Қытай астық тиелген вагондарды Қазақстанға кері қайтарып жатыр 

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Бидай мен арпа, зығыр эспорттаушылар қытай компанияларынан алдын ала алып қойған ақшасын қайтаруға тиіс

Қазақстанның азық-түлік тиелген жабық вагондары Қытайға сол күйі кірместен, жүк жіберушілерге қайтарылмақ. Бидай, арпа және зығыр экспорттаушылар Қытай компанияларынан алған алдын-ала төлемді қайтаруы керек. Ал келісім-шартты қалайда орындауға бел буғандары тауарын контейнерге қайта тиеуге тиіс.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» жүк тиелген жабық вагондарды бастапқы тиеу станцияларына қайтаруды бастады: Қытай темір жолы мұндай вагондарды мүлдем  қабылдамайды. 31 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан – Қытай шекарасында (Достық-Алашанькоу станциясы)  азық-түлік, негізінен астық тиелген 1860 жабық вагон ҚХР-дың қабылдағанын күтіп тұрған. Бұл вагондар шекарада қыс пен көктемнің басы, яғни төрт айдан астам уақыт тұрды. Қытай сырттан әкелінетін коронавирустан қауіптеніп, былтыр қараша айының соңында жүк қабылдау талаптарын күшейтті.

«Вагондарды алғашқы тиеу станцияларына қайтару – мәжбүрлі шара. Оған себеп – Қытай теміржолы жабық вагондарды қабылдамай жатыр, сондай-ақ вагон иелері мен жүк жөнелтушілер жылжымалы құрамды қайтару туралы өтініш түсірді» деп түсіндіріп өтті «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Қанат Көбесов.

3 сәуірдегі мәлімет бойынша, 354 вагон жүк жөнелтушілерге қайтарылып, тағы 300-ден астам вагонды қайтару туралы өтініш түскен. Шекара маңындағы Достық станциясында шамамен 1,1 мың жабық азық-түлік вагоны қалған. 

Шығын қанша?

Енді азық-түлік жүк иелері кедендік декларацияны тезірек қайтарып, астықты бастапқы тиеу станциясында қабылдап, түсіріп алуы қажет. Бұл шаруаның шығынын өз қалтасынан төлеуге тиіс. 

«Алдын ала есебіміз бойынша, тоннасына шамамен 60 доллардан шықты. Ал бір вагонда 63 тонна бар. Жалпы 1800 вагон қайтарылмақ. Бұл шығын экспортаушылардың қалтасына салмақ боп түспек» дейді Қазақстан Астық одағының ресми өкілі, «Солтүстік астық» компаниялар тобының құрылтайшысы Евгений Карабанов.

Карабанов экспорттаушылар Қытайға астықты,  әдетте, 50-70% алдын-ала төлемін алып барып  жеткізеді дейді. Қалған бөлігін қытайлық контрагенттер жүк келуіне байланысты төлейді. Қытайға бармаған тауарды алып, түсіріп алған қазақстандық экспорттаушы ары қарай не істеу керегін шешуі тиіс. Бұл жерде екі нұсқа бар: алдын ала төлемді кері қайтарып, тауарды Орта Азия елдерінің біріне жіберу немесе ҚХР алдындағы өз міндеттемелерін орындау. Екінші жағдайда, экспортер астықты контейнерге бастырып, Қытай станциясына дейін жеткізуге кететін көлік және басқа шығындарды қайтадан төлеуге мәжбүр болады.

Вагондар шекарада тұрған уақыт аралығында астық қымбаттап кетті. Егер 2020 жылдың қараша айының ортасында Солтүстік Қазақстанның элеваторларында бір тонна арпа 59-60 мың теңге тұрса, наурыз айында баға 74-75 мың теңгеге дейін өсті. Үшінші класты бидайдың құны айтарлықтай өзгерген жоқ: тоннасына 88-94 мың теңге мен  92-95 мың теңге аралығында. 

Жүкті қайда жібереді?

Астық одағының өкілі экспорттаушылар арпаны Қытайға жеткізу  міндеттесін орындауы мүмкін, ал зығыр мен бидай өзге нарыққа – Иранға немесе Еуропаға жіберуі мүмкін деп болжайды. Карабановтың пайымдауынша, қайтарыған жүктің тек 30-40 пайыз Қытайға қайта жөнелтілуі мүмкін.

Арпа, бидай мен зығырды тезірек қайтару керек: күн жылынып, температура өзгеруі азық-түліктің көгеріп, бүлінуіне ықпал етеді. Тауартасымалдау кезінде оны бүлінуіден алдын ала сақтандыра алмайсың, сондықтан бұл тәуекел толығымен экспорттаушының мойнына түседі. 

Евгений Карабанов қытай тарапының қазақстандық астықты қабылдауда ерекше талғам танытып, іріктеп отырғанын айтады. Қаптамамен короновирус жетеді деген желеумен, жабық вагондарды қабылдамай отыр: астық салынған қаптарды қолмен қайта тиеу керек. Қытай жағы осындан қашып отыр. Бір қызығы, дәл сондай вагон емес, контейнерге тиелген мөшектер ішкі Қытайға кедергісіз өтіп, ол жақта қолмен түсіріліп жатыр.

5-15 сәуір ҚТЖ Достық станциясында Қытайға кететін жүктерді қабылдауға тиым салды. Тек қытай тарабы қабылдайтын контейнерге тиелген жүк өтеді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз