Kazsat-2 жерсерігінің орбитада жүргеніне – 10 жыл

Жарияланды
KazSat-2 қызметін 11 ірі оператор пайдаланады

Осыдан 10 жыл бұрын, 2011 жылдың 16 шілдесінде Байқоңыр ғарыш айлағынан қазақстандық Kazsat-2 байланыс және хабар тарату жерсерігі ұшырылған. 

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметі бойынша, Kazsat-2 ғарыш аппаратының қызмет ету аймағы Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия елдерін қамтиды. Орбитада 86,5° шығыс бойлықта орналасқан ғарыш аппараттарының белсенді өмір сүруі 12,5 жылға есептелген. Техникалық ресурс 14,5 жылды құрайды.

Kazsat-2 іске қосылғаннан кейін байланыс операторларына байланыс қызметтерін ұсыну, ақпараттық қызмет аясын кеңейту, электронды үкімет, интернет және ұялы байланыс жұмысын жақсарту мүмкіндігі айтарлықтай өскен. 

«KazSat-2 жерсерігі пайдалануды бастағаннан кейін 10 жыл өткен соң да штаттық режимде жұмыс істейді. Қазіргі кезде ғарыш кемесінің жүктемесі 70% құрайды. KazSat-2 қызметтерін 11 ірі жерсеріктік операторлар пайдаланады, KazSat-2 ғарыш аппараты арқылы жұмыс істеуге рұқсат етілген жерсеріктік жер станцияларының саны 5 119 бірлікті құрайды» делінген министрлік таратқан мәліметте. 

Қазіргі кезде екі аппараттан («Kazsat-2», «Kazsat-3») және «Ақкөл» (Ақмола облысы) және «Көктерек» (Алматы облысы) екі басқару кешенінен тұратын «Kazsat» ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі стратегиялық және ақпараттық қауіпсіздікке кепілдік бере отырып, Қазақстан Республикасын байланыс және хабар тарату қызметтерінде толығымен қамтамасыз етеді.

KazSat байланыс жерсеріктерінің қызметтерін ел аумағында 13 мыңнан астам жер станциялары бар қазақстандық 15 негізгі байланыс және хабар тарату операторлары пайдаланады. 

Сондай-ақ оқыңыз