Беларусь компаниясы қарызын қайтаруға асығар емес

Жарияланды
Ол трамвайларды уақтылы жеткізбеген

«Белкоммунмаш» холдингі «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ-на 609 мың  доллар төлеуі тиіс. 

Елімізде Өскемен және Павлодар қалаларында ғана трамвай байланысы бар. Павлодардағы қоғамдық көлік 20 бағыт бойынша қатынап, күніне шамамен 45 мың жолаушыны тасымалдайды. Бірақ, вагондардың басым бөлігі тозып, тұрғындарға қолайсыздық тудыра бастады. Осыны ескерген компания басшылығы 2017 жылы жаңғырту бойынша ауқымды жобаны қолға алған. 

Уақтылы орындалмаған тапсырыс

Трамвайларды жаңартуға қатысты жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландырды. Банк бөлген 2,7 млрд теңгеге Беларусьтің «Белкоммунмаш» АҚ-нан 23 вагон сатып алынды. Бір трамвайдың құны – 109 млн теңге. Бірақ, шетелдік кәсіпорын вагондарды жеткізу мерзімін қайта-қайта кейінге шегеріп, трамвайлар екі жылда әрең жетті. 

 Жаңа трамвайдың алғашқы легі 2017 жылдың қазан айында жеткізіледі деп жоспарланғанмен, сол жылдың желтоқсанында жалғыз вагон келді. Тағы тоғыз вагон 2018 жылдың басында көлік паркін толықтырды. «Қалған 13 трамвайды 2018 жылдың шілде айына дейін әкелеміз» деген кәсіпорынның уәдесі «құрғақ» болып шықты. Тек 2019 жылдың мамырында 4, маусым, шілде, қыркүйек айларында 2, тамызда 3 трамвай жеткізілді. 

Мұның барлығын шетелдік трамвай шығаратын кәсіпорын былай түсіндіріп еді: 

«Аукционда көрсетілген техникалық тапсырысқа сәйкес, трамвай вагондарын құрастыру кезінде тек бір өндіруші – «Псковск электр-көлік құрылысы зауыты» АҚ шығаратын қозғалтқыштар қолданылуы тиіс. Бұл зауыт қазіргі уақытта әскери өндіріс пен ресейлік көлік шығарушылардың тапсырыстарын орындауда. Қозғалтқыштардың уақытылы жеткізілмеуі салдарынан трамвай вагондарын Павлодарға жөнелту мүмкін болмай тұр». 

Әйтеуір, беларусьтар бұл мәселені шешіп, әупірімдеп жүріп келісімшартта көрсетілген 23 вагонды әкелді.

Жаңасын алуға қаржы қажет 

 «Белкоммунмаш» АҚ түрлі себепті сылтауратып, трамвайларды белгіленген мерзімде жеткізбегендіктен, Трамвай басқармасы шетелдік кәсіпорынды сотқа берді.

«Белкоммунмаш» өз кінәларын мойындап, біз сотта жеңдік. Сот шешімі бойынша холдинг 609 мың АҚШ долларын төлеуге міндеттелді. Бірақ беларусь тарабы бұл соманы бөліп төлемек ниетте. Ал біз келтірілген шығынды осы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін төлеуді сұраймыз», – дейді Трамвай басқармасының төрағасы Мүслім Махмұдов. 

Себебі жергілікті компания тағы да жаңа вагондар сатып алмақ. Алайда бұл жолы ресейлік кәсіпорынмен келісімшарт жасауды жоспарлап отыр. 

«Алдымен ақшамызды қайтарып алсақ дейміз. Кейін жаңа вагондарды ұсынатын компанияларды қарастырамыз. Беларусь елінің кәсіпорны жыл соңына дейін немесе келесі жылы трамвайларды жеткізуге әзір екендіктерін білдірді. Шыны керек, мұндай ұсыныс біздің көңілімізден шықпады. Сондықтан Ресейдің Усть-Катав қаласындағы компаниядан сатып алмақ ойымыз бар», – дейді Мүслім Махмұдов.

Айта кетелік, бүгінде павлодарлық трамвай паркінде барлығы 111 вагон бар. Оның 30-ы –жаңа. Яғни, 23 трамвай Беларусьтан, жетеуі Ресейден сатып алынған. 

 

Сондай-ақ оқыңыз