Иранда құлаған ұшақ бортында қазақстандықтар болған жоқ

Жарияланды (жаңартылды )
Апат 170 адамның өмірін жалмады

Иранда құлаған украиндық авиалайнердің бортында қазақстандықтар болған емес. Бұл турасында Kursiv.kz-ке ҚР СыртқыІсМинінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.

«Иранның Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Тегерандағы елшілігіне ұсынған алдын ала ақпаратқа сәйкес, апатқа ұшыраған Украина авиакомпаниясы ұшағының бортында қазақстандық азаматтар болған емес», – деді Смадияров телефон арқылы болған әңгімеде.

Сонымен қатар, қазіргі таңда қазақстандық консул осы елдегі консулдық есепте тұрған қазақстандық азаматтарға телефон шалып, олардың амандығын сұрастыруда. Бүгінгі күні бұл елдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінде республиканың 174  азаматы есепте тұр.

Естеріңізге салсақ, Нұр-Сұлтан уақытымен 09:24-те Тегераннан Киевке бағыт алған PS752 рейсі аспанға көтерілген соң, ұзамай, радар экрандарынан жоғалып кеткен. Дәлденген мәліметтерге сәйкес, Украина Халықаралық әуе жолдарының Boeing 737-800 әуе лайнерінің апаты салдарынан, 170 адам қазаға ұшыраған.

Ирандық БАҚ-тың мәліметтері бойынша, ұшақ Тегеран маңына құлаған. Жергілікті тұрғындар арасындағы адам шығыны туралы мәліметтер жоқ. 

Иранда апатқа ұшыраған ұшақ 2016 жылдан бері пайдаланылып келген.

Reuters мәліметтері бойынша, ұшақ бортында болған жолаушылардың барлығы қаза тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз