Қазақстан жол сапасы бойынша әлемде нешінші орында? Елдегі жол сапасы қашан толық жақсарады?

Жарияланды
Әзірге еліміз аутсайдер қатарында

Әлем елдерінің жол сапасын анықтайтын рейтингте Қазақстан 141 елдің ішінен 93-орын алған. Рейтингте аталған аумақтың қаншалықты жүктемесі бар екеніне қарамастан, бүкіл ел территориясындағы жол сапасы бағаланған. 

Рейтингте берілетін ең жоғарғы баға – 7.0. Ең төмені – 1.0. 2019 жылғы орташа көрсеткіш 4.07 болған. Ал жол сапасы бойынша көш бастап тұрған үздік үш ел – Сипгапур, Нидерланды және Швейцария. 

Energyprom мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар – қазан айларында транспорт және жинақтау саласына 959,5 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл былтырмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Өңірлер бойынша алсақ, инвестицияның басым бөлігі – Ақтөбе (119,9 млрд теңге), Түркістан (96,9 млрд теңге) және Алматы облыстарына (92,8 млрд теңге) бөлінген. 

2019 жылы елімізде 4,4 мың шақырым жол салынған және жөнделген. Бұл мақсатқа 500 млрд теңге бөлініпті. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі автомобиль жолдары комитетінің хабарлауынша, егер жыл сайын бұл салаға бөлінетін қаржы мөлшері 50 млрд теңгеге артып отырса, онда 2025 жылы елдегі жолдардың  сапа деңгейі 95 пайыздық межеге бір-ақ жетпек. 

Министрлік елдегі ең сапалы жолдардың Маңғыстау, Павлодар, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында екенін айтады. 2020 жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша Қызылорда облысындағы 1000-нан астам шақырым және Түркістан облысындағы 900-ден астам шақырым автомобиль жолы сапалы екені анықталған. Ал Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарындағы тас жолдардың сапасы сын көтермейді. «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ мамандары соңғы екі жылда 9 мың шақырымнан астам тас жол мен 500-ге жуық көпірлерді тексеріп шыққан. Дерек бойынша, жол мен көпір сапасы жағынан Атырау облысы қатты ақсап тұр. Оңтүстік пен солтүстіктің де алға озып тұрғаны шамалы, бірақ батыспен салыстырғанда қанағаттанарлық жағдайда дейді сарапшылар. 

Ал жақында ғана құрылған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК басшылығының айтуынша, жақын келешекте елдегі жолдар цифрлана бастайды. Аталған мекеменің басшысы Замир Сағыновтың айтуынша, барлық автомобиль жолдарының цифрлық паспортталуы әр өңірдегі осал нүктелерді тез тауып, оған жергілікті биліктің назарын аударуын жылдамдатады. 

«Жолдың сапасыз болуына себеп көп, негізгілері – құрылысқа сапасыз материал пайдалану және асфальт төсеу технологиясының бұзылуы. Бұл бір жағынан қабылдап алушы тараптан бақылаудың жоқ екенін де білдіреді. Мұндай қате, әсіресе, облыстық маңызы бар жолдарда жиі жіберіледі. Қазір осы бағыттағы жұмысты күшейтіп жатырмыз. Жиі тексеріс жүргіземіз, бақылау сапарларына жиі шығамыз, сынама мен материалдарды сұрыптаудың арқасында біз ереже бұзуды бұрынғыдан да жиі анықтай бастадық. Жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жұмыс істейміз»,– дейді мекеме басшысының орынбасары Тимур Әбенов. 

Автомобиль жолдарын диагностикалау және сертификаттау арнайы датчиктермен жабдықталған мамандандырылған жылжымалы зертханалардың көмегімен жүзеге асырылады екен. 

«Біз алдағы уақытта барлық республикалық жолдарды цифрласақ дейміз. Сондай-ақ гид-жүйе құру да ойымызда бар. Яғни, үлкен карта арқылы жүргіншілер республикалық жолдардағы өзгерістер мен шектеулерді көре алады. Кейін, облыс және аудандардағы жолдарды цифрлау жоспарда тұр. Адамдар жолға шықпай тұрып қай жолдың қауіпсіз, қай жолдың тиімді екенін білетін болады. Бұл туристер үшін де өте пайдалы. Биыл біз Павлодар облысындағы мың жарым шақырым жолдың деректерін жинадық. Сосын ол ақпараттарды ортақ деректер базасына енгіземіз. Павлодар облысын пилоттық жоба ретінде алып отырмыз»,– дейді Әбенов. 

Жақында ғана индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінде вице-министр Берік Қамалиевтың төрағалық етуімен және төтенше жағдайлар бойынша бірінші вице-министр Ибрагим Күлшімбаевтың қатысуымен алқалы жиын өтті. Онда еліміздегі жолдардың қыс мезгіліне дайындығы пысықталды. 

Биыл автожолдардың 24,8 мың шақырымы қысқы күтіммен қамтылмақ. Олардың 20,2 мың шақырымы «Қазақавтожол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі болса, 3,9 мың шақырымына қайта жаңарту және күрделі жөндеу объектілеріндегі мердігер ұйымдар жауапты болмақ. Ал 682 шақырымына «Қазавтожол» ұлттық операторына қатысты «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясының» филиалы қызмет көрсетеді. 

«ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі алдағы қысқы маусымға барлық арнайы техника мен көктайғаққа қарсы материалдарды толық дайындауды қадап тапсырды.  Ал облыс әкімдіктеріне қолайсыз ауа-райынан туындаған төтенше жағдайларда көліктердің қауіпсіз әрі үздіксіз өтуін қамтамасыз ету жүктелді. Жалпы, республикалық жолдардың қысқы күтімі мәселесі министрліктің басты назарында екенін айтып өткен жөн»,– делінген министрлік хабарламасында. 

Сондай-ақ оқыңыз