Мұнаймен аты шыққан Атырау

Жарияланды (жаңартылды )
Батыс Қазақстандағы қаланың тыныс-тіршілігі

Атырау – Қазақстанның батысында, Жайық өзенінің жағасында жатқан, еліміздегі ең бай мегаполистің бірі. «Бұл қалада тек  «көкесіне» сенеді, тек балықтан ет асып береді, бай шетелдіктер көп және ауасы сапасыз» деген сынды таптаурын түсінік таңылған. «Шеврон» мен «Курсив» ұсынған «Нағыз Қазақстан» жобасы аясында атыраулық журналист бұл пікірлердің қаншалықты шындыққа жанасатыны және осы қаланың тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелейді. 

Менің аты-жөнім – Фархат Әбілов, 24 жастамын, тәуелсіз «Ақжайық» газетінің журналистімін. Атырау маңындағы ауылда туып-өстім, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген соң, осы қалада қалдым. Жазда, карантин кезінде жұмыс бабымен Нұр-Сұлтан қаласына барып едім, бірақ қайтып келуге тура келді. Күндердің күнінде өзге қалаға немесе шетелге көшсем де, бұл менің өз қалама деген сезімімнің суығанын білдірмейді. 

Қала халқы жайлы 

«neft,-neft-i-eshhe-raz-neft»-kak-i-chem-zhivet-atyrau.jpg
Атырау орталық көпірінің түнгі көрінісі / Фото авторы – Фархат Әбілов

Статистика департаментінің мәліметінше, Атырауда 365 мың адам тұрады. Оның 88%-ы – қазақтар, 8%-ы  –орыстар, сонымен қатар аз-маз корей, украин, болгар мен армяндар бар. Десе де, ресми статистикада нақты халық саны жағынан да, ұлттық құрамы тұрғысынан да сәл-пәл айырмашылық болуы мүмкін.

Себебі, Атырау – Қазақстанның мұнайлы астанасы, оған Ақтөбе, Орал, Ақтау сынды қалалардан вахталық жұмыс істейтіндер көптеп келеді.  Сонымен қатар, мұнай компаниялары  жұмысқа шетелдік қызметкерлерді, негізінен америкалықтар мен  ағылшындарды көптеп алады. Жергілікті жұрт оларға жылы шырай танытады.  Оған қоса қытайлар да бар, бірақ олар өз зауытының аймағында тұратындықтан, қаладан көп кездестірмейсің. 

Қаланың бүкіл экономикасы мұнайға байланған. Қаладағы ең ірі мұнай өндіруші кәсіпорын – «Теңіз» мұнай кен орнында жұмыс істейтін  Теңізшевройл консорциумы. Бұл компания облысқа мұнай сатудан түсетін салықтың басым бөлігін төлеп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. 
Сонымен қатар, ол әлеуметтік жауапкершілік аясында түрлі жобаларды қаржыландырады, мәселен, қаланы абаттандыруға, спорт және мәдени нысандарға қаражат бөледі.

Одан бөлек, Атырауда стратегиялық нысан – мұнай өңдеу зауыты бар.  Атырау МӨЗ-і екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында салынған, әлі күнге дейін еліміздегі ең ірі зауыттардың бірі саналады. Атырау зауыты жанар-жағармай шығарып, оны Орал, Ақтау мен Ақтөбе қалаларына сатады.

Жұмыспен қамтуға келетін болсақ, Атырауда мемлекеттік немесе квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін адамдар аз. Халық қалыптасқан жағдайды пайдаланып, мұнай саласында жұмыс істегенді жөн көреді. Бұл саладағы орташа жалақы – 300 мың теңге. Сондай-ақ 1 300 000  теңге табатындар да, айлығы 2-3 миллионға жететіндер де бар. Бірақ мұндай  жалақыны тек тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары мамандар алады. Мұнай саласымен ілеспе қызмет түрлері: қызмет көрсету, іске қосу-баптау, құрылыс саласы да қатар жүреді.  Бұл салаларда жұмыс істейтін барлық қызметкерлер  ақшаны жақсы табады. 

