Ұшақ апатының ықтимал себебі айтылды

Жарияланды
Борттағы өздігінен жазу құралдары табылып, қазір олардағы мәліметтер сарапталуда

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Bek Air әуе компаниясың ұшағы қалай апатқа ұшырағаны туралы алғашқы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы әуежайының ұшу-қону жолағында ұшақ құйрығының екі рет сүйкеп өткен іздері байқалады, іздердің арақашықтығы – 300 метр. Экипаж ұшып кетуге талпынған, апат кезінде ұшақ шассиі жинаулы болған. 

Бұл ұшқыштардың қателігі ме, әлде техникалық ақау ма деген сауалға ол: «бәрін тергеу нәтижесі көрсетеді» деп жауап берді. Жағдайдың анық-қанығына көз жеткізу үшін халыраралық сарапшылар шақырылған. Борттың өздігінен жазу құралы табылып, ондағы мәліметтер сарапталып жатыр. 

27-желтоқсан күні таңертең  Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған ұшағы Алматы маңында апатқа ұшырады.  Таңғы 07:22 кезінде № Z2100 рейсті ұшақ көтерілу биіктігін жоғалтып, бетон қоршауды бұзып, екі қабатты құрылыс нысанымен соқтығысқан.

Жаңа дерек бойынша, ұшақта 91 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. 12 адам қаза тапқан, оның 8-і апат орнында қайтыс болса, екеуі –әуежайда, екеуі ауруханада көз жұмған. Қазіргі кезде ауруханаларда оқиға орнынан жеткізілген 49 адамға медициналық қызмет көрсетілуде, олардың 18-нің жағдайы аса ауыр. Ұшақтың бас ұшқышы әуе апаты орнында қаза тапқан. 

Бұған дейін, бортта 95 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болып, соның 15-і қаза тапты деп хабарланған еді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз