Қазақстан мен Өзбекстан жалпы құны 500 млн доллар болатын келісімге қол қойды

Екі ел премьерлері аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысты

Фото:primeminister.kz

26 ақпан күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Өзбекстанның Хорезм облысы, Үргеніш қаласында ӨР Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен келіссөз өткізді және Қазақстан мен Өзбекстанның Аймақаралық ынтымақтастығының ІІ форумына қатысты, деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты. 

«Біздің көшбасшыларымыздың саяси көрегенділігінің арқасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік сапалық тұрғыда жаңа деңгейге жетті», — деді А. Мамин. 

Қазақстан Үкіметінің басшысы екіжақты сауда айналымын одан әрі ұлғайту бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар қазіргі өзара мүдделерді белсенді жүзеге асыру және жаңа бағыттарын іздестіру қажеттігін көрсетіп отырғанын айтты. 

Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, су-энергетикалық, тоқыма, машина жасау, туристік, экологиялық салаларда, сондай-ақ қаржы технологиялары мен аймақаралық ынтымақтастық саласындағы екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамыту келешегі талқыланды. 

А. Мамин мен А. Арипов «Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы аймақтық бизнестің ынтымақтастығы» тақырыбындағы ҚР мен ӨР Аймақаралық ынтымақтастығының II форумының қорытынды отырысына қатысты, шараға 300-ден аса адам — мемлекеттік органдардың, өңірлердің басшылары мен екі елдің іскерлік орта өкілдері жиналды.


ҚР Премьер-Министрі Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» АЭА базасында жеңіл өнеркәсіп бойынша Қазақстан-Өзбекстан кластерін құру, Түркістан, Ташкент, Самарқан, Бұхара және Хорезм облыстарындағы туристік нысандар бойынша бірлескен туристік бағыттар ашу, көтерме-тарату және агро-логистикалық орталықтарды бірлесіп дамыту бойынша бастамалар көтерді. 
А. Мамин екі елдің транзиттік-көлік және логистикалық салалардағы ынтымақтастығына ерекше назар аударды.

«Қазақстан үшін сіздің ел – Оңтүстік Азияға шығу жолы, Өзбекстан үшін біздің аумақ – ЕАЭО және Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ бен Еуропа елдерінің нарығына шығу мүмкіндігі», — деп А. Мамин, «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша бірлескен іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті.


Форум соңында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы 52 құжатқа, оның ішінде Форумның Қорытынды декларациясына, сондай-ақ машина жасау, ауыл шаруашылығы, қаржы-банк, өнеркәсіп, инфрақұрылым, фармацевтика және басқа да салаларда жалпы сомасы $500 млн жуық болатын ведомствоаралық, аймақаралық және коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Форум екі елдің іскерлік орта өкілдеріне B2B (business-to-business) форматында кездесулер өткізіп, арнайы ұйымдастырылған көрмеде өздерінің өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктерін паш етуге мүмкіндік берді. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Үкімет екі күннің ішінде елді қатаң карантинге енгізетін жоспар дайындауы тиіс. Індет бой бермей жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді тапсырды

Фото; Ақорда.кз

Бейне байланыс режимі арқылы өткізілген жиынға Үкімет мүшелері, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, қалалар мен облыстардың әкімдері қатысты,-деп хабарлайды Ақорда сайты.


Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дер кезінде жарияланған қатаң карантин шаралары уақыттан ұтып, эпидемияның қатты өршіп кетпеуіне мүмкіндік бергенін атап өтті. Өкінішке қарай, Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін барлық карантин шаралары босаңсып кетті.


– Биылғы 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті органдары Төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын атап өту қажет. Ведомствоаралық комиссия өзіне жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Мұны ашық мойындау керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмады, – деді Мемлекет басшысы.


