«Футболшылар ешкімнен артық емес»

Жарияланды
Павлодар облысының әкімі жергілікті «Ertis» футбол клубының ойыншылары неліктен ел қатарлы 42500 теңге алғанын түсіндірді

Еліміздің футболдан бес дүркін чемпионы «Ertis» футбол клубының басшылықтың қаржылық «қитұрқыларының» салдарынан тағдыры қыл үстінде тұрғаны аздай, еліміздегі төтенше жағдай режимі кезінде 42500 теңге алу – спортшылар үшін жығылғанның үстіне жұдырық болыпты. Еске сала кетейік, наурыз айында жүргізілген аудиттен соң клубтың қаражаты мақсатсыз пайдаланып, салық уақтылы төленбей, берешекке белшеден батқаны анықталған еді. Ойыншылардың айтуынша, карантин кезінде небары 42500 теңге алуы тіпті қиынға соқты. Сондықтан облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың атына да ашық хат жолдаған.

«Мен барлық жерлестеріміз сияқты «Ertis» футбол клубының жағдайына алаңдаймын. Қазіргі күндегі қарызы оның әрі қарай дамуына мүмкіндік бермей отыр. Дағдарысқа қарсы шаралар да нақты нәтижесін берген жоқ», – деді Әбілқайыр Сқақов брифинг барысында. 

Аймақ басшысы футбол клубы қоғамдық ұйым болғандықтан, барлық мәселені облыстық әкімдік шеше алмайтынын да айтты. 

«Еліміздегі төтенше жағдай режимі кезінде барлық дерлік шағын және орта бизнес жұмысын тоқтатып, оның қызметкерлері 42500 теңге алды. Ендеше неге футболшылар өздерінің миллиондаған жалақысын минималды көлемдегі айлыққа дейін қысқарта алмайды? Олар ешкімнен артық емес. Ойыншыларға ел қатарлы 42500 теңгенің төленуі әділ деп есептеймін. Себебі төтенше жағдай режимі кезінде ешқандай жаттығу, ойын болған жоқ», – деген пікір білдірді Әбілқайыр Сқақов. 

Ал «Ertis» ойыншылары жаттығу жиындарына бірнеше күн бұрын кірісіп кетті. Орталық стадионда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, футболшылар жергілікті «Жұлдыз» стадионында жаттығуда. 

Команданың бас бапкері Милан Миланович бастысы чемпионатқа дайындықты сапалы жүргізу дейді. 

«Мұндай екі айлық үзілісті мен де, футболшылар да көрмеген. Сондықтан айтарлықтай қиын болып тұр. Менің ойымша, қазіргі уақытта чемпионаттың басталар күнін күтіп, соған жақсы дайындалу керек. Әрі қарай не боларын уақыт көрсетер. Басшылық берген тапсырма аясында жұмыс істейтін боламыз», – деді Милан Миланович. 
 

Сондай-ақ оқыңыз