Мақтааралдағы су тасқыны сабақ бола ма?

Орта Азиядағы трансшекаралық өзендер проблемасы қашан шешіледі?

Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өзбекстанның Сардоба су қоймасы жарылып, одан аққан қызыл тасқын Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына жайылып, алдымен Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылының тұрғындары зардап шеккені белгілі. 2 мамыр күні сағат 13:50-де шұғыл эвакуация жұмыстары басталып, халық қауіпсіз жерге орналастырылған. Түркістан облысының өңірлік коммуникациялық қызметі таратқан соңғы ақпарат бойынша, кеше Өргебас ауылын қызыл су басып, М-39 "Ташкент-Термез" трассасының бойына жайылған. Сонымен қатар, түсауа ішкі каналдар арқылы трассының келесі бетіне өтіп, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ырысты, Қарақыр және Достық ауылдық округіне қарасты Гүлістан ауылының егістік алқаптарына жайылып жатыр. 

    Төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев: 

«Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысының 10 ауылын су басты. 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Оларға көмек көрсетіліп жатыр. Өзбекстан Үкіметімен келіссөздер жүргізілуде» деді. 

Соңғы мәлімет бойынша, Мақтаарал ауданындағы Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас ауылдарында барлығы 620 тұрғын үй қираған. Тұрғындар қауіпсіздігін сақтау мақсатында ауылдардың кіреберісіне блок-бекеттер қойылыпты.


    «Су басу қаупі бар басқа ауылдарды аман сақтау шаралары жүргізілуде. Егер қауіп болмаса онда әрі қарай эвакуацияны жалғастырудың маңызы жоқ. Егер судың таяп келе жатқанын байқасақ онда өзіміз ұйымдасқан түрде адамдарды және үй жануарларын алып шығамыз, барлығын бақылауға аламыз. Бұл жағдайда ең жақын орналасқан – Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай аудандарының әрбірі жекелеген елдімекендерді өз бақылауына алатын болады. Мәселен, Шардара ауданы – Нұрлы жол ауылын, Келес ауданы – Фирдоуси елдімекенін, Сарыағаш ауданы – Жайлыбаев ауылын бақылайды. Қазір барлық аудан әкімдеріне тапсырма берілді. Олар кез-келген сәтте эвакуация жасауға дайын. Команда берілсе эвакуация іске асады» деген еді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев

    Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазір төтенше оқиғаға байланысты 120 медициналық қызметкер жұмыс істеп жатыр. Су басқан ауыл тұрғындары орналастырылған мектептердің әрқайсында 12-15 медицина маманы жұмыс істеуде.

    Апат Өзбекстанның Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуынан басталған. Ресми дерекке сүйенсек, Сардоба бөгетінің бұзылуына қатты тұрған жел мен нөсер жауын себеп болған. Осы орайда аталған су оймасы туралы интернеттен ақпар іздеп көрдік. Табылғанының өзі там-тұмдап қана дерек береді. 

Сардоба су қоймасы 2010-2017 жылдар аралығында салынған. Өзбекстандық БАҚ мәліметінше, су қоймасы құрылысының бастамасын сол кезде премьер-министр болып Мирзиеевтің өзі көтерген. Су қоймасы 922 миллион куб метр суды сыйдыра алады. Биіктігі – 28,8 метр. 23 сәуір күні бұл жерде қуаттылығы 10,7 МВт, өндіріс көлемі жылына  41,1 млн кВт болатын су электр станциясының құрылысы басталды. Жалпы құны 21,3 млн еуро болатын құрылысты ресейлік «Росэксимбанк» қаржыландырмақ. Бас мердігер компания – «Силовые машины» (Ресей). СЭС құрылысын аяқтау 2022 жылға жоспарланған. 

Біразын желі қолданушыларынан кезіктірдік. 
    «Екі мемлекетті бірдей абыржытқан Сардоба су қоймасы 2017 жылы пайдалануға берілген. Құрылысшылардың жағдайы белгілі... 2009 ж. Қарағанды қаласында "Бесоба" тұрғын үй кешенін еске алсақ жетіп жатыр.. Қытай инвестициясына салынған су қоймасының жобасы дұрыс жасалмағаны спутник картада көрініп тұр. Геодезистер мен топографтар жер бетінің тегістігін анықтайтын «нивелир», «профилограф» т.с.с. аппараттарды пайдаланбаған секілді. Қойманың солтүстік-шығыс беті суға толы да, оңтүстік-батыс шеті бос жатыр» деп жазады Өмір Шыныбекұлы. 

Бақтыгүл Ауданова да су қоймасы құрылысына қатысты пікірін білдіріпті. 

