Түркістан облысында мақтаның тоннасы 250 мың теңгеден қабылдануда

Жарияланды
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың теңгеге қымбат

Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай аудандарында алғаш болып мақта терімі басталды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шитті мақтаның бір тоннасы 250 мың теңгеден қабылдануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың теңгеге қымбат. Өңірде 18 мақта өңдеу зауыттарының 206 мақта қабылдау бекеттері жұмыс істейді. Биылғы жылы 110 мың гектар алқапқа мақта дақылы егілген. Жоспар бойынша 250 мың тонна шитті мақта жиналуы керек. 

Биылғы қуаңшылыққа қарамастан  мақталы аудандардың шаруалары ағын суды артығымен алды. Тыңайтқыш пен тұқымдық шиттен таршылық көрмей, жеңілдетілген бағадағы жанар-жағармай да жеткілікті болды, дейді. 

 «Осының барлығы Елбасының қолдауымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқанын біліп отырмыз. Көрші Өзбекстан елімен келісімге келіп, ағын суды арттырғанын көрдік. Соның арқасында ағын судан таршылық көрмедік. Мемлекет қолдауымен селитра мен дизель де жеткілікті болды. Осындай халыққа қызмет етіп жатқан ел ағаларының жұмыстары жүре берсін. Елдің рахметін алып жатыр, халық ризамыз. Диқандардың барлығы қуанышты, табыстары жақсы, бұдан жігірленіп, келер жылы жұмыс істейміз деп ойлаймыз»,-деді шаруа қожалығының иесі Мұрат Құрбанов. 

Сондай-ақ оқыңыз