Биыл қазақстандықтар қай елдерге саяхаттай алады?

Жарияланды
Жылжымайтын мүлік бөлімінің редакторы
Таңдау аса көп емес

Дүние жүзінде ондаған мемлекет COVID-19 шарықтау шегіне жетіп, ауру жұқтырғандардың күнделікті өсімі төмендеп келе жатқанын жариялады. Бұл мемлекеттердің билігі шектеу шараларын ақырындап жеңілдетіп, инфекцияның қайта таралуының алдын алу үшін жаңа стандарттар енгізіп жатыр. Олардың бірқатары биыл маусым айынан шекарасын туристерге ашуға дайын. 

Еуропа 

Еуропа одағы шекараны кезең-кезеңімен ашу тәсілін ұстанады: алдымен одақ құрамындағы елдердің шекарасы ашылып, содан кейін сыртқы шекараны ашуды жоспарлап отыр. Бұл жоспарды сәуір айының ортасында Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Еврокеңестің төрағасы Шарль Мишель Еуропа Одағының COVID-19 дағдарысынан шығу жол картасы аясында ұсынды. ЕО елдері мамыр айының ортасына қарай жолаушылардың денсаулығын қорғау үшін жаңа қызмет көрсету стандартын әзірлеуді жоспарлап отыр. Ал туристердің «шенген» визасын алуы үшін қосымша құжат – коронавирусқа тапсырылған тесттің теріс нәтижесі туралы анықтама қажет болуы мүмкін. Тест тапсыру мен визаға өтініш беру арасы 2 аптадан аспауы тиіс.

Германия ЕО елдері арасындағы шекарасын жазда ашу мүмкіндігін талқылауда. Алайда Шенген аймағының ішінде тек ЕО елдерінің тұрғындары саяхат жасай алады. Басқа туристер үшін Германия шамамен қыркүйек айына дейін жабық.

Ал Грекияда шектеу 27 сәуірден біртіндеп алына бастады. Сертификат алған туристік насандар мен отельдер жұмысын 1 маусымнан бастайды. Оларға шетелдіктердің келуі өзге мемлекеттердің шекарасын қай уақытта ашатынына байланысты. 

«Қазір маусым ашылуына қатысты бірнеше сценарий бар: біреуі 1 шілдеден басталады десе, екіншісі — айдың ортасынан деп болжам жасап отыр», — деп түсіндірді TEZ TOUR Греция басқарушы директоры Димитрис Харитидис.

Жалпы ішкі өнімінің 13%-ы туризмге тиесілі Италия шекарасын шетелдік туристер үшін 2020 жылдың соңында ғана ашуды жоспарлап отыр. Осы орайда La Repubblica газеті Италия мәдениет министрі Дарио Франческинидің  «Бәрінің проблемасы ортақ және елдің бәрі саяхаттағысы келеді, алайда биыл  халықаралық туризм  үшін жол жабық», – деген сөзін келтіреді. 

Туристік саланы ішкі туризм есебінен қалпына келтірмек. 4 мамырдан саябақтар ашылып, бар мен мейрамханалар жұмысын бастайды. Спортпен айналысуға, ел ішінде қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып жүруге рұқсат беріледі. 18 мамырдан музей мен елдің басты көрнекі орындары, соның ішінде Помпейдер мен Колизей ашылады. Әлеуметтік қашықтықты ескере отырып, жағажайлардың жұмыс тәртібін әзірге дәрігерлер мен сарапшылар талқылап жатыр. Ішкі туризмді қолдау үшін Франческини Үкіметке жазғы демалыс маусымында ел ішінде саяхаттайтын отбасылар үшін бонус енгізуді ұсынды.

Daily Mail-дің жазуынша, Сицилия туризмді қалпына келтіру стратегиясын жасап жатыр, оған аймақ билігі 50 млн еуро бөлмек. Арнайы ваучерлер туристерге отель құнының жартысын төлеуге және музей, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген жерлерге тегін билет алуға мүмкіндік береді. Ваучерді Visit Sicily сайтынан алуға болады. 

Испанияда қонақ үйлердің ашылуы маусым айының екінші жартысына жоспарланған. Бірақ 2020 жылы олар тек ішкі нарыққа жұмыс істейтін болады. Жергілікті газеттердің хабарлауынша, биыл ел шетелдік туристерді қабылдамайды. Exceltur туркомпаниялар қауымдастығының болжамы бойынша, Испанияның сыртқы шекараны жабу салдарынан келетін шығын жазғы маусымда 90 млрд еуроны құраса, желтоқсанға қарай ол 124 млрд еуроға жетпек.

Франция карантинді 11 мамырға дейін созды. Ел президенті Эмманюэль Макрон мемлекет шекарасы қыркүйекке дейін жабық болады деп пайымдайды. Дегенмен, туристік қауымдастық шетелдіктерді тамыз айынан қабылдаудан үмітті – «Тур де Франс-2020» веложарысы дәл осы айға шегерілген болатын. 

Хорватияда карантин 4 мамырға дейін жалғасады. Кірісінің 90 пайызын шетелдік туристер әкелетін ел жаздан бастап қонақ қабылдауға дайындалып жатыр. Хорватияның туризм министрі Гари Капеллидің айтуынша, ең алғашқы туристер Чехиядан келеді:
«Біз бұл мәселені Чех Республикасымен талқыладық, тараптардың әрқайсысы туризмді жаңғырту бойынша өз ұсыныстарын дайындайды», – деп келтірді министрдің сөзін RTL Today басылымы. Қазақстандықтар бұл елге маусым айынан бастап саяхаттай алады.

Чехия билігі 24 сәуірден өз азаматтарына шетелге шығуға рұқсат берді, алайда келген кезде міндетті түрде карантинде отырады. Сонымен қатар, 27 сәуірден ЖОО, кітапхана, хайуанаттар бағы және кейбір дүкендер жұмысын қайта бастады. 11 мамырдан СОО, музей мен шаштараздар ашылады деп жоспарланған, ал мамыр айының соңына қарай мейрамханалар мен қонақ үйлер өз жұмысын бастайды.Әзірге шетелдіктердің келуіне рұқсат жоқ. Сәуір айының ортасында Prague газеті бұл шектеу 2020 жылдың соңына дейін өз күшінде қалады деп хабарлады.

Египет  

Египеттің отельдері елдегі эпидемиологиялық ахуал қалай жақсарады, солай ашылуға дайын. Алайда келушілер инфекция жоқ  деген анықтама ұсынып, қонақтар тек отельдің төрттен бір бөлігін ғана мекендеуі тиіс. Бұл туралы Sada el-Balad телеарнасына берген сұхбатында Қызыл теңіз провинциясының губернаторы Әмір Ханафи мәлімдеді. Мысыр отельерлері  шетелдіктерді қабылдау қыркүйек айында қалпына келеді деп пайымдайды. «Kompas» туроператорының бас директоры Анна Соловьева Мысыр бағытындағы турлар маусымның соңынан жандана бастайды деген пікірде.

Израиль

Израиль карантиннен 17 сәуірден кезең-кезеңімен шыға бастады. Дүкендер ашылып, тұрғындардың көпшілігі жұмысқа оралды. Израиль туризм министрлігінің департаменті «Интерфакс-Туризм» порталына: «Алдымен Израиль азаматтарының ел ішінде саяхаттауына мүмкіндік ашылады. Бұл ретте ұзақ карантин кезінде адамдардың бойы үйренген қорғаныш құралдары: қолғап, маска және антисептикті үнемі пайдалану талабы қойылуы мүмкін», – деп пікір білдірген.

Барлық санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін қонақ үйлер ең бірінші ашылады. Бұл ретте мейрамхана мен қонақ үйлердегі басқа да қоғамдық аймақ бірден жұмысын бастамайды: қонақтардың ас-ауқаты нөміріне жеткізілетін болады. Әуе қатынасына келер болсақ, оны жаздың соңына қарай  қайта жандандыру жоспарланып отыр.

Кипр 

Туризм министрінің орынбасары Саввас Пердиостың айтуынша, Кипр шілдеден бастап шетелдік туристерді қабылдаудан үмітті. Туризм министрлігінің есебі бойынша,  биыл елге шамамен 1,5 млн шетелдік келуі мүмкін, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда, 60%-ға аз.

Қытай

Қытай наурыз айының соңында-ақ ішкі туризмді жандандыра бастады. Тұрақты халықаралық әуе қатынасын қайта жаңғырту туралы ресми ақпарат әзірге жоқ. Алайда «Kompas» туроператоры Қытай бағытындағы чартерлік бағдарламаны тамыз айына таман қосуды жоспарлап отыр.

Мальдив аралдары

Мальдив туризм басқармасы елдің 27 курорты турист қабылдауды бастағанын хабарлайды, алайда ондағы қонақтардың қатары сирек. Қалған курорттар реновацияға жабылған немесе қызметін тоқтатқан. Жұмысын қайта  бастаған отельдер сақтық шараларын барынша сақтауға тырысады, себебі  қонақтардан ауру белгісі анықталса, бүкіл курортты карантинге жабады.

БАӘ

Дубай мен әмірліктің өзге де қалаларында 24-25 сәуірден мейрамхана мен дәмханалар (кальян және швед үстелінен басқа) жұмысын қайта бастады. Алайда бірқатар шектеу бар, келушілердің қатары тамақтану орынының үштен бір бөлігінде ғана отыруы тиіс. Қонақ үйлер де жұмысын бастады, алайда қонақтар бассейн, жаттығу залы мен SPA-ны әзірге пайдалана алмайды. Барлық қызметтер тек жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді. Шетелдік саяхатшылар маусымның екінші жартысында ғана ұшып бара алады. «Kompas» туроператорының жетекшісінің айтуынша, әзірге ел әуежайларында коронавирустық инфекциямен ауырған адамдарды анықтайтын заманауи жабдықтарды орнатылып жатыр. 

Таиланд 

Таиланд билігі карантинде туристік нысандар: отель, мейрамхана, SPA, дүкен мен көлікті сертификаттауды қолға алған. Тайланд туризм басқармасы бұл жоба туристік салаға деген сенімді күшейтіп, дағдарыстың әлеуметтік-экономикалық салдарын жұмсартуға мүмкіндік береді деп тұжырымдайды. Елде ең алдымен ішкі туризм іске қосылады. Мәселен, Пхукет 1 мамырдан ашылады деп жоспарланған. Thai Lion Air және Thai Air Asia әуе компаниялары ішкі рейстерге осы күннен бронь ашқан. Туризм басқармасының дерегі бойынша, 2020 жылы шетелдік туристердің саны 24 миллионға дейін төмендейді. 

Түркия

Ең оптимистік болжам бойынша, Түркия ішкі туризмді 1 мамырдан, ал шетелдік туристерді қабылдауды мамырдың аяғынан қабылдаудан үмітті. Түркия Мәдениет және туризм министрі Мехмет Эрсойдың айтуынша, шетелдік турист ағынын қалпына келтіру Азия нарығынан басталады. Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Африка және Таяу Шығыс елдерінің туристері  Түркияға шілде айының ортасынан немесе тамыз айының соңына қарай бара алады. 

Алайда әуе компаниялары Қазақстанға қатысты одан да жақсы сценарий қалыптасатынынан  үмітті. Мәселен, Turkish Airlines әуе компаниясының сайтынан Алматыдан Стамбұлға 16 мамырдан 373,2 долларға билет брондауға болады. Ал Scat Airlines, Aladia Airlines, Belavia компаниялары тіпті 2 мамырда Алматы-Стамбұл бағытында Шымкет, Ақтау, Минск арқылы билет сатуға дайын. 

Шетелдік туристерді тарту үшін туризм саласындағы мекемелерді арнайы сертификаттау енгізілмек. Бұл сертификатты эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын қатаң ұстанатын қонақ үй, мейрамхана, көлік құралдары, көрнекті орындар, әуежай, дүкендер алады. Осы елдегі көптеген қонақ үй  биылғы маусымды желтоқсан айына дейін ұзартпақ.

Қазақстан

Қазақстанда карантин 11 мамырға дейін ұзартылды, десе де карантин режимі ақырындап жеңілдетіліп жатыр, 1 мамырдан Астана мен Алматы арасында әуе рейсі ашылады.
Сарапшылардың болжамы бойынша, егер Үкімет ТЖ режимін алып тастаса, ішкі туризм маусым айынан жандана бастайды. Турфирмалар жаздың бірінші айында саяхатшылар үшін бірқатар ұсыныс дайындап отыр: Алакөл, Бурабай, оған қоса демалыс күнгі танымдық және экологиялық турлар. Егер халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілсе, маусым айының соңына қарай қазақстандық туристер Шығыс Еуропа елдеріне: Болгария, Грекия, Черногория, Хорватия, мүмкін тіпті Египет мен БАӘ-ге бара алады. «Kompas» туроператорының мәлімет бойынша, аталған елдер қазақстандықтарды қабылдауға дайын екенін растаған. 

Шілде айында ел ішіндегі туристік нысандар тізіміне Батыс Қазақстанда салынып жатқан Rixos Aktau бес жұлдызды курорттық қонақ үйі қосылады. Шілде-тамыз айларында  Қырғызстанға (Ыстықкөлге), Түркия мен Қытайға бару мүмкіндігі тууы ықтимал. 

Әр мемлекеттің шекарасы қай уақытта ашыларын тек болжауға болады, өйткені шектеу нақты сол елдегі эпидемиологиялық жағдайға тікелей байланысты. «Тек бір нәрсені ғана нық сеніммін айтуға болады: туристік нарық бұрынғыдай болмайды» деп тұжырымдайды сарапшылар. 

Сондай-ақ оқыңыз