Индустриялық жобалардың үштен бір бөлігі дер уақытында іске қосылмаған

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
52 жоба кейінге қалдырылған

2019 жылы  жүзеге асырылуы тиіс екі жоба индустрияландыру картасынан шығып қалса, 130 жобаның 52-сі биылға қалдырылған. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов хабарлады. 

«Өкінішке қарай, барлық жобалар белгіленген мерзімде іске қосылмайды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, жоспарланған 130 жобаның арасында  жалпы құны 760 млрд теңге 76 жоба жүзеге асып, алты мыңнан аса жұмыс орны ашылды», – деді ол.

Қалған 52 жобаны әкімдіктер 2020 жылға қалдырып, тағы екі жоба картадан мүлдем алынып тасталды деп атап өтті вице-министр.

Биыл жыл соңына дейін индустрияландыру картасы аясында  жалпы құны 1,1 трлн теңге болатын 160 жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 17 мың жұмыс орны ашылуы тиіс. 

Аманияз Ержановтың айтуынша, индустрияландырудың екінші бесжылдығы Қазақстан өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін берді.

«Осы жылдар ішінде (2015-2019) кәсіпорындардан түсетін салық үш есе артып, тоғыз триллион теңгені құрады. Қазіргі уақытта өңдеу өнеркәсібінен түсетін салық индустрияландыру саясатын жүзеге асыруға кеткен шығыннан 6,5 есе артық», – деді Ержанов.

Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2019 жылы 4,2%-ға өсті. Осы салаға құйылған инвестицияның  жиынтық ағыны $18 млрд құраған.
 

Сондай-ақ оқыңыз