Алакөлге жазда пойыздармен 180 мыңнан астам жолаушы тасымалданды

Жарияланды
Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 42 мың адамға көп

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да Алакөл курорттық аймағы бағытында жолаушылар тасымалы жазғы маусымының қорытындысы шығарылып, келесі жылға сапаны жақсарту шаралары қаралды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтың төрағалығымен өткен кеңеске ҚР ИИДМ, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің, «Атамекен» ҰКП және жеке тасымалдаушылар мен туристік компаниялар өкілдері қатысты. 

 Биыл танымал бағыт саналатын Алакөлге дейін 11 пойыз жүрді (8 – «Жолаушылар тасымалы» АҚ, 3 – жеке тасымалдаушылар). Теміржол көлігін 182 мың жолаушы пайдаланды. Бұл  2020 жылмен салыстырғанда  42 мың адамға көп. Көліктік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін Жалаңашкөл, Көктұма және Ақши станцияларындағы жолаушылар платформалары ұзартылды. 

Қанат Әлмағамбетов компанияда 2022 жылдың жаз мезгілінде Алакөлге  дейін жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленгенін хабарлады. Келесі жылы осы бағытта жүретін пойыздар саны сақталады. Барлық вагондар ауа баптау жүйесімен жабдықталады. 

  Сондай-ақ, кеңесте электронды билеттерді сату және қайтару жүйесінің ерекшеліктері қаралды. Туристік бизнес өкілдері демалысты алдын-ала жоспарлаған саяхатшылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жол жүру билеттерін ертерек брондау мерзімдерін қайта қарауды сұрады. 

Қанат Әлмағамбетов «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на туроператорлар үшін темір жол билеттерін ерте брондау тәртібін реттейтін ережелерді әзірлеуді тапсырды. 
 

Сондай-ақ оқыңыз