Қазақстанда шаруа қожалығын қалай тиімді басқару керек

Банкрот болған кәсіпті аяққа тұрғызудың жолы қандай

Фото: Shutterstock

Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы «Бірлік» шаруа қожалығы қазіргі кезде пияз, қызылша, беде егіп, 120 гектар жерді игеріп отыр. Шаруа қожалығының басшысы Николай Рахметілдаев өз кәсібін сәтсіздік пен құлдырау, банкроттықтан кейін қайта аяғынан тұрғыза алды.

Іс бастау қиын

Кезінде институтты қызыл дипломмен бітірген құрылысшы-инженер егін шаруашылығымен КСРО тарай бастаған кезде айналыса бастаған. Оған себеп – құрылыс саласының құлдырауына әкеп соққан сауда-экономикалық байланыстың үзілуі.

«Құрылыс тоқтап қалған соң, ары қарай қалай күн көрерімізді білмедік. Жаппай жекешелендіру кезінде адамдардың бәріне жерді пайға бөліп берді, бірақ оны елдің бәрі игере алмады, өйткені жанар-жағармай табу қиын, тұқым мен техника жетіспейтін. Тіпті егін егіп, өнімін жинасаң да, оны өткізе алмайтынсың, өйткені тауар өткізетін жаңа нарық қалыптаспаған, ал бұрынғы қоймалар өз жұмысын тоқтатқан», – деп еске алады кәсіпкер.

Осы кезде оған жермен айналысуды ұсынған бауырлары қолдау көрсетеді. Өз жерлері мен көршілердің пайын қосқанда 120 гектар  болатын жерді игеруді  қолға алады. Осылайша Николай Рахметілдаев шаруа қожалығының басшысына айналады.

1990-жылдардың аяғында бар жиған-тергенін бизнеске салған фермер оны қайтара алмаған. Қолайсыз ауа райы бүкіл өнімді құртып, банкрот болады. Тіпті банкке кепілге қойған үйінен де айырылып қалады. Тек бірнеше жыл өткен соң ғана жаңа баспана тұрғызып алды.

Оның айтуынша дәл сол кезде үкіметтің құрылыс пен мектептерді күрделі жөндеуге қаржы бөле бастауы үлкен көмек болады. Кәсіпкер құрылыс пен жердің арасында шапқылап жүріп, ақырындап көтеріле бастайды. Қызылша мен пияз отырғызып, кейіннен ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау қорынан несие алады.

«Тәуелсіз мемлекет алдымен астық өндірушілер мен мал шаруашылығын қолдады. Тек 2004-2005 жылдары ғана басқа шаруаларға жақсы көмектесіп, барлық дақылдардың әр гектарына субсидия бөле бастады. Техниканы да лизингке беріп, жанар-жағармай мәселесі толық шешілді», – дейді шаруашылық басшысы.

Бар мәселе дақылда

Николай Рахметілдаев өзінің 30 гектарынан бөлек, пайшылардың 90 гектар жерін өңдеп, оларға жинаған өнімнен азық-түлік түрінде дивидент беріп отырады. Бұл жерге пияз пен қызылша, жоңышқа егеді. Одан бөлек, өзге шаруа қожалығынан үш жылда бір рет пияз бен жоңышқа егу үшін 100 гектар жер алып отырады. Жерді осылайша өзара алмастырып, егіннен кейін жоңышқа мен пияз отырғызады.

«Су қасымызда, соңғы 5 жылда біз пиязды тамшылап суғаруға көштік. Ол бұрын жақсы субсидияланатын еді, шаруалар оның тиімділігін түсінуі үшін мемлекет ынталандырып отырған секілді. Ал адамдар іс жүзінде оның  тиімді екенін түсінген кезде, субсидияны тоқтатты»,– деп атап өтті фермер.

Фермер тамшылап суғаруға қажетті маторлы насос, фильтр мен құбыршекке 5 мың доллардан аса қаражат кеткенін айтады. Алайда Николай бұл шығын өзін-өзі ақтады деп тұжырымдайды.

Нарықты басқара алмаймыз

Биыл ол 45 гектар жерден 2,5-3 мың тонна пияз алуды жоспарлап отыр. 1 келі пияздың көтерме бағасы, фермердің айтуынша, өте жақсы – 32 теңге. Тамшылап суғарудың арқасында «Пандора» сортынан гектарына 100 тонна өнім алса, «Манас» сортынан 65-70 тонна жинаған.

«Былтыр келісін тіпті 13 теңгеден өткізген едік. Кейіннен Ресей, Польша, Белоруссия  мен Украинаның біздің пиязға сұранысының арқасында, баға біршама өсті. Ерте сатып жібергендер ұтылып қалды. Өз өніміміздің бағасына ықпал ете алсақ қой», – дейді кәсіпкер.

Төлем бойынша түйткіл көп

Бір гектардан орта есеппен 50 тонна қызылша алады. Биыл шаруа қожалығы 30 гектар жерге қызылша еккен. Былтыр жинаған өнімді өткізу қиынға соққан соң,  қызылшаны азайтқан.

«Байзақ ауданы Кеңес заманынан бері «қызылша ауданы» саналатын. Егер бұрын мемлекет қызылша егетін әр гектарға 90 мың теңгеден төлесе, қазір салмағына қарай, қызылшаны қант зауытына өткізген кезде, әр келісінің 12 теңгесін мемлекет субсидиялайды. Ал зауыттың өзі сол салмаққа 8 теңгеден ғана төлейді. Меркі қант зауытының бұрынғы басшысы 10 теңгеден сатып алуға уәде берген еді, зауыттың жаңа басшысы өзіне дейінгілердің сөзінен бас тартып отыр. Ең басты мәселе – төлемді кешіктіретіні. Егер аймақта бірнеше қант зауыты болса, бәсекелестік  бізге біршама көмектесер еді»,–деп тұжырымдайды фермер.

 Малдың жем-шөбі

Шаруа қожалығы басшысының айтуынша  ең тімдісі – беде. Бір маусымның өзінде 3 рет орып алады. Оны мал жас күйінде де, құрғақ күйінде де жақсы жейді.

«Биыл біз 45 гектар жерге беде ектік. Орташа шығымы – гектарына 150-200 түк, құнарлы топырақтан 250-300 түкке дейін алуға болады. Оның бағасы 250-400 теңге аралығында. Шөп сатудан түскен ақшамен тұқымға, жер жыртуға және шөп оруға кеткен шығынды жауып, қалғанын малдың қыстық азығы ретінде жинаймыз»,– дейді фермер.

Ауылдың асыраушылары

Николай Рахметілдаевтың айтуынша, «Бірлік» ШҚ –  Құмжота ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған бірден-бір  шаруа қожалығы. Бір бригадир мен 4 су ұстаушы тұрақты түрде жұмыс істесе, қалғандары маусымдық жұмысшылар.

«Адамдар жарты жыл ғана жұмыс істеп, жақсы табыс таба алады. Мәселен пияз жинау кезінде мен 30 келілік дорба үшін 60 теңге төлеймін. Күніне 10-12 мың теңге тауып, айына 1 мың долларға дейін алатындар да бар», – дейді шаруа қожылығының басшысы.

Сонымен қатар кәсіпкер ауылды көтеру үшін пайызы төмен несие мен субсидия ретіндегі мемлекеттік қолдау қажеттігін айтады.

«Несие алу үшін жинайтын құжаттар тізімін қысқартып, сондай-ақ су мәселесін шешсе, жақсы болар еді. Су тапшылығынан көп жер игерілмей, бос жатыр. Су бойынша Қырғызстанға тәуелді екеніміз белгілі, қазір су арналарының табанына бетондай бастады, бұл бір жағынан жақсы болды, өйткені біздің топырақта судың көп бөлігі жерге сіңіп кетеді. Ең бастысы – жерді жұмыс істей алатын, қолынан іс келетін адамдар иеленуі тиіс», – деп тұжырымдайды қожалық басшысы.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif