Тұрғындар ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің ашылуын талап етіп отыр

Жарияланды
Әйтпесе шаруалардың еңбегі еш кетуі мүмкін

17 тамыздан бастап карантин шаралары жеңілдегенімен, Павлодар облысының орталығындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыруға әлі де рұқсат жоқ. Әр аптаның сенбі күндері ашық аспан астында өтетін бұл жәрмеңке пандемия кесірінен наурыз айында тоқтап қалған болатын. Содан бері тұтынушылар көп жиналатын орында сауда жүргізілген емес. 

Аққулы ауданындағы «Роса» шаруа қожалығының басшысы Татьяна Комкова жәрмеңке жақын күндері де жұмысын жандандырмаса, шаруалардың көктемнен бергі еңбегі еш кетіп, көкөністерді қоқысқа тастауға тура келе ме деп қауіптенеді. 

«Биыл 2,5 гектарға қызанақ, 150 гектарға картоп, 18 гектарға қырыққабат пен 10 гектарға тәтті бұрыш, бәді, жүгері салдық. Олар алғашқы өнімді бере бастады. Бірақ көкөністі сататын орын жоқ»,–- дейді шаруа қожалығының басшысы. 

Жәрмеңкелердің жұмысы тоқтаған соң шаруашылық өнімін егістік алқабынан сатуға мәжбүр. Бүгінде мұнда қызанақтың бір келісі 100 теңге тұрады. Бірақ сатып алушылар тым аз. Ауыл-ауылды аралап, көкөністерді тұрғындарға ұсыну да айтарлықтай нәтиже бермеді. 

«Шаруашылықта 70 мың түп қызанақ бар. Олардың әрқайсысынан бір жарым – екі шелек өнім жинаймыз. Оның бәрін қайда жіберем? Қызанақ та, бәді мен бұрыш та тез бұзылатын өнімдер. Сондықтан бірден сатпаса, кейін жарамсыз болып қалады. Оған қоса, шаруашылықта жұмыс істейтін 15 адамға жалақы төлеуім керек. Жинаған өнім сатылмай жатса, еңбекақыға ақшаны қайдан аламын? Сондықтан облыс орталығындағы жәрмеңкені ашатын кез келген сияқты. Бұл – менің ғана емес, басқа да шаруалардың тілегі. Тамыз айында өнімді өткізер орын таппасақ, жаппай жиын-терім кезінде тіпті қиналамыз», – дейді Татьяна Комкова. 

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің ашылуын қалалықтар да тағатсыздана күтіп жүр. Павлодар қаласының тұрғыны Нағима Қайырбекованың айтуынша, мұнда өнімдер сапалы әрі арзан болатын. 

«Адамдар көп жиналатын жабық ойын-сауық орталықтары, сауда орындары ашылған тұста неге ашық аспан астындағы жәрмеңкенің тым құрығанда аптасына бір күн жұмыс істеуіне рұқсат етпеске? Дүңгіршіктерге адамдарды аз-аздан кіргізіп, қашықтық сақтауға болады деп ойлаймын», – дейді тұрғын. 

Ал жергілікті көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың сапасын бақылау департаментінің өкілдері жәрмеңке адам көп шоғырланатын орын болғандықтан, олардың жұмысына рұқсат беруге болмайтынын алға тартады. 
 

 
Сондай-ақ оқыңыз