Президенттің айтуынша, жергілікті жерлерде тиісті жұмыстар дер кезінде атқарылмай, тиімділігі аз шаралардың қабылдануы салдарынан еңбек ұжымдарында, ірі өндіріс орындарында жаппай вирус жұқтыру ошақтары пайда болды. Атырау облысындағы Теңіз кен орны індет жұқтырудың орталығына айналды. Онда дертке шалдыққан 1222 адам тіркелді. Алматы қаласында тұрғындардың ғана емес, медицина қызметкерлерінің арасында да науқастанғандар өте көп. Елордадағы көптеген мекемелер карантин жағдайының өзінде санитарлық талаптарды сақтамаған. Өңірлердегі ауруханаларда науқастар жататын орынға, медицина кадрларына, дәрі-дәрмекке, медициналық құрал-жабдықтарға тапшылық қатты байқалады.
– Жұмысына салғырт қарағаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа ескерту жасаймын. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жариялаймын. Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертемін. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты. Тиімді ақпараттық жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмеуі де жағдайды ушықтыра түсуде. Біздің халықпен арадағы диалогымыз өз деңгейінде нәтиже бермеді. Ақпараттар легі теріс пікірлердің ықпалында кетіп, дәрігерлердің ерлікке пара-пар еңбектері көрінбей қалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке цифрландыру саласындағы жұмыстарға салғырт қарағаны үшін ескерту берілді.
Мемлекет басшысы Ведомствоаралық комиссияның шұғыл әрі қатаң үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етуге, оның орындалуына мониторинг жүргізуге және бақылауға қауқарсыз болып отырғанын айтты.
– Пандемиямен күрес жөніндегі барлық шешімдерді, оның әлеуметтік және экономикалық теріс әсерлерін жоюды Премьер-Министр басшылық ететін тиісті Мемлекеттік комиссия аясында пысықтауды тапсырамын. Мемлекеттік комиссия ең маңызды деген ресурстардың таралуын бір орталықтан бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау мақсатында Мемлекеттік комиссияға екі күннің ішінде биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін енгізу мәселесі бойынша маған ұсыныс әзірлеп, енгізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев лабораториялық зерттеулердің тиімділігін арттыруды, реагенттер мен жұмсалатын материалдардың үздіксіз жеткізілуін шешуді, ПТР-лабораториялардың саны мен қуаттылығын арттыруды тапсырды.
– Тұрғындардың лабораториялар маңындағы кезектің көптігіне, санитарлық нормалардың сақталмауына қатысты шағымдануы әділетті. Мұның бәрі тікелей ауру жұқтыру қаупін күшейтеді. Сондықтан вирус жұқтырудың алдын алу және бір орталықтан таратуды қамтамасыз ету, сондай-ақ, есепке қою мақсатында ПТР сынамаларын тапсыруды онлайн жазылу немесе Call орталық арқылы жүргізу қажет. Індет ошақтарындағы жұмыстар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде мобильді лабораторияларды ұйымдастыру және мобильді қызметті одан әрі дамыту үшін қаржы бөлу аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп, емдеудің маңыздылығын атап өтті. Осы ретте проблемаларды шешу үшін Үкімет пен өңірлердің әкімдеріне барлық қаржылық және инфрақұрылымдық ресурстарды жұмылдыру тапсырылды.
– Пандемияның екінші толқынын ескере отырып, шілденің соңына дейін жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған төсек орындарын 50 пайызға арттыруды тапсырамын. Бұл үшін өңірлер барлық резервті, соның ішінде, жеке және ведомстволық медицина орталықтарын пайдалануы керек. Үкіметке дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін бес күннің ішінде шешуді тапсырамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жүргізіп жатқан ақпараттық жұмыстарының маңыздылығын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс бастапқы кезеңде жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жібергендей әсер қалдырады.
– Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда. Өкілетті қызмет орындарынан дұрыс жауап ала алмаған тұрғындардан шағымдар көп түсіп жатыр. www.coronavirus2020.kz сайтына қырық мыңға жуық сұрақ келіп түсті. Қазіргі таңда оның үштен біріне ғана жауап берілді. Мұндай қарым-қатынастың нәтижесінде теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты. Жауапты тұлғалар өткізетін тұрақты брифингтерді жолға қойып, індет жұқтырған кездегі іс-әрекеттердің алгоритмі жөнінде халықты нақты әрі сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.
– Телеарналарда тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беретін бағдарламалар ұйымдастыруға не кедергі? Азаматтарға емделудің протоколы мен алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер мен оны пайдалану жөнінде түсіндіру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарау және конференция, дөңгелек үстел, салтанатты шаралар, консалтингтік және PR-қызмет секілді қажетсіз шығындардан бас тарту жөнінде тапсырма берілді. Бұл қаржының барлығы эпидемиямен нақты күреске бағытталуы керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бағаны тұрақтандыруға, азаматтарды қажетті азық-түлікпен, жұмыспен қамтамасыз етуге, экономикалық белсенділікті арттыруға және цифрлық технологияны дамытуға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар жүйелі әрі толыққанды орындалуы тиіс. Бұл мәселе әрбір әкімнің ерекше бақылауында болуы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, коронавирус пандемиясының ұзаққа созылуына дайын болуға шақырды. Осыған байланысты орта мерзімді перспективаға арналған Қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі ұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды.
– Иә, бұл – қауіпті ауру. Оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. Сондай-ақ жөнсіз әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, санитарлық режимді бұзуға жол берілмейді. Ал науқастанып қалғандар сарыуайымға, пессимизмге салынбағаны жөн. Ем алумен қатар, ағзаның күші, адамның көңіл-күйі оның құлантаза айығып кетуіне ықпал етеді. Денсаулық сақтау министрлігі және санитарлық дәрігерлердің ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Мұның бәрі мемлекеттің ең басты игілігі – сіздердің, Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған, – деді Мемлекет басшысы.
Кеңес барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сөз сөйледі.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg