Қазақстан мен Түркия арасында автокөлік тасымалдарында оң динамика байқалды

Жарияланды
2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайыз өсім болды

2021 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан мен Түркия арасындағы автокөлік тасымалдарында оң динамика байқалды: 283,3 мың АҚШ доллары сомасына 91,1 мың тонна тасымалданды. 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайыз өсім болды (62,5 мың тонна). Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда Баку (Алят) – Құрық бағытында теңіз тасымалының құны 1800 АҚШ долларына дейін төмендегенін атап өткен жөн (бұрын тариф 2400 АҚШ доллары болған).

Сонымен қатар, 2020 жылы Қазақстан-Түркия көлік қызметтері нарығындағы Қазақстан тасымалдаушыларының үлесі 18%, Түркияның және үшінші елдер тасымалдаушыларының үлесі тиісінше 56% және 26% құрады.

2016 жылы Автокөлік жөніндегі аралас комиссияның отырысы барысында түрік тарапы Түркиядан Қазақстанға түрік тасымалдаушылары орындайтын рейстер санынан қазақстандық автокөлік құралдарының кемінде 26%-ын жүктеуді қамтамасыз ету бойынша міндеттеме қабылдаған.

Бұл ретте транзиттік-көліктік ынтымақтастықтың серпінді дамуының ажырамас шарттарының бірі – отандық тасымалдаушылардың жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдау нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру және шетелдік тасымалдаушылармен тең құқықтық тепе-теңдік деңгейін қамтамасыз ету.

Тасымалдаулар саласында тепе-теңдікті сақтау мақсатында жыл сайын Тараптар арасында рұқсат бланкілерімен алмасудың өзара келісілген квотасы белгіленеді.

2021 жылға Тараптар арасында тағайындау түрлері бойынша рұқсаттама бланкілерімен алмасу квотасы белгіленген: Қазақстан үшін – 11 000 бланк, Түркия үшін – 12 500 бланк.

Осы квотадан 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қазақстандық тасымалдаушылар үшінші елдерге/елдерден 2137 әмбебап, 3 транзиттік және 1602 рұқсатты пайдаланды.

Түрік тасымалдаушылары үшінші елдерге/елдерден 2787 әмбебап, 5655 транзиттік және 102 рұқсатты пайдаланды.

2021 жылғы маусымда Қазақстан мен Түркияның автотасымалдаушылар қауымдастықтары арасында келіссөздер, сондай-ақ Автокөлік жөніндегі аралас Қазақстан-Түркия комиссиясының кезекті отырысын өткізу жоспарланып отыр. Оның барысында бауырлас екі ел арасындағы өзара тиімді тасымалдарды жүзеге асыру үшін тиісті шешімдер қабылданады.

Сондай-ақ оқыңыз