«Виза режимін енгізу арқылы Қазақстан қаншама туристінен айырылды!» Бизнес қауымдастық өкілдері шағым айтты

Жарияланды
«Қазақстан үкімет деңгейінде Қырғызстанмен келісімге келе алар емес»

Коронавирус пандемиясы Қазақстандағы туризм саласына салқынын тигізуде. Қазір отандық туристік нысандар мүлде клиентсіз. Ал жаңа қаулыға сәйкес, демалғысы келетіндер Covid-19-ға тест тапсыруы тиіс. Жарайды, вирус жойылды деген күннің өзінде Қазақстан шетелдік туристерді жаппай ағылтуға қауқарсыз. Сарапшылар осы мәселелерді қалай шешу керегіне тоқталды. 

«Қазақстан Республикасы туризм индустриясын дағдарысқа қарсы қолдау» конференциясында сарапшылар ішкі және сыртқы туризм проблемалары мен шешу жолдарын ұсынды. 

Бас санитарлық дәрігер қаулысын қайта қарауы тиіс

Рашида Шәйкенова, «Қазақстан туристік қауымдастығының» директоры: 

«Коронавирус пандемиясы бірінші кезекте біздің салаға зиянын тигізді. Біз мұны былтыр желтоқсан айының өзінде сезініп үлгердік. Қазіргі таңда карантин режимі жеңілдетілгеніне қарамастан адамдардың қозғалысы шектеліп отыр. Мұндай жағдайда біз ұзақ уақыт бойы клиентсіз қаламыз. Пандемиядан ішкі, кіріс және шығыс туризмі де зардап шекті. Әр сегменттің өз ерекшелігі бар. Әсіресе, дәл қазір ішкі туризм ахуалы қиынға соғып тұр. Карантин бір себеп болса, екіншіден инфляцияның артуы, теңгенің жағдайы адамдардың демалысқа деп ақша бөлуін де қиындатуда. 10 мамырда бас санитар дәрігердің шығарған №36 қаулысының 9-қосымшасында қандай жағдайда қызмет көрсету орындарының ашылатыны жазылған. Әрине, бас санитар дәрігердің дәл қазіргідей қиын кезеңде жалғыз шешім қабылдауға құқы бар. Бірақ туризм ерекшелігі мен қажеттілігі өте мол сала. Сондықтан нарық және оның қатысуышыларымен кеңесуі керек деп ойлаймын. Мәселен, 9-қосымшада біздің клиенттердің Covid-19-ға тапсырған теріс нәтижелі анализбен келуін міндеттейді. Ал ол анықтама 7 күнге ғана жарамды. Бірақ курортты аймаққа бет алған адам ол жерде 7 күн ғана болмайды ғой. Осы орайда бас санитарлық дәрігерге 9-қосымшаны қайта қарап, салалық ерекшеліктерді ескеріңіз дегім келеді». 

Бізді әлемге танытатын ортақ бренд керек

Әсем  Қозыбағарова, «SkyWay Travel» ЖШС директоры:

«Ертең не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Бұған дейін мұндай қиындыққа түсіп көрмедік. Дегенмен маркетингтік жобалар тоқтамауы тиіс. Туристер үшін болатын жаһандық бәсекеде біз ұзақ мерзімді перспективада жеңіп шығу үшін қазіргі мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Ол мүмкіндік – маркетингтік белсенділік. Туризмнің әлемдік экономикаға қосып отырған үлесі – 10 пайыз. 1 турист 10 жұмыс орнын құруға септігін тигізеді. Біраз елдер үшін туризм – негізгі табыс көзі. Біздің елде туризмді жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 8 пайызына жеткізу көзделген. Ол үшін бізге нақты жоспар мен стратегия керек. Менің ойымша, жұмыс істеу керек басты стратегиялық элемент – ол елдің өзіне тән бренді. Қазір Қазақстан туристік дистинация ретінде танымал емес. Өзгелер неге біздің елге келу керек? Оларды тартатын қандай құндылық бар? Өз адамдарымыз неге өңірлерге саяхаттау керек? Осы сұрақтарға жауап табу өте маңызды. Өзен, көл, тау, әсем табиғат басқа елдерде де бар. Бізге қазір бәрін нөлден бастап, тиісті қаржы бөліп, мықты мамандарды тарту қажет. Екінші стратегиялық элемент – жарнама. Өз азаматтарымыз Қазақстанның қай жерінде қандай кереметтер бар екенін білуі керек. Оларға көрсетіп, жарнамалау керек». 

Виза режимін енгізу арқылы Қазақстан қаншама туристінен айырылды

Азамат Мұхамеджанов, «Outfitter KZ» ЖШС директоры: 

«2017 жылы елімізде өткен «ЭКСПО» көрмесінің арқасында бізде виза режимі біршама жеңілдетілді. Көрмеден соң Қазақстанға келгісі келетін туристер саны артты. Бірақ Ухань қаласында вирус тарағаннан кейін Қазақстан Қытайдан келетін транзитке шектеу қойды. Ал сәуір айында 50-ден астам елдің азаматтарының біздің елге келу үшін виза алуын міндеттейтін үкімет қаулысы шықты. Консулдық жинақ қазір 60 доллар. Өкінішке қарай бізде туризм және туризм шығыны туралы ресми статистика жоқ. Дегенмен сарапшы ретінде өзіміз жобалап есептейміз: мәселен, бір еуропалық азамат 7 күнге Алматыға саяхаттап келсе, ол күніне орта есеппен 100 доллар жұмсайды. Әуе билеті бағасын есептемегенде бір сапардың құны – 600-700 долларды құрайды. Ал визаға 60 доллардай жұмсалып тұр. Басты бәсекелестеріміз, көршілеріміз – Өзбекстан, Моңғолия және Қырғыз Республикасында біздегідей шара қабылданбаған. Ал біздің заң бойынша, 50 ел виза ақысын төлемей елге кіре алмайды. Онсыз да Қазақстанда туристік маусым өте қысқа. Визалық режим біздің позициямызды 10 пайызға дейін әлсіретеді. 
    Еуропа елдері маусым айынан бастап өз елдерінің ішіндегі қозғалысты қалпына келтіруі мүмкін. Түркия вице-премьері болса биыл туристерді әдеттегідей қабылдауға дайын екендерін айтты». 

Қырғызстанмен Тянь-Шань тауын пайдалану бойынша келісе алмай отырмыз

Дәурен Валиев, «Хан Тенгри» «Халықаралық альпинистік лагерінің» атқарушы директоры: 

«Бізде туризмнің дамуы үшін географиялық-аумақтық ресурстар жоқтың қасы. Бұл ретте «Орталық Тянь-Шань» тақыбыры өте өзекті. Дүниежүзілік туристік қауымдастық мәліметінше, тау туризмі бүкіл нарықтың 20 пайызын алады екен. Бұл тек тау-шаңғы туризмі ғана емес, бұл – альпинизм, трекинг, тау велосипеді, орнитология, ботаника, жануарлар әлемі. 2014 жылы Қырғыз Республикасы шекарасымен демаркация жасағаннан кейін біздің бұл реттегі ресурстарымыз апатты жағдайда төмен құлдырады. Аумағы бойынша Алматы облысының 40 пайызын алып жатқан орталық Тянь-Шаньда шекара мәселесі бойынша қиындық көп. Жыл сайын Қырғызстанмен бәсекелесу үшін таулы өлкеде уақытша өткізу бекеттерін ашуға тура келеді. Ал осы Тянь-Шань тауында орналасқан Хан-Тәңірі шыңы, биіктігі 7000 метрден асатын үлкен шың. Солтүстіктегі биік шыңдардың бірі. Мәселен, Аляскада орналасқан 6000 метрлік Мак-Кинли шыңы – қазір туризмнің қыз-қыз қайнаған ордасына айналған. Ал біздің шың – 7000 метр. Артықшылық бар. Әрі Хан-Тәңірінің айналасында биіктігі 6000-нан асатын тағы 6 шың бар. Бұл әлемдік альпинизм қауымдастығы үшін тамаша мүмкіндік. Алайда «орталық Тянь-Шань» тақырыбы біздің елдегі туризмді дамытатын барлық стратегия мен бастамалардан тысқары қалып отыр. Бұл – №1 сакралды нысан. Бұл – әлемдегі ең әдемі шыңдардың ондығына кіреді. Бұл – ескі көшпелі өркениеттің шамшырағы, тәңіршілдік символы. Қысқасы, орталық Тянь-Шанның қазақстандық бөлігінде туристі қызықтыратын белгі өте көп. Алайда біз осы мәселерді көрші қырғыз елімен үкімет деңгейінде келісіп, шеше алмай отырмыз. 2016 жылдан бері солтүстік және орталық Тянь-Шанның белгілі бір аумақтарын бірлесіп пайдалану бойынша екі рет келіссөз жасап көрдік. Франция, Италия, Австрия және Швейцария Альпі тауын қалай бірлесіп пайдаланып отырса, біз де солай істеуіміз керек. Қырғызбен туысқан елміз, екі ел де – Ұжымдық қауіпсіздік келісімінің; Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының; Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері, жақында ғана бірыңғай нарық қызметі туралы келісімге қол қойдық. Сонда да олармен трансшекаралық маршрутты бірігіп пайдалану төңірегінде келісе алмай отырмыз. Бұл өте ұят нәрсе». 

    Сарапшылар қазіргі кездегі демалыс, саяхаттау және ішкі туризм проблемалары туралы сауалдарға да жауап берген. Оны мақаланың келесі бөлігінде жариялаймыз. 
 

Сондай-ақ оқыңыз