«Ertis» футбол клубы салықтан жалтарып, негізсіз жалақы алған

Енді футболдан бес дүркін чемпион команданың тағдыры қыл үстінде тұр

Фото: клубтың ресми парақшасынан алынды

Осыдан бірнеше ай бұрын «Ertis» футбол клубына жаңа директор болып Нұрлан Ысқақов тағайындалған болатын. Жаңа басшы бірден аудиторлық тексеріс жүргізуді қолға алып, «Atameken-Audit» тәуелсіз компаниясы команданың 2017-2019 жылдар аралығындағы қызметін тексерді. Соның нәтижесінде біраз былықтың беті ашылды. 

Бұрынғы басшылық екі жыл бойы салықты мүлде төлемегені анықталды. Нәтижесінде мемлекетке 973,9 млн теңге қарыз. Оған қоса, тренерлік құрам мен футболшыларға жалақы 379,5 млн теңгеге артық төленген. Бұл ретте әкімшілік-басқару қызметкерлері де қалтасын қампайтуды ұмыт қалдырмапты: 44,4 млн теңге еңбақыны артық алып қана қоймай, матчтар үшін 36 млн теңге сыйақы алған. Ал түптеп клегенде бұл қызметкерлердің футболшылардың жеңісіне еш қатысы жоқ. Демек, сыйақы  негізсіз. 

Ол, ол ма? Жалған келісімшарттар жасалып, клубта мүлде жұмыс істемеген адамдарға тағы 8 млн теңге төленіпті. Клуб басшылығы сотқа дейін жеткен шешім қабылдап, соның салдарынан 547 млн теңге шығынға ұшыраған. Оған қоса, жалпы сомасы 31 млн теңгеден асатын медициналық препараттарды растайтын құжаттарсыз есептен шығарған. Бұл – 2017-2019 жылғы шығындар. Осы жылдың басынан бері клуб тағы 580 млн теңге қарызға кірген.

«Ertis» футбол командасының бас демеушісі – Еуразиялық топ та демеушілік көрсетуді азайтты. Бір кездері клубқа 2 млрд теңге бөлетін ірі компания биыл тек 500 млн теңге берумен шектелді. Жалпы, осы жылы футбол клубын қаржыландыруға 2,3 млрд теңге бөлінді. Бұл соманың басым бөлігі – жергілікті бюджет қаржысы. 

Айта кетелік, таяуда ғана «Ertis» ойыншылары төтенше жағдайға байланысты жаттығудың бәрі тоқтатылып, енді қомақты еңбекақының орнына 42 500 теңге ғана алатынын айтып, Павлодар облысының әкіміне ашық хат жолдаған болатын. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов бапкерлер мен жаттықтырушылардан шыдамдылық танытуды сұрап, мәселенің егжей-тегжейі аудит аяқталған соң белгілі болатынын хабарлаған еді. 

Бүгінде аудит аяқталып, жоғарыда аталған кемшіліктер анықталды. Тиісті құжаттар прокуратураға жолданды. Клубтың алдағы «ғұмыры» енді осы құзырлы мекеменің шешіміне байланысты. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif