Президент ҚР премьер-министрін тағайындады

Жарияланды
Әлихан Асханұлы - еліміздің он екінші үкімет басшысы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін парламент мәжілісі отырысында ел үкіметінің жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке Әлихан Смайылов тағайындалды. 

Ол 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1996 жылы — ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.

1993–1999 жылдары — «А-Инвест» инвестициялық–жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.

Әр жылдары ҚР Статистика агенттігінің төрағасы, ҚР сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы, ҚР қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰБХ президенті, ҚР Президентінің көмекшісі, Қаржы министрі қызметін атқарған

Айта кетейік, 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының күрт көтерілуіне қарсы митиң басталып, одан кейінгі күндері Қазақстандағы жағдай шиеленісе түсті. Ол экономикалық және саяси талаптар қойылған жаппай наразылыққа ұласты.  

4 және 5 қаңтар кұндері Алматыда қауіпсіздік күштерімен қақтығыс орын алды. 5 қаңтар күні таңертең Қазақстан президенті Асқар Мамин үкіметін қызметінен босатып, Премьер-Министрдің міндетін атқарушы болып Әлихан Смайылов тағайындалды. Елде төтенше жағдай енгізілді. Алматы қаласы мен облыс орталықтарына террористік топтар шабуыл жасап, Президент ҰҚШҰ-дан бітімгерлік көмек сұрады. Ірі қалаларда антитеррористік операциялар жүзеге асырылды. 

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Парламент Мәжілісіне сайлаудан кейін үкімет құрамы аздап жаңарған еді. Сол кезде министрлер кабинетінде тек екі жаңа адам келді – Әсет Ерғалиев Ұлттық экономика министрі болса, Серік Шапкенов – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Депутаттар жаңа үкіметтің басшысы лауазымына бұрынғы премьер-министр Асқар Маминнің кандидатурасын да мақұлдаған. Ол бұл қызметті 2019 жылдан бері атқарып келіп, 2022 жылы 5 қаңтар күні отставкаға кетті. 

Сондай-ақ оқыңыз