1 view

Құс тұмауы қаншалықты қауіпті?

Көпшілікті толғандырған сауалдарға жауап

Фото: shutterstock.com

Қазақстанның солтүстік өңіріндегі үй құстары қырылып жатыр. Оған себеп – құс тұмауы. Тұмаудың бұл түрі бізге қалай келді, ол қаншалықты қауіпті және адамға жұға ма? Осы және өзге де басты сауалдарға жауап береміз. Осы тақырып өршіген соң Ауыл шаруашылығы министрлігі брифинг өткізіп, көкейдегі біршама сауалға жауап берді. Ішіндегі маңызды мәселелерді іріктеп, назарыңызға ұсынамыз.

     Тұмау қайдан шықты?

     Мамандардың айтуынша, құс тұмауының негізгі иесі – үй құстары емес, даладағы жабайы құстар деседі. Әсіресе, суық аймақтардағы құстардың көшетін кезі – күзде тұмау тарайтыны заңдылық. Ветеринария ғылымдарының докторы, Вирустар экологиясы лабораториясының меңгерушісі Айдын Қыдырманов тұмаудың таралуы туралы былай дейді. «Жалпы тұмау вирустары үнемі генетикаға ұшырап тұрады. Сол үшін жыл сайын өзгеріп, әртүрлі құстарға, адамдарға жұғады. Ал енді бүгінде талқыланып жатқан құс тұмауы — аты айтып тұрғандай, құстардың ауруы. Мұның вирусы адамға бейімделмеген. Тек жоғарғы дозада жұқтырып, құспен тығыз байланыста болса ғана ауру өтуі мүмкін. Одан кейін адамның иммунитеті төмен болғанда да жұғуы ықтимал. Бірақ Қазақстанда осы күнге дейін құс тұмауымен адамның ауырғаны туралы дерек тіркелген жоқ. Үй құстарына тұмау жабайы құстардан жұғады. Яғни табиғаттағы иесі үй құстары болмағандықтан, оларға төтенше әсер етеді. Ал жабайы құстар жеңіл түрде өткереді. Қазір тарап жатқан тұмау ошағы Ресей деп белгіленді. Бірақ негізі тұмау Арктика, Сібір сынды суық жақтардан бас көтереді. Әрі көктемде емес, күзде пайда болады. Бізде Солтүстік және Орталық Қазақстанда таралады. Осы кезге дейін Оңтүстік Қазақстанда не Жамбыл облысында шықты дегенді естімедік. Міне, байқасаңыз, көші-қон жолдарындағы, өзен-көл маңындағы құстармен жиі байланысатын жерлерде шығады»,– дейді Айдын Исағалиұлы. Министрліктің ресми жауабына келсек, олар эпизоотиялық тексеріс кезінде құстардың қырылуы солтүстіктен оңтүстікке ұшып бара жатқан жабайы құстардың қырылуынан басталған деді. Яғни жабайы құстармен бір су қоймасынан су ішіп, содан жұқтырғаны белгілі болып отыр. Жүргізілген лабораториялық талдау нәтижесінде жоғары патогенді құс тұмауы диагнозы қойылған. Үй құстарынан бөлек, Петропавлдағы орталық парк территориясында қарға, көгершіннің қырылып жатқаны анықталған. 

Қанша құс қырылып қалды?


     Айтқандай, құс тұмауы еліміздің солтүстік аймағына қиын тиіп жатыр. Атап айтқанда, бес облысты қамтыды: Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Қарағанды өңірлері. Осы 5 облыстың 26 ауданындағы 47 елді мекенінде құс қырылып қалды. Жалпы жеке аулада 12 926 бас құс өлген. Одан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикаларында 41 мың бас құс қырылғаны тіркелді. Аймақтарға бөліп қарасақ, Солтүстік Қазақстан облысының 11 ауданындағы 27 елді мекенінде құс қырылды, соның ішінде 8 аудандағы 23 елді мекенде құс тұмауы тіркелді. Тиісінше 2020 жылғы 17 қыркүйекте СҚО-ның 7 ауданы (Тимирязев, Жамбыл, Қызылжар, Тайыншы, Шал ақын, Мүсіріпов және Жұмабаев) мен Айыртау ауданының бір елдімекенінде құс өнімдеріне қатысты уақытша шектеулер енгізілді. Сондай-ақ 19-21 қыркүйек аралығында Бескөл құс фабрикасында 41 бас қырылды. Ақмола облысында 5 ауданның 9 ауылында 286 бас құс қырылған. Тиісінше 19 қыркүйектен бастап Жарқайың ауданында шектеулер енгізілді. 
Қостанай облысының 6 ауданындағы 6 елді мекенде 505 құс қырылды. 19 қыркүйектен бастап құс және құс өнімдерін екі елді мекеннен: Железинск және Тереңкөлден тасымалдауға тыйым салынды. Сонымен қатар, 1463 бас құс қырылған Павлодар облысы Сарыкөл ауылдық округінде де осындай шектеулер енгізілді. Ал Қарағанды облысының Нұра ауданындағы елдімекеннің үй шаруашылығында 43 құс қырылып қалған. 

Өтемақы төлене ме?

     Мемлекеттік бюджет есебінен өлген құсқа нарықтағы орташа бағамен өтемақы беріледі. Төлемді Республикалық эпизоотияға қарсы отряд жүргізеді. Жыл бойы барлық әкімдікте ай сайын орташа қанша мал немесе құс қырылғанын анықтайтын арнайы құрылған комиссия жұмыс істейді. Әкімдік шешімінің негізінде Республикалық эпизоотияға қарсы отряд аймақтағы ветеринар қызметінен қажетті материалдарды алады және қырылғын құстың әр басы үшін иесінің жеке шотына ақша аударады. Егер құжаттар дұрыс берілсе, онда төлем үш күн ішінде жасалады. Осы мақсатта ел қазынасынан 390 миллион теңге бөлінеді.  

Құс тұмауының вакцинасы бар ма?

     Вакцина бар. Бүгінде 4,7 миллион құсқа жететін 1,4 миллион доза бөлінген. Одан бөлек, тағы 1 миллион дозамен 3,5 миллион құс егіледі. Жыл басынан бері Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аймақтарға 3,4 миллион доза вакцина бөлген. Сөйтіп жеке ауладағы 11,8 бас құсқа вакцина салынған. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның сөзіне сенсек, 46, 7 миллион бас құстың жекеменшік ауладағы 14,7 миллионына вакцина 100 пайыз жетеді деседі. 

Өлген құсты не істейді?

     Құс тұмауы таралған аймақтарда карантин енгізілді. Осы уақытша шектеулерден кейін Республикалық эпизоотияға қарсы отряд қырылып қалған ошақтардың  жою жұмыстарын бастап кеткен. СҚО-да 79 маман 72 техникамен, Қостанай облысында 61 маман 6 техникамен, Павлодар облысында 58 адам 6 техникамен, Ақмола облысында 54 маман 6 техникамен жұмыс істеп жатыр. Қырылған құстың көзін жойып, дезинфекция жасалады. 

 Тауық еті мен жұмыртқасын жеу қауіпті ме?

     Дүкеннен алынған құс етін толық пісіріп жеу керек. Сонымен бірге жұмыртқаның сарысын да жартылай шикі етіп емес, толықтай пісірген жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құс тұмауынан қорғану үшін мынадай ұсыныстар айтады. 
•    Балалардың жабайы не үйдегі ауру құспен ойнамауына қадағалау керек.
•    Ауыратын не өлген құсты қолмен ұстауға, жеуге болмайды.
•    Өлі құсты көре қалсаңыз, оған басқа адамдарды жақындатпаңыз. Мүмкіндігінше өртеп жіберген жөн. Сонымен қатар аудандық ветеринариялық стансаға хабарлау қажет. Соңынан қолыңызды мұқият сабындап, киім ауыстырыңыз. 
•    Шикі не толық піспеген құс еті мен жұмыртқасын жемеңіз. 
•    Құс еті мен жұмыртқасын тоңазытқышта, басқа азық-түліктен бөлек ұстаңыз. 
•    Үй құсының ауырғанын байқаған бойда ветеринар дәрігерге хабарласыңыз. 
•    Құсты ұстағаннан кейін тұмауға ұқсас белгі пайда болса, дереу дәрігерге баруыңыз керек. 

Адамға жұға ма?

     Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев құс тұмауының адамға жұқпайтынын айтып отыр. «Вирус (құс тұмауы - авт.) адамнан адамға жұқпайды. Құс тұмауын жұқтырған құстың тірі кезінде байланыс жасаған адамға немесе етін жеген адамға жұғатын деректер өте сирек кездеседі. Құс өнімінен, яғни еті немесе жұмыртқасынан жұқтырған жағдайлар мүлде жоқ деуге болады. Сондықтан адамдар арасында құс тұмауын жұқтырған жағдай жоқ... Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары құс фабрикасында жұмыс істеген 400-ге жуық адам анықтады. Дәрігерлер жағдайын бақылап отыр. Бәрінің жағдайы қанағаттанарлық. Сондай-ақ қазір Қазақстанда құс еті, өнімдерін бақылау күшейтілді. «Тұтынушылардың құқығын қорғау» және «Ақпаратқа қолжетімділік» заңының аясында кез келген тұтынушы өнімнің қауіпсіздігі мен сапасы туралы тиісті құжатты талап етуге құқылы», - дейді комитет төрағасы. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook және Telegram

kursiv_in_telegram.JPG


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер