Еліміздегі өңдеу өнеркәсібі қалай дамиды?

Жарияланды
Премьер-министр тапсырма берді

Елдегі өңдеу өнеркәсібінің өндірісі 2025 жылға таман 1,5 есе артуы тиіс. Биыл қара металлургия өндірісін 5 пайызға ұлғайту көзделіп отыр. Қазақстанның маңызды экспорттық әлеуеті болып саналатын ферроқорытпа, прокат, мыс, алюминий, түсті металлургия, аммофос, аммиак селитрасы, хром өндірісін де еселеп арттыруға күш салынбақ. 

 «Биыл өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі көрсеткішінің 5,8% деңгейінде өсуіне қол жеткізуіміз керек. Машина жасауда, қара металлургияда, жеңіл өнеркәсіпте, фармацевтикада, тамақ өнімдерінің өндірісінде, құрылыс материалдарының өндірісінде өсімді әрі қарай қамтамасыз етуіміз қажет. Биыл жалпы сомасы 2 трлн теңгеге жуық 110 өңдеу жобасын енгізу керек», деді үкімет басшысы Асқар Мамин. 

Премьер-министр өндірістік процестерге жаңа технологияларды енгізу туралы айтты. Біз әлемдік трендтерден тыс қалмауымыз қажет деді. Осыған дейін жазып жүргеніміздей, біртіндеп роботтардың өндіріске келе бастауы, сөйтіп зауыт пен фабрикалардағы қол жұмыс күші санын азайтуы енді шындап іске аса бастайтын сыңайлы. Бұл сөзсіз, еңбек нарығына елеулі өзгерістер алып келеді. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өңдеу өнеркәсібі саласында іргелі бастамалар бар екенін айтады. 

 «Биыл біз ферро-қорытпа, құрылыс арматуралары, болат құбырлар, темір және марганец кенін қайта өңдеу өндірісін арттыруға мүмкіндік беретін 6 жобаны іске қосамыз. Жоспарланған өсімге қол жеткізу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнеспен бірлесіп, отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін реттеуші тетік әзірленеді. 2025 жылға қарай өндіріс көлемі жылына 4 млн тонна болатқа жеткізіліп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының негізгі техникалық қуатын жаңғырту жұмыстары аяқталады. Салынатын инвестиция көлемі – 1,3 трлн теңге» деді Атамқұлов. 

Жақын арада Жәйрем кен байыту кәсіпорнын, Казминералс Ақтоғай 2 және Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорнын, сондай-ақ алтын шығару фабрикаларын іске қосу жоспарланған. Титан өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі — Өскемен титан-магний комбинатын шикізатпен толық жүктеу үшін ЕЭК шеңберінде титан шикізатына салынатын кедендік баждарды алып тастау бойынша жұмыстар қолға алынбақ. 

 «2025 жылға дейінгі мерзімде Алматы облысында Көксай мыс кен орнын игеру жобасы іске асырылады. Қуаты жылына 25 млн тонна болады және қуаты 250 мың тонна бастапқы алюминий болатын Павлодар қаласындағы «Қазақстандық электролиз зауытының» екінші кезегі салынады. Химия өнеркәсібінде нақты көлем индексі саладағы үлесі 57% құрайтын ірі кәсіпорындардың өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен 102% жетуі тиіс.  «Фосфор тыңайтқыштар өндірісін 16,6%, аммофос 15,4%, аммиак селитрасы 10,7%, хром қосылыстар өндірісін 13,6% арттыруды жоспарлап отырмыз. 2021 жылы үш жаңа жоба іске қосылып, саланың өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және минералды тыңайтқыштар өндірісі қуатын 1,5 млн тоннаға дейін арттыру көзделген» дейді ведомство басшысы. 

Машина жасау саласында да өсім болады деп жоспарланған. Нақты көлем индекі 113% құрайды. Негізгі өсім машина жасау саласындағы үлесі 35% құрайтын автомобиль құрастыру секторы есебінен болады. Автокөлік өндірісін 29% арттырып, 100 мың данаға дейін жеткізу, теміржол вагондарын 180%, ауыл шаруашылығы техникаларын 58%, аккумуляторлар өндірісін 10% жеткізу жоспарланған. Отандық өндірушіден сатып алынған автомобильдерді лизингтік қаржыландыру бағдарламасы жалғасады. Сондай-ақ бірқатар машина жасау өнімдері ұлттық режимнен шығарылады.  

Ал құрылыс материалдары өндірісінде нақты көлем индексі 106% деңгейінде жоспарланған. Биыл саладағы өсім темір-бетон бұйымдары өндірісінің 16%, кірпіштер 15%, цемент 11%, құрылыс ерітінділері 13%, жылу оқшаулағыш материалдар 12,5%, гипсокартон 11% артуы есебінен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысы биылғы қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғын үй құрылысында жергілікті қамту үлесін арттыруды тапсырды. 2025 жылға дейін елімізде 103 млн шаршы метр баспана салынады. Бұл бизнес үшін құрылыс материалдарының отандық нарығын дамытуға қосымша мүмкіндік береді.  

 «Саладағы қажеттілікті анықтау мақсатында негізгі 24 позиция бойынша құрылыс материалдары нарығына талдау жүргіздік. 11 позиция бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар шамамен 50% қамтамасыз етеді. Ал линолеум, тұсқағаз, санфаянс сияқты 3 позиция бойынша қазіргі уақытта ішкі нарықта өндіріс жоқ. Ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен толық қамту мақсатында біз қазір шет елдердің трансұлттық компаниялармен Қазақстан аумағында импорт алмастыратын өндіріс ашу мәселесін пысықтап жатырмыз. Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, Құрылыс индустриясын дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірледік. Онда саланы қолдаудың барлық тетіктері қарастырылған» деді Атамқұлов.  

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, азық-түлік өнімдерін өндіруде биыл нақты көлем индексі 105% деңгейінде жоспарланған. Индустрияландыру картасын іске асыру шеңберінде жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 110 жоба іске асырылып жатыр. Оларда 12 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. 

 «Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібі көлемін 2025 жылға қарай 1,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орындаймыз. Қазіргі уақытта біз өңірлер мен салалар бойынша 2025 жылға дейінгі өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі бойынша жоспарлы көрсеткіштерді айқындадық» деп түйіндеді министр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз