«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты

Жарияланды
Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сот үкімі күшіне енді.

Мұхтар Жәкішев елордада 2009 жылдың мамыр айында жұмыс орнында ұсталған болатын. Оған ірі уран кен орындарында мемлекеттік үлесті сатты деген айып тағылды. 
Сол кезде сот процесі жабық өтті. Жәкішев сот үкімімен кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жәкішев мерзімінен бұрын үш жыл, екі ай және 17 күнге ерте босатылды. Жазасының өтелмеген мерзімі аяқталғанға дейін ол тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады. Осы уақыттың ішінде Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынады.

Соңғы отырыста Жәкішевтің өзі сот залына келген жоқ, кезекті процеске бейнебайланыс арқылы қатысты. Ал прокурор судьядан адвокат Нұрлан Бейсекеевтің Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмауды сұраған.

Мемлекеттік айыптаушының сөзіне қарағанда, сотталушы 99 миллиард теңге шығынның тек 200 мың теңгесін ғана өтеді.
 

Сондай-ақ оқыңыз