«Алматы» телеарнасы телехикая түсіруден көш бастады

Жарияланды
Бүгін «Өткінші жаңбыр» телесериалының тұсаукесер рәсімі өтті

Осыған дейін ақпарат айдынында серпінді, тың бағдарламаларымен дараланған «Алматы» телеарнасы телехикая түсіруден де көш түзеді. Бұл уақытқа дейін, аталмыш арна үш бірдей сериал түсіріп көрермендеріне ұсынған еді. Бүгін тұсауы кесілген «Өткінші жаңбыр» хикаясы бас шаһардың шым-шытырық оқиғаларына арналады. Алматы қаласының «Бақытты отбасы», «Еңбек», «Іскер ана», «Бастау бизнес» сияқты әлеуметтік жобаларын іске асырып, сондай-ақ шетсіз қала тұжырымдамасын сериал арқылы халықтың жүрегіне жеткізуге тырысқан фильмде Алмат Сақатов, Салтанат Бақаева, Нұргүл Мыңғатова сынды танымал өнер иелері басты кейіпкерлердің рөлін сомдайды. Бүгін журналистер үшін тұсаукесер рәсімін жасаған арна басшылығы сериалдың Алматы қаласы мен маңайындағы ауылдарда түсірілгенін айтты. Бұл хикая мегаполисте тұруды аңсайтын жандар үшін нағыз шынайы тұрмысты көрсететін туынды болмақ. 

c55db9b6-9520-4bd7-badd-29707859a497.jpg

Телехикаяның қысқаша мазмұнына тоқталсақ:

       «Өткінші жаңбыр» хикаясы тағдыр тәлкегімен Алматыда кездесіп, жақын дос болып, ортақ іс ашатын екі түрлі әйелдің тағдыры мен олардың армандары туралы баяндайды. Сол уақыт аралығында олар өзгереді, жеке тұлға ретінде өседі, қиындықтарды жеңіп, табысқа жетеді. Бұл өмірде бәрі мүмкін екенін дәлелдейді. 
       «Өткінші жаңбыр» телехикаясының әр бөлімінде  көрермен өзін және отбасына жақын тарихты көруі мүмкін.  Туындының басты кейіпкері – Жанар есімді көпбалалы ана. Күнделікті үй шаруасынан зеріккен ол – кәсіпкерлікті қолға алып, ел қатарлы жұмыс жасағысы келеді. Алайда, жұбайы бұл ойын құптамайды. 
         Екінші кейіпкер – Ажар.  Ол жалғысбасты ана әрі, шағын кәсіпкер. Тапсырыспен торт пісіру, оның ең басты табыс көзі. Жұмыстан жалыққан ол- керісінше отбасылық өмірді аңсайды. Кейіпкерлердің тағдыры әр түрлі болғанымен, басқа түскен қиындық екеуінің басын бір арнаға тоғыстырады. 

Нұргүл Мыңғатова, актриса: 
–    Бұл жобаның продюсері фильмнің басты  идеясын түсіндіріп, менің кейіпкерімнің мінезі жайлы айтып берді. Рөль өз басыма ұнады. Шынымен де қазір әйел адамдардың басынан өтетін проблема көп. Сол үшін ол жан-жақты болу керек. Яғни үйдің де жұмысына көңіл бөлу, сыртта да өзінің оқыған мамандығымен жұмыс істеу. Білесіздер ғой, қазақтарда әйел үйде отыру керек, үй шаруасына қарауы керек, бала тәрбиесіне көңіл бөлуі керек. Бірақ та қазір заман талабы басқа. Әйел адамдардың көбі бәріне үлгереді. Менің кейіпкерім жан-жақты болу үшін барын салмақ.  4 баласы бар, жағдайы бәрі жақсы. Тек өзінің жеке кәсібін ашқысы келеді. Адамдармен араласып, танымын кеңейтуге тырысады. Сол жолда алдынан көптеген кедергілер шығады. Әйел адам 40 жанды дейді ғой, оның бәрін түбінде жеңіп, өмірінде отбасы мен жұмыстың арасында тепе-теңдік орнайды. Кейіпкерімнің болмысы маған ұнады.

Алмат Сақатов, актер:
–    Бұл жоба өте керек жоба. Өйткені отан ошақтан басталады. Ерлі зайыптылар арасында не болмайды. Бірігіп отбасы беріктігі үшін атсалысу өте маңызды. Балаларды аяққа тұрғызып, адам ету де үлкен жауапкершілік. Жұмыс деп жүріп, отбасына көңіл бөле алмай немесе жұмыстарды ысырып қойып, тек отбасының қасында болып жатамыз. Қарап отырсақ, тепе-теңдікті ұстап тұру өте қиын. Осы және отбасында болатын өзге де мәселелер қозғалады. Сериалдың аты  маған ұнайды. Өйткені өмірдің бәрі өткінші, әр сәт бағалы.

f04e620b-2390-4e62-95e6-00fbd5ddbdc0.jpg
Айкерім  Самалбекқызы, продюссер:
–    Телехикаяның «Өткінші жаңбыр» деп аталу себебі,  кез-келген отбасында, адамда пенде болғаннан кейін қандай да бір мәселелер, проблемалар, қиындықтар болады. Сол өткінші жаңбыр сияқты өтеді де кетеді. Ең басты құндылықтар ол отбасы бала-шаға, сыйластық, достық, туыстық қарым-қатынас мәңгі қалады. Телехикаяның негізгі идеясы, көрерменге жеткізер ой осы болатын. Сондықтан телехикая «Өткінші жаңбыр» деп аталады. 

        
        «Өткінші жаңбыр» хикаясы 2 қараша күні сағат 20:00-де көрерменге жол тартады.
        
       
          
 

Сондай-ақ оқыңыз