Ауыл тұрғындары жарамсыз болып қалған техникасын өткізіп, ақшасын ала алады. Оны қалай жүзеге асырмақ?

Жарияланды
Қабылдау қарашада басталады

ӨКМ Операторы (Өңдірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) елімізде ауыл шаруашылығы техникаларын утилизацияға тапсыру бойынша арнайы бағдарламаны іске қосты. Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауыл шаруашылық техникаларын қабылдау биыл 2 қарашада басталмақ. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің келісімімен тозығы жеткен ауыл шаруашылық техникалары қабылданып, техника иелеріне жеңілдік сертификаттары ұсынылмақ. Сертификат құны агротехниканың (өздігінен жүретін) түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланады. 

«Айталық комбайн тапсырғанда техниканың зауытта шыққан салмағынан 50 пайыздан асатын болса (толық жиынтық) 2 млн теңгеге жеңілдік сертификаты беріледі. Ал толық емес жиынтықтағы комбайндар  үшін сертификат құны 1,5 млн теңге болады. Сондай-ақ толық жиынтықтағы тракторлар үшін жеңілдік сертификатының мөлшері 1 млн теңгені құрайды. Толық емес жиынтықтағы машиналар (шынжыр табанды немесе дөңгелекті) 560 мың теңгенің сертификатына қабылданады»,– делінген компания хабарламасында. 

Жеңілдік сертификатының көмегі қалай тиеді? Компания баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, елімізде құрастырылған су жаңа ауыл шаруашылығы техникасын немесе елімізде шығарылған жеңіл, жүк және жолаушылар көлігін сатып алатын кезде жеңілдік сертификатын пайдалануға болады.

«Айта кету керек кез келген санаттағы отандық көлікті сатып алғанда жеңілдік сертификатын қолдануға және екі сертификатты біріктіруге болады. Сонымен қатар сертификатты басқа адамның атына тіркеуге (2 реттен артық емес) мүмкіндік бар. Тозығы жеткен аграрлық техниканы қайта өңдеуге тапсыру, еліміздегі 80 пайызға ескірген ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экологиялық таза көлік құралдарын өндіруді ынталандырады және қайта өңдеудің толыққанды жүйесін құруға ықпал етеді»,– делінеді хабарламада. 

Бұл ретте сертификаттың қызмет ету мерзімі тіркелген уақыттан бастап есептегенде 12 ай екенін де айта кету қажет. 

Осыған дейін Қазақстан агроөнеркәсіп кешені салалық қауымдастығы үкіметтің ауыл шаруашылық техникаларын утилизациялауына қарсы шыққан болатын. Олардың айтуынша, утилизациялау агроөнеркәсіп кешеніне кері әсер етеді. Биыл ауыл шаруашылық техникаларының бағасы 15 пайызға өсіпті. Қауымдастық техника бағасы қымбаттап бара жатқандықтан қалдықтарды жинау кәсіпкерлердің мүмкіндігін тежейді деп санайды. 

Осыған дейін «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Элдар Жұмағазиев те утилизациядан соң ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы кем дегенде 10 пайызға қымбаттап сала бергенін айтқан болатын. 

Былтыр индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тұрған кезінде Роман Скляр елімізде өндірілген ауыл шаруашылық техникалары 80 пайызға дейін көбейеді деп мәлімдеген. 

Ал Қазақстан автобизнес қауымдастығының хабарлауынша, Қазақстанда құрастырылған техникалар импорттық нұсқасынан екі есе арзан екен. Қауымдастық дерегі бойынша, елдегі ауыл шаруашылық техникаларының орташа тозу көрсеткіші 76 пайызға жеткен. Сонымен қатар республикадағы трактор паркінің – 85, комбайндар паркінің 68 пайызының жұмыс істегеніне 10 жылдан асып кеткен. 

   
 

Сондай-ақ оқыңыз