Қазақстандық спортшылар Токио олимпиадасындағы жеңісі үшін қанша сыйақы алады?

Жарияланды
Төрт жылдықтың басты додасы басталуға таяу

Биыл 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Токиода олимпиада ойындары жалауын желбіретеді. Төртжылдықтың басты додасы былтыр өтуі тиіс еді. Алайда пандемияға байланысты бір жылға кейін шегерілген. Санитарлық талаптарды сақтай отыра өткізілетін ойындарға Қазақстан құрамасы да қатысады. Біздің еліміз 27 спорт түрі бойынша 96 лицензия иеленіп отыр. 

Президент Қасым-Жомар Тоқаев туды боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпаковаға табыс етті. Аталған екі спортшы ашылу салтанатында ел байрағын көтеріп шықпақ. Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг берген мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ұлттық құрамы карантин шараларын сақтай отырып, жолға дайындалуда деді. Министрдің айтуынша, сыйақы үкімет қаулысына сәйкес беріледі.

Президент спортшылар.jpg

«2020 жылы жалпы Олимпиадада жеңіске жеткен спортшыларға, олардың бапкерлеріне арналған әрбір спорт түрінен сыйақы беру туралы ережелер қабылданған болатын. Осы құжатқа сәйкес, 1-орын алғаны үшін спортшы мен бапкерге 250 мың доллардан беріледі. Мысалы, бапкерлердің төлемақысы келесідей: 100 пайыздың 10%-ы осы спортшыны тапқан бапкерге, 80%-ы спортшыны дайындаған бапкерге және 10%-ы спорт түрінің бас бапкеріне беріледі. 2-орынға 150 мың доллар, үшінші орынға 75 мың доллардан қарастырылған. Бұл сыйақылар спорт жетістігі заңды түрде негізделгеннен кейін төленеді» деді министр.

Ведомство басшысы допинг тақырыбын да айналып өткен жоқ. 

«2019 жылдан бастап спортта допинг қолдану бойынша шаралардың заңнамалық түрде күшейтілді. «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңына, Әкімшілік кодекске допинг пайдаланғаны анықталса, спортшыларды дисквалификациялауды көздейтін толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Әкімшілік жауапкершілік, 200 АЕК-ке дейінгі ақшалай айыппұл, сондай-ақ жарыстағы жеңістен кейін оның кінәсі расталса, барлық жүлделі атағы мен тұрғын үйден айыру қарастырылған, мұндай шаралар да қабылданады» деді Райымқұлова. 

Спортшылар.jpg

Ал Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков жекпе-жек түрлеріне, күштік спорт түрлеріне ерекше үміт артып отырғандарын жеткізді. 

«Дегенмен Токио Олимпиадасында басымдықтар біршама өзгерді. Спортшылар лайықты өнер көрсете алатын жаңа спорт түрлері бар. Сондықтан бокс, күрес түрлері, дзюдо туралы айтуға болады. Жүзуде Дмитрий Баландин лайықты өнер көрсете алады деп үміттенеміз, ол дайындалып жатыр, нағыз бабында. Велоспортта, ауыр атлетикада, гимнастикада, таэквандода, альпинизмде спортшылар сәтті өнер көрсетеді деп ойлаймыз. Каратеде де мүмкіндіктер барын атап өткім келеді. Негізінен осы спорт түрлерінен үздік нәтижелер болады деп ойлаймыз» деп атап өтті ҰОК өкілі.

Ольга Рыпакова өз кезегінде Ұлттық Олимпиада комитетіне пандемия жағдайында дайындалуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді. Спортшы ұлттық құраманың әр мүшесі Олимпиадада лайықты өнер көрсету үшін бар күшін салатынына үмітін білдірді.

Рыпакова.jpg

«Біз бұдан да артық лицензия алатын, көбірек ұпай жинайтын көп жарысты өткізіп алдық. Жеңіл атлетикада ел намысын қорғау үшін барынша көп лицензия алу үшін еңбек еттік. Токиода жоғары нәтижелер көрсетіп, еліміздің туын асқақтатамыз деп ойлаймын. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін! Токиодағы қатаң шектеулер жағдайы жарыстарға қалай әсер ететіні бәрімізді де алаңдатады. Бірақ, біз, спортшылар, бір-бірімізді қолдап, қатаң шектеулерге қарамастан, әркім өз жарысына психологиялық тұрғыдан дайындала алады және лайықты өнер көрсетеді деп үміттенемін» деді ту ұстаушы.

Олимпиада ойындарына жаңадан енгізілген спорт түрлері бойынша да Қазақстан өз өкілдерін үкілеп бәйгеге қосқалы отыр. Ол – құзға шығу және карате. Бұл спорт түрлерінен елімізден алғаш рет ойындарға құзға өрмелеуші Ришат Хайбуллин және бірден бес каратэші: Асадилов, Ажиканов, Юлдашев және қыздар Жаңбырбай мен Берульцева аттанады. 

Олимпиадаға қатысушылардың ішіндегі ең ардагері – Ольга Рыпакова. Токио додасы оның төртінші олимпиадасы. Сегіз жылдық үзілістен кейін су добынан ерлер құрамасы да мәртебелі турнирге аттанғалы тыр. Боксшылар толық құрамда (8) қатысады. Гимнаст Милад Карими біліктілік кезеңінен сәтті өтті – 7 лицензия иеленді. Жүзуде Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин ел намысын қорғайды, ол 2 лицензия жеңіп алды және бір лицензиясы бар Диана Назарова ойындарда дебютант болады. Семсерші Руслан Құрбанов құрлықтық квота алған алты спортшының бірі. 

Сондай-ақ Афиныда өткен Олимпиада ойындарынан (2004) бері алғаш рет Қазақстаннан топтық жарысқа үш велошабандоз қатыспақ. Мұндай нәтижеге команданың көшбасшысы Алексей Луценко үлкен үлес қосты, ол Қазақстанға Азия құрлығының басқа бірде-бір елі қол жеткізе алмаған ұпай әкелді. 

Тректегі қазақстандық велошабандоздар үш лицензия (спринт, омниум және кейрин) жеңіп алды, бұл ретте спринтерлік түрлерде жарысу лицензиясы Қазақстан үшін тарихи оқиға болып табылады – бұрын бұл дисциплинада қазақстандық спортшылар олимпиада ойындарына мүлде қатыспаған еді. 

20 жылдан кейін үш қазақстандық Олимпиада ойындарында садақ атудан командалық жарыстарда тағы да өнер көрсетеді. 11 лицензия – әр түрлі күрес түрлерінде, осынша лицензия қазақстандық жеңіл атлеттерде, 7 лицензия теннисшілердің есебінде, 6 лицензия байдарка және каноэмен есуде. Сондай-ақ, рейтинг турнирлерінің нәтижелері бойынша дзюдошылар 6 лицензияға қол жеткізді, олардың арасында тәжірибелі Елдос Сметов те бар. Үстел теннисінде қазақстандық команданың 2 лицензиясы бар, таэквондо мен есу слаломында да осынша лицензия бар. 

«Дағдарыс басталғаннан бері қауіпсіз жаттығу процесін басқаруды ұйымдастыру, мониторинг жүргізу және ұлттық құрама командаларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етуге байланысты шаралар кешенін әзірлеу үшін жедел штаб құрылды. Штаб қызметі командаларға Олимпиада алдындағы кезеңнен барынша тиімді өтуге, жаттығу процесін үзбеуге және белгіленген мерзім аяқталған соң өздерінің спорттық мүмкіндіктерінің шыңына шығуға мүмкіндік берді. Ұлттық Олимпиада комитеті спортшылар мен жаттықтырушыларға еңбектері үшін алғыс білдіреді. Қазақстандық спорт федерацияларының, кешенді-ғылыми топ мамандарының логистиканы, командаларды ұйымдастыруды және медициналық қолдауды қамтамасыз еткен үйлесімді жұмысын атап өтуіміз қажет» деді Олимпиада комитетінің өкілі Крюков. 

 

Сондай-ақ оқыңыз