Жалпы, мұнайдың арқасында қонақ үй және ресторан бизнесі, такси мен қызмет көрсету саласы да жақсы дамыған.  Негізгі тұтынушылары, кіріс көзі – шетелдіктер болғандықтан, қызмет көрсету сапасы өте жоғары. 

«neft,-neft-i-eshhe-raz-neft»-kak-i-chem-zhivet-atyrau (6).jpg
Жайық суы тартылып, экологиялық апатқа ұшырап барады / Фото  авторы  – Фархат Әбілов

Атырау дегенде, еске балық түсері анық. Әңгіме тек балық шаруашылығы ғана емес, балық өнімдерін шығаратын зауыттар туралы.  Атырауда жасанды тоғандарда бекіре, ақсерке сынды қымбат бағалы балық өсіретін зауыттардыңжұмысы жүріп тұр. Өсірілген балықтың бір бөлігі таза етке кетсе,  бір бөлігі уылдырық үшін, тағы бір бөлігі өңдеуге жіберіледі. Балық  шаруалығы   –  облыс қазынасына мұнайдан кейін қомақты салық төлеп тұрған сектор. 

Қаланың қысқаша тарихы 

Атыраудың көне тарихы оның географиялық жағдайымен тығыз байланысты: қаладан құрлықты Еуропа мен Азияға бөлетін шартты сызық өтеді. Атырау маңында Алтын Орданың Сарайшық қаласы жатыр. Бұл қаланың тұрғындары сауда және мал шаруашылығымен айналысқан, археологтар әлі күнге дейін әртүрлі көне тас, ыдыс-аяқ, үй жабдығы мен әшекейлер тауып жатады.

Ұлы империя құлаған соң, кіші жүздің жері Қазақ хандығына қарайды, бұл мекенді әлі күнге кіші жүз руларынан тараған ұрпақ мекендейді.

«neft,-neft-i-eshhe-raz-neft»-kak-i-chem-zhivet-atyrau (10).jpg
Атырау облысындағы Тұздыкөл көлі / Фото  авторы – Фархат Абилов

Қазақ хандығы билігі мен елдің Ресей империясына қосылар аралыңындағы уақыт – бұл өлкенің тарихындағы қызық та қилы кезең. Жергілікті халық биліктің «жаңашыл» тәртібіне мойынсұнғысы келмей, таяқ ұстаған қойшыдан бастап, ел билеген бай-билерге дейін көтеріліске шықты. Бұл жақтың тұрғындары намысшыл ғана емес, жауынгер халық болған, көрші жатқан шағын тайпалардың ірілі-ұсақты шабуылдарының бетін бірден тойтарып отырған. 

«neft,-neft-i-eshhe-raz-neft»-kak-i-chem-zhivet-atyrau (8).jpgТұздыкөл көлі – атыраулықтардың сүйікті демалыс орны / Фото авторы – Фархат Әбілов

Қалаға  Атырау атауы беріректе берілген. Бұған дейін орыс жерінен қоныс аударған, Жайық өзенінде балық кәсібімен алғаш айналысқан  казак – Гурий Назарьевтің құрметіне Гурьев деп аталған еді. Қала халқы да осы кәсіп айналасында қоныстанады.

Атырау халқы кеңес билігін аса жақтыра қойған жоқ, үнемі қарсылық танытып отырды. Алайда  одан еш нәтиже шықпай, қала керісінде стратегиялық нысанға айналды. Бұл  қалада аса маңызды темір жол тораптары, кеме айлақтары орналасты. Алғашқы мұнай кен орындары да кеңес одағы кезінде игеріле бастады. 

Баға қандай?

Атырау – қымбат қала, оның себебі де түсінікті. Кейінгі кездері құрылыс қарқыны артқан, пәтерлері арзанға түспейтін заманауи тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Егер «ескі қала» жақтан 1 бөлмелі пәтерді 6-8 млн теңгеге аласаң, 2 бөлмелі – 12-13 млн теңге, 3 бөлмелі пәтерлер 15 миллионнан басталса, жаңа ТК-де баға біршама қымбат. 

Krisha.kz  сайтының дерегіне сүйенсек, жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтер мен  қаланың басқа жағындағы пәтер бағасының айырмасы – бөлме саны мен аумағына байланысты – 4-5 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. 

Баспана жалдау ақысы да оның қай жерде орналасқанына байланысты. Қаладағы жай үйлерден 60 мың теңгеге  – бір бөлмелі, 80 мың теңгеге  –екі бөлмелі, 3 бөлмелі пәтерді 100 мың теңгеге жалдауға болады. VIP санатындағы пәтердің жалдық ақысы да қымбаттау.

Атырауда бір-бірімен бәсекелес, жергілікті кәсіпкерлер ашқан екі супермеркет –«Идеал» мен «Лидер» желісі жұмыс істейді. Сонымен қатар «Сарайшық» сынды базарлары да бар. 

«Лидер» супермаркетіндегі азық-түлік бағасы:
* Сиыр жон еті, 1 кг – 2200-2500 теңге;
* «Краков» шұжығы  – 1400 теңге;
* Сиыр еті, 1 кг– 2490 теңге;
* Сазан еті 1 кг – 1700 теңге;
* Тауық еті – 1600 теңге;
* Қияр – 790 теңге;
* Қызанақ – 545 теңге;
* Картоп, пияз, сәбіз, қызылша – 150 теңге;
* Нан –100-120 теңге;
* Ұн-300-320 теңге;
* Май –710 теңге;
* Ірімшік – 3600 теңге;
* Поляк алмасы  – 450 теңге.

Атырауда қоғамдық көлікте жол жүру құны картамен – 80 теңге, картасыз –150 теңге. Такси Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларындағыдай қымбат болмаса да, соған жетеғабыл, таксиді ең кемі 500 теңгеге шақырасыз. Көңіл көтеруге келер болсақ, ең ұнайтыны – туған-туыс пен дос-жаранға қонаққа, болмаса мейрамханаға бару. Қалада кез келген талғам үдесінен шығатын мейрамханалар көп, ол жерде қазақ, түрік, итальян, азия халықтары, Еуропа елдері, тіпті Мексика тағамдарын ұсынады. 
 

«neft,-neft-i-eshhe-raz-neft»-kak-i-chem-zhivet-atyrau (4).jpg
Атырау – жастар қаласы / Фото авторы – Фархат Әбілов

Атырау тұрғындары көп жиналатын жер – Тұздыкөл көлі, пандемиядан шаршаған қала тұрғындары осы жақта демалуға көптеп келгендіктен, көлді карантинге жапқан кездер болды.

Қалу керек пе, көшкен жөн бе?

Атырау да қалу-қалмау – әркімнің жеке шаруасы, әркім өз ыңғайына қарай шешеді. Атыраудың артықшылығы көп: қала заманауи және жанға жайлы, өмір сүруге ыңғайлы. Жақсы мансап құруға да болады. 

Жергілікті жастар мұнай компанияларында жақсы жұмыс істеп, Малайзия, Корея немесе Лондонға көшіп жататынын айта кету керек. Яғни, шетелдегі өмірін  оқудан немесе  қарапайым жұмысшы ретінде бастайтын классикалық мигранттардан айымашылығы, Атырау тұрғындары мақсатты түрде жалақысы жоғары, жақсы жұмыс іздеп кетеді. 

Атыраудың кемшілігі де жоқ емес. Соның ең бастысы – нашар экология. Зауыттар күн сайын атмосфераға зиянды қалдық шығарады, ол ауадағы күкірт немесе мазут иісінен анық білінеді. Оның үстіне Атырау  ауасы құрғақ та ыстық, жаздыгүні ыстық +40 градусқа дейін жетеді. Оған қоса, жасыл желек  те аз. 

Тағы да басқа мәселелері бар, тұтыну жоғары болған соң, одан шығатын қалдық пен қоқыс та көп. Десе де, басқа жағдайдың бәрі жанға жақса, бұл мәселелерге көз жұма қарауға болар…

Жазып алған Ақмарал Шаяхметова 

Сондай-ақ оқыңыз