ПСЖ алғаш рет Чемпиондар лигасы финалында

Жарияланды
«Баварияның» 7жыл бұрынғы финалдағы құрамынан кімдер қалды?

2019/2020 жылғы футбол маусымы Чемпиондар лигасының финалына «Бавария» мен ПСЖ клубтары шықты. Екеуі де әу бастағы болжамда болған, бірақ көпшілік финалға дейін жетеді деп ойламаған ұжымдар. Десе де аладоп сонысымен қызық. 

Қос клуб та өз топтарынан бірінші орынмен шықты. «Бавария» – 18, ПСЖ 16 ұпай жиды. Одан бері неміс машинасы «Челсиді» 7:1 (екі ойынның қорытындысы), «Барселонаны» 8:2, «Лионды» 3:0 есебімен жеңді. Ал Томас Тухельдің командасы «Боруссия Дортмундты» 3:2, «Аталантаны» 2:1 және «РБ Лейпцигті» 3:0 есебімен ойсырата ұтты. 

Сөз жоқ, биылғы турнирдің бас сұрмергені – «Бавария» шабуылшысы Роберт Левандовский. Поляк шабуылшысы қазірге дейін 15 гол соқты. Роберт бұл статистикасына финалда да өзгеріс енгізуі әбден мүмкін. Бомбардирлер үштігін тағы бір «Бавария» ойыншысы Серж Гнабри (9) түйіндеп тұр. ПСЖ футболшылары бомбардирлікпен мақтана алмайды. Тек Мауро Икарди мен Килиан Мбаппе ғана 5 голдан еншілеріне жазған. 

Қос бапкер де бұл мәртебелі турнирдің финалына алғаш рет шығып отыр. 55 жастағы Ханс Дитер Флик бұған дейін «Бавария» сияқты әлеуетті клубты баптап та көрмеген. Неміс маманының ғұмырнамасына көз салсақ, оның 1996 жылдан бері «Бамменталь», «Хоффенхайм», «Зальцбург» сияқты еуропадағы орта деңгейлі командаларды жаттықтырғанын байқаймыз. Айтпақшы, оның ұлттық құраманы жаттықтыру тәжірибесі де бар. 2006 жылдан бастап 2014 жылға дейін Германия құрамасының бас бапкері Йоахим Левтің көмекшісі болған. 

Томас Тухельдің бапкерлік мансабына мән берсек, ол 2000 – 2004 жылдары «Штутгарт» клубын жаттықтырған. Одан соң «Аугсбург», «Майнц 05», «Боруссия Дортмунд» командаларында жұмыс істеді. 2018 жылдың 14 мамырында ПСЖ-мен екі жылдық келісімшартқа қол қойған. 

ПСЖ бұл турнирдің финалына алғаш рет шығып отыр. Клуб жеңсе де, жеңбесе де бас бапкері мен бүкіл құрам ойыншылары осы атақпен-ақ тарихта қалады. Бірақ кез-келген команданың финалға жеңілем деп шықпасы белгілі. Оның үстіне ПСЖ кіл жастардан, Чемпиондар лигасының қалқанқұлақ кубогын төбелерінде ойнатсақ деп ойнақ салып тұрған жігіттерден құралған ұжым. УЕФА-ның ресми сайты 23 тамыз күні ПСЖ-ның финалдағы болжамды құрамын жария еткен. Томас Тухель мына ойыншыларды бірінші минуттан алаңға шығаруы мүмкін: 

Рико (қақпашы), 
Керер, 
Тьяго Сильва, 
Кимпембе, 
Бернат, 
Паредес, 
Маркиньос, 
Эррера, 
Ди Мария, 
Неймар, 
Мбаппе. 

Гуэй, Вератти, Кюрзава, Кейлор Навас сияқты ойыншылар жарақаттарына байланысты финалға қатыса алмауы мүмкін. Чемпиондар лигасының финалына ПСЖ қатысып көрмегенімен, құрамындағы ойыншылардың бірі бұрын-соңды финалдың дәмін татып қана қоймай, кубокты да иеленген. Ол – Анхель Ди Мария. Аргентиналық футболшы мадридтік «Реалмен» 2014 жылы Чемпиондар лигасын жеңді. 

«Баварияның» болжамды құрамы: 

Нойер (қақпашы), 
Киммих,
Боатенг,
Алаба, 
Дэвис, 
Горецка,
Тьяго, 
Перишич,
Мюллер,
Гнабри,
Левандовски. 

Неміс клубы өз тарихында ЧЛ-ды 5 рет ұтқан. Соңғы рет 2013 жылы Юпп Хайнкестң баптауымен финалда дортмундтық «Боруссиядан» басым түскен. Енді сол финалдағы құраммен «Баварияның» қазіргі құрамын салыстырып көрейік. 7 жылда не өзгерді? Әрине, қазір сол кездегі футболшылардың 70 пайызы клубта жоқ. Біразы карьерасын тәмамдады, біразы өзге клубтарда жүр. 2013 жылы «Уэмблидегі» финалда мына ойыншылар негізгі құрамда шыққан болатын: 

Нойер (қақпашы), 
Филипп Лам (капитан), 
Жером Боатенг,
Данте,
Давид Алаба,
Бастиан Швайнштайгер,
Хави Мартинес,
Арьер Роббен,
Томас Мюллер,
Франк Рибери,
Марио Манджукич. 

Қосалқы құрамы: 

Том Штарке (қақпашы), 
Даниэль ван Бюйтен,
Джердан Шакири,
Луис Густаво,
Анатолий Тимощук,
Клаудио Писарро,
Марио Гомес. 

Сол финалда «Бавария» 4-4-1-1 жүйесін таңдаған. 

2013 жылғы финалдан бері «Баварияда» ойнап келе жатқан футболшылар: 

Нойер (қақпашы), 
Жером Боатенг,
Давид Алаба,
Томас Мюллер,
Хави Мартинес. 
    
Чемпиондар лигасының финалы Эштадиу да Луш стадионында тамыздың 23-інен 24-іне қараған түні Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де басталады. 

 
 

Сондай-ақ оқыңыз