкер. 
Антон Ротштайнның айтуынша, өзге әріптестерімен бірге олар «Атамекен» ҰКП, Ұлттық экономика министрлігі мен Мәжіліске «Жарнама туралы» Заң мен Салық Кодексіне енген өзгертулерді қайта қарастыру ұсынысымен шыққан. Сондай-ақ, LED-экрандарға салынатын салықты нақтылап, кәсіпкерлерді қосымша қағазбастылықтан құтқаруды сұрайды. Аталмыш өзгертулер мен түзетулердің нәтижесінде жарнама агенттігінің менеджерлері жарнама өзгерген сайын, сәулет және құрылыс басқармасына барып рұқсат алып отыруы керек. Бұрын бұндай құжатты жылына 1-ақ рет алатын еді.  

«Бір тапсырыс берушінің әрбір жаңа жарнамасы үшін айына бірнеше рет салық төлеуге тура келеді, бұл қайталама салық салу»,– дейді Антон Ротштайн. Кәсіпкердің пайымдауынша, бұндай жағдай жергілікті жерлерде жемқорлықтың жайылуына ықпал етпек, өйткені бақылаушы органдар кейбір агенттік жарнамасының тұрақты өзгеретініне көз жұма қарап, екіншісін «жіті қадағалауы» бек мүмкін.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif