Автосақтандыру: Нені білуіміз керек? Неден қателесіп жүрміз?

Жарияланды
Сақтандыру полисін қазір алып, ақшасын 6 айдан соң төлеуге болады

Көлік жүргізушісінің басты құжатының бірі – сақтандыру полисі. Осы орайда азаматтарға арнап автосақтандыру нарығындағы өзгерістер, полис бағасы және ыңғайлы шарттар жайында ақпарат ұсынбақпыз. 

Әр компания белгіленген шарттарға байланысты сақтандыру бағасын әртүрлі деңгейде ұсынады. Орташа есеппен көлік жүргізу тәжірибесі екі жылдан асқан адам үшін сақтандыру бағасы – 17-18 мың теңге шамасында. Баға: 

  • Көлік тіркелген аумақ; 
  • Көлік құралының типі; 
  • Жүргізушінің жасы мен көлік жүргізу өтілі; 
  • Көліктің қолданылу уақыты; 
  • Сақтандыру мерзімі және апатсыздық коэффициенті негізінде белгіленеді. 

Полистегі ең жоғарғы класс – 13. Бұл классты мүлде жол апатына түспеген, үлгілі жүргізушілер ғана ала алады. Ең төменгі категория – М. Ол негізінен жаңадан жүргізуші куәлігін алғандар мен жол-көлік оқиғасына жиі тап болатындарға беріледі. 

Ұлттық банк мәліметінше, биыл (2020 жылы 1 тамыздағы жағдай) қазақстандықтар 16 млрд теңгеге сақтандыру полисін сатып алған. Халық көбіне «Евразия» сақтандыру компаниясының қызметін тұтынған. Бұл компания 3,7 млрд теңгеге полис сатқан. Одан кейінгі орында 2,7 млрд табыспен – «Халық» компаниясы. Үшінші орындағы «НОМАД Иншуранс» компаниясы 2 млрд теңгеге табысқа шыққан. Әрине, бұл үздік үштіктегі компаниялар ғана. Одан бөлек отандық нарықта 15-ке жуық компания сақтандыру полисін ұйымдастырумен айналысады. Орташа есеппен компаниялар көлік иесіне (көлік иесі жүгінген жағдайда) 350-470 мың теңге аралығында төлейді екен. 

Сондай-ақ сақтандыру полисін онлайн рәсімдеп, ал төлемақысын 6 айдан соң ғана жүзеге асыруға болады. Мұндай мүмкіндікті Freedom Finance Insurance компаниясы ұсынып отыр. Аталған компания сайтына кіріп, тиісті бағандарға жеке деректерді енгізу арқылы полис рәсімдеуге болады. Тиісті соманы 6 ай ішінде бөліп төлеуге де немесе 6 айдан соң бірден төлеп тастасаңыз да болады. Бөліп төлегені үшін ешқандай пайыздық мөлшерлеме белгіленбейді. 

Ондай мүмкіндікті «Евразия» компаниясы да ұсынып отыр. Дәлірек айтсақ, тұтынушылар онлайн режимде сақтандыру полисін сатып алып қана қоймай, полисті кез-келген уақытта қайта рәсімдеп, тиісті өзгерістер енгізе алады. Ол үшін клиенттің базаға тек ЖСН нөмірін ғана енгізуі жеткілікті. Әрі қарай өзгерткіңіз келген полис ашылады. Егер көрсетілген ЖСН нөмірмен бірнеше полис рәсімделген болса, онда электронды база өзгертілуге тиісті полисті таңдауды ұсынады. Алайда қауіпсіздік мақсатында өзгерістер енгізуді бір күннің ішінде бір мәрте ғана іске асыруға болады. 
 

 
Сондай-ақ оқыңыз