Коронавирусқа қарсы вакцинаны қай ел бірінші дайындап үлгереді? Қордай ауданында вакцина әзірлеу жұмыстары басталды

Жарияланды
Вакцина Ресейде қыркүйекте дайын болуы мүмкін

Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцина дайындалып жатыр. Ауруға қарсы екпе қазір Қордай ауданындағы биологиялық қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын ғылыми-зерттеу институтында әзірленуде. 

Мұндай ақпаратты пандемияның Қазақстандағы ахуалы жайлы хабарлап отыратын coronavirus2020.kz сайты таратты. Онда Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың институтқа барып, дайындық жұмыстарымен танысқан.

Аталған институт 1958 жылы құрылған. Стратегиялық маңызды мекеме дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, АҚШ аурулардың алдын алу және бақылау орталығымен бірлесе еңбек ететін, тәжірибелі мамандардан құралған іргелі орталық екен. Осы уақытқа дейін мекеме препараттардың 67, вакциналардың 30 атауын дайындап шыққан. 16 тест жүйесі мен 15-тен көп биопрепараттарды өндіріске енгізген. Жылына 27 миллионнан астам вакцина дозасын жеткізеді екен. Енді мұндағы ғалымдар коронавирустің бетін қайтаратын вакцина әзірлеуге белсене кіріскен. 

    «Президенттің осындай ғылыми орталықтарды қолдау туралы тапсырмасы бар. Сіздердің жұмыстарыңыз ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосады, кез-келген уақытта туындауы мүмкін әртүрлі пандемия зардаптарын азайтады. Мынадай қиын заманда аурудың ешкімді де аямайтыны анық түсінікті болды. Мұндай кезде Қазақстан ғаламдық проблемаларға тиісті жауап бере алатын ғылыми орталықтар жүйесін құруы керек. Облыс билігі зауыт құрылысына көмек береді» депті Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына жасаған жұмыс сапарында. 

Осыған дейін «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» жанындағы Оқу ғылыми білім беру орталығының директоры Хайролла Әбеуов вакцинаны жасап шығуға бір жыл уақыт кететінін айтқан еді. 

«Вакцина алдымен жануарға жасалып, сосын коронавирусқа шалдықпаған ерікті адамдарға салынады. Зерттеуге қатысқаны үшін адамдарға ақы төленуі мүмкін. Вакцинаны жасап шығу бірнеше кезеңнен тұрады. Кандидаттық штаммды алу, дайындау технологиясын құру, сынақ қауіпсіздігі сияқты мәселелер бар. Биологиялық процестерге байланысты зерттеуді жылдам жүргізу мүмкін емес»,– деген болатын ғалым. 

Өзге елдерде де әлемді дүрліктірген кеселдің алдын кесетін екпені ойлап табудың қамына кіріскен. Осыдан бір апта бұрын Италия ғалымдарының коронавирустың күшін әлсірететін вакцина ойлап тапқаны жайлы ақпарды Daily Mail басылымы таратып еді. Вакцина алдымен зертханада тышқандарға жасалып, тексерілген. Сонымен қатар тышқандардан антитела анализін алған. Зерттеу барысында антителаның Covid-19-ды лабораториялық жағдайда өлтіре алатыны анықталған. Ал бұл вакцина адамдарға күзде салынуы мүмкін. 
Ал Ресейде вакцина еріктілерге салынғаннан кейін күзде ресми тіркелмек. Бұл жайында 14 мамыр күні «Вектор» ғылыми орталығының бас директоры Ринат Максютов президентке берген есебінде мәлімдеген. Максютовтың айтуынша, жақын арада вакцинаның клиникаға дейінгі зерттеу жұмыстарын жүргізу басталмақ. Бұл кезең шілде айында аяқталады. Одан соң 300 еріктіге салынып, клиникалық зерттеуге ұласады. 

Жалпы, бүкіл әлемде 7 вакцина түрі сынақтан өткізіліп жатыр. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың айтуынша, әлем ғалымдары Covid-19-дың көзін жоятын вакцина жасау үшін бас қатыруда. Оның ішінде екі бірдей қазақстандық институт та бар.

«Қазіргі кезде әлем бойынша жеті үміткер-вакцина клиникалық сынақтан өткізіліп жатыр. егер клиникалық сынақ сәтті нәтиже берсе, бұл коронавирусқа қарсы күрестегі үлкен жеңіс болар еді. Вакцинаны әлемнің әртүрлі елінен жиналған жеті ғылыми ұжым әзірлеген»,– деді Айжан Есмағамбетова. 

Covid-19-ға қарсы вакцина әлем бойынша тегін болуы мүмкін. Бұл туралы БҰҰ бірлескен бағдарламасының ресми сайтында хабарланған. Онда әлем бойынша 140-тан астам сарапшы мен мамандардың коронавирусты емдеу мен тексеру жұмыстарының барлық жерде тегін болуын сұрап ашық хат жазғаны айтылған. Үндеу 18-19 мамырда болатын дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы қарсаңында жарияланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі осы отырысқа министр Елжан Біртановтың қатысатынын да растаған. Аталған жиын виртуалды түрде өткізілмек. 

 

Сондай-ақ оқыңыз