Газ бен бензин, дизель бағасын мемлекет реттейтін болды

Жарияланды (жаңартылды )
Бұл шара 6 айға қабылданған

Еліміздегі әлеуметтік-экономкалық жағдайға қатысты өткен кеңесте газ бен бензин, дизель бағасын мемлекет реттейтіні белгілі болды. Бұл шара 180 күнге енгізіліп отыр.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияға жол бермеу атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі екенін, бірақ оның орындалмағанын айтып өткен. 

– Бұл ел Үкіметінің келесі құрамының және министрлер кабинетінің жаңа басшысының ең басты  міндеті болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының артуына байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, сондай-ақ «Қазмұнайгаз» бен «Қазақгаз» кәсіпорындары кінәлі екенін айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аталған саланы реформалауға қатысты жүйелі әдістің жоқ екенін атап өтті.

– Ешкім өзін үнемі шығынға ұшырата бермейтінін түсіну маңызды. Еліміз газ және газ өңдеу салаларында инвестициясыз, тіпті газсыз қалуы да мүмкін. Сондықтан жүйелі, бірақ ойластырылған және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын реформалардан басқа жол жоқ. Алдағы уақытта газ саласын сапалы түрде қайта қарап, ішкі нарықты тауарлық газбен толыққанды қамтамасыз ету керек, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Президент қазіргі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ең алдымен атқарылатын шаралар туралы баяндады.

– Біріншіден, мен Маңғыстау бойынша Үкіметтік комиссияның ұсынған шаралар кешенін мақұлдаймын. Екіншіден, монополияға қарсы органға Кәсіпкерлік кодекстің 119-бабына сәйкес сұйытылған газдың бағаларын 180 күнге уақытша бағалық реттеуді енгізуді тапсырамын. Облыстарда халық үшін шекті бағалар өткен жылдың соңындағы баға деңгейінен аспауға тиіс. Үшіншіден, Үкіметке сұйытылған газды электрондық сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға шегеруді тапсырамын. Осы кезеңде нормативтік-құқықтық базаны мұқият әзірлеп, сауда алаңдары жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету, бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізу қажет. Төртіншіден, Бас прокуратураға бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді тапсырамын. Тергеуді жедел жүргізіңіз. Жиырма күн ішінде есеп беріңіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма берді:

1. Мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге  енгізу;

2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу. Шешімді нақты аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің әкімдері қабылдайды;

3. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге кірісу;

4. Халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру;

5. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру;

6. Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру.

Бұған дейін Премьер-Министр Асқар Мамин қызметтен босату жөнінде өтініш беріп,  Мемлекет басшысы оның өтінішін қабылдағаны хабарланған.  ҚР Конституциясына сәйкес Премьер-Министрдің қызметтен босатылуы бүкіл Үкіметтің өкілеттігін тоқтатқанын білдіреді. Үкімет мүшелері жаңа құрам жасақталғанша, өз міндеттерін атқара береді. Премьер-Министрдің міндетін атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.

Еліміздің Батыс өңірінде басталған газ бағасының қымбаттауына қарсы бейбіт шеру ел аумағындағы жаппай наразылық шарасына ұласты. Алматы қаласы мен Маңғыстау облысындағы жағдайды тұрақтандыру үшін 5-19 қаңтар аралығында төтенше жағдай жарияланды. Кешкі 11 мен таңғы 7 аралығында комендаттық сағат енгізіледі. 
 

Сондай-ақ оқыңыз