Ресей хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында алтыншы рет Канададан ұтылды

Жарияланды
Канадалықтар 18-ші рет әлем чемпионы атанды

5-қаңтарда Канада құрамасы жастар арасындағы әлем чемпионы атанды, Чехияда өткен әлем чемпионатының ақтық ойынында олар 4:3 есебімен Ресей командасынан басым түсті.

Жексенбі күні жеңіске деген жігер таныта білген канадалықтардың мерейі үстем болды: ойынның 30-минутында ресейлік Никита Александров есеп ашқаннан кейін, канадалық Дилан Козенс 32-минутта қарымта шайба соғып, таразы басын теңестірді, алайда үш минут өтер-өтпестен Григорий Денисенко Ресей командасын қайтадан алға шығарды.

Ал ойынның  49-й минутында ресейліктер есепті 3:1 жеткізді: бұл жолы Максим Сорокин мергендік танытты. Алайда бәсеке мұнымен аяқталған жоқ, 50-шіден 57-минутқа дейінгі аралықта Коннор МакМайкл, Барретт Хэйтон және Экил Томас бір-бір шайба соғып, канадалық құрамаға тарихта 18-рет жастар арасындағы әлем чемпионатының алтын медальдар жиынтығын сыйлады. 

Канадалықтар жастар арасындағы әлем чемпионаттарындағы жеңістер саны бойынша рекордшылар болып табылады, титулдар саны бойынша оларға ең жақын орналасқан Ресей құрамасы, өздері мұрагері болып табылатын КСРО құрамасының жеңістерін қоса алғанда, ресейліктер 13 рет әлем чемпионы атанған. 

Ал Ресей құрамасының өзі әлем чемпионаттарында төрт рет жеңіске жеткен, атап айтарлығы, сол төрт чемпионаттың финалында Ресей құрамасы канадалықтарды жеңген – ол жеңістер 1999, 2002, 2003 және 2011 жылдарда орын алды. Ал Канадалықтар бұған дейін 1995, 2005, 2006, 2007 және 2015 жылдардағы финалдарда Ресейден басым болды.
 

Сондай-ақ оқыңыз