Пандемия кезінде қандай сақтандыру өнімі сұранысқа ие?

Жарияланды
«Курсив» қазақстандықтар ерікті сақтандыруға қаншалықты көңіл бөлетінін анықтап көрді

Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, жарты жылда елдегі ерікті сақтандыру нарығында жинақталған сыйақы көлемі 26,5 млрд теңгеге жеткен. 

Жалпы, ерікті сақтандыру нарығының «қара нары», қозғаушы күші – дүние-мүлікті сақтандыру. Ұлттық банктің дерегі бойынша, бұл бағытта жарты жыл ішінде жинақталған сыйақы көлемі 125,9 млрд теңгені құраған. Оның 72 пайызы автокөлік пен мүлікті сақтандыруға тиесілі. Осы ретте нарық өкілдері қазіргі кезде клиенттер каско мен ерікті медициналық сақтандыруға қызығушылық танытып жатқанын айтады. 

Автосақтандыру

 «Номад Иншуранс» сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Дәурен Иманжанов пандемия  ерікті сақтандыру өнімдерінің сұранысына аса әсер еткен жоқ деп тұжырымдайды. Тек туристерді ерікті медициналық сақтандыру бағыты қатты зардап шеккен. Тағы да ҰБ статистикасына жүгінсек, 2019 жылдың бірінші жартысында «шетелге шығатындарды сақтандыру» бойынша 1,5 млрд теңге сыйақы жинақталса, биыл 6 айда сақтандырушылар бұл бағытта бар-жоғы 677 млн теңге жинаған. 

 «Бәрімізге белгілі себептерге байланысты туристерді ерікті медициналық сақтандыру азайып кетті. Алайда біздің компания каско полистерінің сатылымын 31 пайызға, кәсіби сақтандыруды – 73%, дүние-мүлік сақтандыруды – 101%, жүк сақт андыруды 35 пайызға арттыра алды», – дейді Иманжанов. 

Карантин енгізілгелі бері  «Freedom Finance Insurance» сақтандыру компаниясы жаңа технологиялар мен сервисті дамытуға басымдық берген. Алайда пандемия салдарынан халықтың төлем қабілеті күрт төмендеп кетті. 

«Ерікті сақтандыру бойынша клиенттер арасындағы ең танымал өнім  «КАСКО Экспресс» болды, – дейді Freedom Finance Insurance басқарма төрағасы Дәулет Акижанов. – Бұл өнімді сатылымға ақпан айында шығардық. Бастамасы жаман болмады. Карантинді жеңілдетіп, жеке көлікпен жүруге рұқсат берілген соң, бұл өнім тұрғындар арасында қайтадан сұранысқа ие бола бастады».

Сарапшылардың айтуынша, көлікті ерікті сақтандырудың кең таралуына автонесиеге деген сұраныс себеп (кейбір автодилердің несиеге берген көлігінің үлесі жалпы сатылымның 80 пайызын құрайды). 

Бұндай қарызды аларда автокөлік кепілзат ретінде қойылады, ал оны сақтандыру керек. Каскоға деген сұранысқа әсер еткен тағы бір фактор – карантин. Карантинде көптеген компаниялар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды да, көліктері гаражда қаңтарылып тұрды. Сол себепті бизнес көлігін ұрлап кетуден сақтандыра бастады. Мәселен, «Коммеск-Өмір» сақтандыру компаниясында автокаско полисінің сатылымы 80 пайызға өсіп, 1,1 млрд теңгені құраған. 

Медициналық сақтандыру «жастығы»

Коронавирус пандемиясы адамдарың медициналық сақтандыруға да назар аударуына ықпал етті. Жазатайым жағдайдан, ауру-сырқаудан ерікті  сақтандыру былтырғы шілде айының көрсеткішімен салыстырғанда, 4 пайызға өскен. 2019 жылы осы бағыттағы сақтандыру көлемі 20,7 млрд теңге болса, биыл 21,5 млрд теңгеге жеткен.  

«Осы жарты жылдықта ауру-сырқаудан ерікті түрде сақтандыру көбейді. Сақтандыру сыйақысының көлемі 488,9 млн теңгеге жетіп, өсім 3,8% құрады», – дейді «Коммеск-Өмір» басшысы  Олег Ханин.

«Сентрас Иншуранс» компаниясының өкілдері де медициналық полис пен ерікті автосақтандыруға деген сұраныстың өскенін айтады.

«Ерікті сақтандыру полисінің сатылымы былтырмен салыстығанда 4 пайызға өссе, автокаско бағыты 1 пайыз өсім көрсетіп тұр. Қаржылық  шығындардан сақтандыру мен әуе көліктерін сақтандыру бағытында да сатылым жоғары», – «Сентрас Иншуранс» СК стратегиялық сараптама басқармасының басшысы Багдан Ерназаров.

 «Amanat» сақтандыру компаниясы сатылымының көш басында – автокаско (жиналған сыйақы көлемі 797,8 млн теңге), дүние-мүлікті сақтандыру (344,4 млн теңге)  және жүкті сақтандыру (132,6 млн теңге) тұр. 

Тек осы компания ғана сатылымның төмендеп кеткенін мойындады.

«Былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырсақ, Amanat биыл сақтандыру сыйақысын аз жинады. Атап айтсақ, 2020 жылы автокаско бойынша жинақталған сыйақы көлеміндегі айырмашылық 14 пайызды құраса, дүние-мүлікті сақтандыру бойынша– 41%, ал жүк сақтандыру бойынша 8,8%-ға жетті. Жалпы, дүние-мүлікті ерікті сақтандыру бойынша Amanat  осы жарты жылдықты былтырмен салыстырғада сыйақыны 26,7 пайызға аз жинады», – дейді Amanat компаниясы андеррайтинг бөлімінің басшысы Раушан Шарипова.

Жалпы жеке әңгіме барысында сақтандыру нарығының өкілдері карантинді ұзартылу, кәсіпорындардың жабылуы мен халықтың төлем қабілетінің төмендеуінен келген шығын мен зардап жыл соңы мен келер жылдың басында байқала бастайды деп тұжырымдайды.

Сондай-ақ оқыңыз