«Сардоба су қоймасы құрылысы басталған кезде-ақ, мұның жалпақ Мырзашөл өңіріне қауіпті екені айтылған еді. Өйткені жер сор, құмшауыт. З жылда мынадай мінез көрсеткен қойма салынар кезінде дұрыс жоспарланды ма? Оның елге тигізер зияны туралы,сақтандыру шаралары туралы жоспарлар болды ма? Мен білетін геодезист мамандар құрылыстың дұрыс болмағанын айтуды. Шардара су қоймасынан 5 есе кіші, сыйымдылығы 1млрд. текше метрді ғана құрайтын дамбаның бұзылған бір ғана ұстынының кесірі мынау. Басқасын ойлаудың өзі қорқынышты. Мұның артында басқа да күрделі мәселелер тұрғаны анық. Оның бірі бұл жағдайдан кейін Жетісай мен Мақтаарал өңірінің халқы біртіндеп көшуі мүмкін» деп жазады ол желідегі парақшасында. 

Желі қолданушысы Кирилл Павлов өңірдегі жағдайды баяндап, парақшасында ақпар қалдырған.

"Төтенше жағдай департаменті тікұшағына мініп, ІІМ вице-министрі Юрий Ильинмен әңгімелесудің сәті түсті. Вице-министрдің сөзінше, су 10-15 күннен кейін кетеді. Алайда бұл уақытта тұрғындар ауылға қайта орала алмайды" деп жазады ол. 

Жалпы, су қаупінің барлығы дерлік негізінен трансшекаралық өзендер түйткілінен туындайды. Қазақстанда Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу осы санаттағы өзенге жатады. 31 қаңтарда БАҚ бетінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында су ресурстарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану мақсатында трансшекаралық су нысандарын бірігіп басқару және пайдалану туралы үкімет аралық келісімге қол қойылатыны туралы ақпарат шыққан. Ол жерде Өзбекстанның су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев пікір білдірген.

«Тараптардың бірлескен жұмысының арқасында Сырдария өзенінің орта ағысында сумен қамтамасыз ету шарасы күшейтілді. «Достық» мемлекет аралық каналы аумағындағы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету және каналды сумен қамтамасыз ету Тоқтағұл су қоймасы мен Бахри Точик су қоймасының су жіберу режиміне тәуелді болуы Өзбекстан үшін де, Қазақстан үшін де алаңдатарлық жағдай тудырады. Тоқтағұл су қоймасы мен Бахри Точик су қоймасының тұрақты жұмыс істеуі үшін бассейн елдерінің бірлескен әрекеті қажет» деген болатын министр. 

Су және жер қатынастары мәселелері бойынша заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, су қоймаларының қараусыз қалуы апаттың туындауына себеп болуда.

Қазіргі кезде су шаруашылығы нысандары, канал мен қоймалар жекенің қолында кеткен. Сондықтан су қорғау аймағына енуі тиіс жерлер қараусыз қалған. Тағы бір мәселе – бізде су тасқынын болжайтын бекеттер жетіспейді» дейді. Қазір Қазақстанда 328 гидрологиялық бекет бар екен. Ал дүниежүзілік метеорологиялық ұйым талабы бойынша бір елдегі ондай бекеттердің саны 800-ден кем болмауы керек. 

«Су кодексіміз болса да суды реттеуге жол таппай отырмыз. Кеңестік жүйені сағынғаным емес, бірақ ол заманда жер және су заңнамамыз жақсы жұмыс істейтін еді. Ал қазір өзен мен көл бойындағы су қорғау нысандары су қорғау аймақтарынан шығарылып тасталған. Оның орнына үйлер салуға рұқсат берілген. Су қорғау аймағындағы жерлердің тұрғын үй үшін берілуі – су тасуына тікелей әсер етпес, алайда аталған жер су қорғау аймағының меншігінде болса қаншама отбасы зардап шекпес еді деп ойлайсың» дейді заңгер. 

Гидролог ғалым Абдолла Самсақовтың сөзінше, жоғары ағыс бойында тұрған елдер төменгі ағыс бойындағы елдердің мүддесін ойламайды.

«Мәселен, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай сияқты елдер суды қай кезде тежеп, қай кезде жіберуді өздері шешеді. Соның кесірінен жыл сайын оңтүстік облыстар қатер күтіп, қорқып отырады» дейді ол.

Осыдан екі жыл бұрын Алматыда өткен дүниежүзілік банк форумында «Қазақстан су тасқыны салдарынан жыл сайын 3 млрд доллар шығынға ұшырайды» деген дерек келтірген. Одан бері бұл сома еселеп өсті ме, әлде ел үкіметі оның көлемін қысқартуға жұмыс істеп жатыр ма, ол жағы белгісіз. Қай баспасөзді ақтарып қарасақ та трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз жүргізу бастамасын көтерген жаңалық оқи алмадық. Енді тек сол бастама Мақтаарал апатынан кейін қолға алынады деген үміт бар. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif