Skip to main content

Митинг туралы заң тағы да шикі болып шықты

Аты шулы заңды сенаторлар Мәжіліске кері қайтарды

Фото: Shutterstock

Бүгін Сенат қабырғасында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қызу талқыға түсті деп хабарлайды www.Kursiv.kz сайты. Ақпарат Сенаттың баспасөз қызметінің телеграм арнасынан алынды. 


Сенат отырысында баяндама жасаған Сәрсенбай Енсегеновтың айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлiгi дайындаған Заң жобасына ғылыми-лингвистикалық сараптама жүргiзу барысында 422 қателiк табылған.


“Екiншi оқылымға дайындау барысында қазақ тiлiнде тағы да  бірнеше қателiктер анықталды. Олар Қазақстан Республикасы Парламентi Сенаты Регламентiнiң 45-тармағына сәйкес түзетiлдi.Бұған жәй үйреншiктi жағдай деп қарауға, көңiл аудармай өтуге болмайды деген ойдамын”- деді сенатор Сәрсенбай Енсегенов.
Сонымен сенатор митинг туралы заңда біраз шикіліктердің барын анықтаған. 


Бас комитет Сенаттың заңнама, редакциялық-баспа бөлiмдерiмен бiрлесе отырып Заң жобасының жекелеген баптарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қажет деген тоқтамға келдi. 
Комитет Заң жобасындағы алты бапқа байланысты он алты ұсынысты орынды деп санап, оларды салыстырмалы кестеге енгiзiді.  


Бұл ұсыныстардың бiр тобы Заң жобасының 5 бабы 2-шi тармағындағы бейбiт жиналысты ұйымдастырушының мiндеттерi мен осы баптың 3-шi тармағындағы бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде тыйым салу негiздерiн қамтитын, сонымен бірге 6 баптың 3-шi тармағындағы бейбiт жиналысқа қатысушының әрекетiне тыйым салу туралы тармақтарға қатысты.

 
Мысалға: Заң жобасында ұйымдастырушыға бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде бейбiт жиналысқа қатысушылардан өз бетiн бүркемеудi, оның iшiнде бет әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдалануды талап етуге мiндет қылып жүктеген. 


Сол сияқты, бейбiт жиналысты өткiзу кезiнде ұйымдастырушыға бет әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдалануға тыйым салу белгiленген.

 
Комитет ұйымдастырушыға мiндеттелiп отырған бұл нормаларды алып тастауды ұсынады. Бұл белгiлi бiр деңгейде бейбiт жиналысқа қатысушылардың денсаулығын сақтауға байланысты жеке қорғаныш құралдарын пайдалану құқығын шектейдi. 


Осындай негiзбен Заң жобасындағы бейбiт жиналысқа қатысушының денсаулығын сақтауға бағытталған жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға мүмкiндiк беретiн толықтыру ұсынылуда. 
Заң жобасын талқылау барысында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды белгiлеу және оның санына қатысты сұрақтар болды, ол қоғамда да кеңiнен талқыға түстi.
Комитет астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетiн қалалар мен олардың құрамына кiретiн аудандарда арнайы орындар мiндеттi түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауы тиiс деген пiкiрде.
Бұл жиналыстар мен митингiге, тосқауыл қоюга қатысушылардың «көрiну және естiлу» және оларды өткiзу мүмкiндiгiн арттырады.
Аталған ұсыныс Заң жобасының осы мәселенi реттейтiн 9 бабының 2-шi тармағына қосымша екiншi бөлiк ретiнде енгiзiлген.
Сонымен бірге, Заң жобасының бейбiт жиналыстар өткiзуден бас тарту негiздерiн айқындайтын 14 баптың 1 тармағының 10 тармақшасын алып тастау ұсынылады.
Бiздiң ойымызша бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде тiршiлiктi қамтамасыз етуге байланысты мәселелер арнайы орындарды белгiлеген кезде қаралып ескерiлуi керек.
Бейбiт жиналыстарды тоқтату негiздерi мен тәртiбi 18 бапта көзделген.
Осы баптың 1 тармағының 3 тармақшасына сәйкес:- бейбiт жиналыстарға қатысушылардың күш қолдану әрекеттерiн жасауы, сондай-ақ бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының бейбiт жиналысты ұйымдастыру және өткiзу тәртiбiне қатысты осы Заңының талаптарын бұзуы бейбiт жиналысты тоқтатуға негiз болады. 
Жеке немесе бiрнеше адамның Заң талаптарын бұзған жағдайда жалпы бейбiт жиналысты тоқтату тым қатал және ол аз ғана топтың әрекетi үшiн көпшiлiктiң құқын шектейдi.
Заң бұзушылық жойылған жағдайда бейбiт жиналыстарды жалғастыруға мүмкiндiк беру дұрыс деген ойдамыз. 
Сондықтан жоғарыда аталған норманы алып тастау және 18 бапты жаңа 4 тармақпен толықтыру ұсынылады,-деді сенатор Енсегенов.
Аталған заң жобасына түзетулер  енгізген сенаторлар аты шулы жобаны Мәжіліске қайта қайтарды. 
 
 

banner_wsj.gif

«Ақжол» партиясы қалай ғана оппозицияға айналып сала береді?!» Саясаттанушылар жаңа заңға байланысты пікір білдірді

Қазақстанда «парламенттік оппозиция» ұғымы заңдастырылды

Фото: Асқар Ахметуллин

Қазақстан парламентінде бұдан былай оппозиция бар. 6 мамыр күні мәжіліс «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірауыздан мақұлдады. 

    Депутат Азат Перуашев «парламенттік оппозиция парламенттік көпшілікке енбейді. Оппозиция саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты басқаша ұстанымда болады» деп мәлімдеген. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин бұл жағдайды «тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет болып отырған тарихи оқиға» деп бағалады. 

    Оппозиция: 
•    Бір сессияда кемі бір рет мемлекет пен қоғамға қатысты өзекті мәселелер бойынша парламенттік тыңдау ұйымдастыруға бастамашылық ете алады.
•    Парламенттік сессияда кемі екі рет үкімет сағатының күн тәртібін белгілейді. 
•    Оппозиция мақұл көрмейтін заң жобаларына балама заң жобалары енгізіледі. 

Осы жаңалыққа орай саясаттанушылардың пікірін білген едік. Бұрынғы дипломат, қазіргі саясаттанушы Қазбек Бейсебаев парламенттегі бұл жаңалықтан аса жақсылық күтпеймін дейді. 

«Қазақстан парламентінде «оппозиция» ұғымы пайда болып, заң қабылдап жатыр. Ал бізде оппозиция бар ма еді? Оппозициялық партияға жол ашып жатыр ма? Кейбір партияларды заңсыз деп жауып тастады. Кейбірін тіркеуден де өткізген жоқ. Бізде тым құрыса қарапайым белсенді азаматтың өз ауданындағы мәслихатқа сайланатын құқы жоқ. Кеше ғана «Нұр Отанның» ұсыныстарын қабылдап, соның сөзін сөйлеген «Ақжол» партиясы қалай ғана оппозицияға айналып сала береді. Әрине, сенуге келмейді» дейді. 

Ол карантин біткен соң халықтың саяси белсенділігі қайта қызады деп санайды. 

«Парламент сайлауы келер жылдың наурыз айында болу керек. Бірақ мерзімінен бұрын биыл өтуі де мүмкін. Егер өтетін болса онда 2 ай бұрын хабарлағаны жөн. Биыл жазда халық ерекше белсенді болатын сияқты. Өйткені азаматтардың өзіндік пікірі қалыптасып келе жатыр. Былтыр Қосановтың сайлауға түсуі біздің қоғамның өз дауысын қорғауы үшін барын салатынын дәлелдеп берді. Алайда халық арасынан оппозиция пайда болып, парламенттен орын алса да – ол биліктің рұқсаты арқылы жүзеге асқан болуы әбден ықтимал. Қазір карантин. Оның үстіне оңтүстікті су басып әбігерген түсіп жатыр. Сондықтан мерзімінен бұрын өте қоюы екіталай. Десе де билік кез-келген уақытта шұғыл шешім қабылдап жібереді» дейді Қазбек Бейсебаев. 

Саясаттанушы Ерлан Саировтың сөзінше, бұл бастама президент Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші мәжілісінде ұсынған саяси реформалық пакеті аясында жүзеге асып отыр. 

«Мұның мақсаты – парламентте аз орын алған партиялардың жұмыс істеуіне заңдық тұрғыдан кепілдік беру. Парламентте үлкен партия даусының көптігін пайдаланып бюджеттік мәселелерді өз ырқына қарай шешетін. Енді азшылық партиялардың да көзқарасы ескеріледі. Бұл бастама еліміздегі парламенттік қызметті сапалық басқа бір деңгейге шығаруға және оппозицияға деген көзқарасты өзгертуге ықпалын тигізеді. Мәселен, еліміздің түкпір-түкпірінде азаматтық белсенділер бар. Алайда жергілікті әкімдіктер оларды оппозиция деп санап, олармен жұмыс істегісі келмейді. Енді осы заң қабылданғаннан соң жергілікті жердегі азаматтық белсенділердің аудандық, облыстық әкімдіктің жұмысына белгілі бір ықпалын тигізу, әкімдіктер жұмысына бақылау жасау тетіктері де қарастырылуы мүмкін. Яғни, бұл заңды қабылдау – қазіргі саяси ландшафты өзгертудің әдісі мен тәсілі» дейді. 

Ерлан Саиров халық ортасында жүрген оппозициялық күштер де парламентке келе алады деп есептейді. 

«Егер тиісті қолды жинаса, сайлауда халықтың дауысын жинаса ондай партиялардың парламентке келуі өте орынды болмақ. Бұл – саясаттың заңдылығы. Оппозиция – мемлекеттің жауы емес, олар позициясы бөлек адамдар ғана. Оппозицияда жүрген қаншама білікті, ақылды жігіттер бар. Олар келіп, мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосуы керек. Егер азаматтар шынайы бірігіп, мемлекеттің дамуына үлесін қоса алатын позитивті бағдарлама ұсынатын болса, онда олардың парламентте отыруға хақы бар» дейді саясаттанушы. 

Жас саясаттанушы Асхат Қасенғали парламентте болып жатқан өзгерістер сайлаудың да жақын қалғанын аңғартады деді. 

«Біріншіден, мұны еліміздегі парламентаризмді дамытуға жасалған қадам деп бағалаймын. Екіншіден, бұл ұсыныс парламенттік сайлаудың жақындағанын білдіреді. Менің ойымша сайлау осы жылдың күзінде өтеді. «Нұр Отан», «Ақжол» және Коммунистік партиядан бөлек, тағы бір партия келуі тиіс. Ол партия парламентте қызу талқы мен пікірталас, нақты заң жобалары бойынша қызыл кеңірдек болып таласуы тиіс. Қазақстан парламентіне қан жүгіртетін партия керек-ақ. Ол – Жанболат Мамайдың партиясы болуы мүмкін немесе басқа бір партия. Сондай-ақ «Ауыл» партиясын қосып, бес партиялы парламент жасауға да болады. Өйткені, экономиканы әртараптандыру керек деп жатырмыз. Ал ол шаруа агросаланы дамыту арқылы шешіледі. «Ауыл» партиясы сол мүддені қызғыштай қорғап, нақты ұсыныстарымен парламентте отыратын болса – бұл да бір билік тарапынан қабылданған тиімді шешім болар еді. Билік неге мұндай қадамға барды? Себебі, біздің заң шығарушы орган көппартиялы парламентке жатпайды. Барлық заң қызу талқылаусыз, бір ауыздан қолдаумен қабылданады. Сондықтан «оппозиция» ұғымын енгізуге мәжбүр. Бір жағынан халық та осындай жаңашылдықты қалап тұр. Билік оны да түсініп отыр» дейді Асхат Қасенғали. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында «Бізге парламенттік оппозиция институты керек. Өз пікірлерін айтып жүрген белсенді азаматтар бар. Біз ондай көзқарастарды қоғамдық пікір деп қабылдауымыз керек. Осыған байланысты парламенттегі саяси азшылық мәселесін заңдық тұрғыда реттеу қажет» деген болатын. 5 мамыр күні республикалық газетке берген сұхбатында президент саяси процестерді реформалауға қатысты парламенттің бірнеше заң жобасын қарастырып жатқанын, бұдан былай елімізде саяси партияларды құру және оппозициялық институттарды тіркеу жүйесінің жеңілдетілетінін айтқан. 

 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_kaz.png