Шенеуніктер қар жаумай тұрып көмір түсіріп алуға шақырды

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Көмірді кен орнынан өз көлігімен таситындардың саны артып келеді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Байытов  өз көліктерімен келіп, көмір тиеп кететіндердің қатары қалыңдап келе жатқанын айтады. 

«Былтыр біз тағы бір таразы орнатқыздық, ол кезектің азаюына ықпал етеді. Шұбаркөлдің өзінен жыл сайын 400 мың тонна көмірді халық өз көлігімен келіп, алып кетеді, биыл қазірдің өзінде 205 мың тонна көмірді тасып әкеткен.  Қаражыра кенішінде 1600 тонна көмірді тұрғындар өздері алып кетеді, күніне 30-35 көлік кезекте тұрады», – деді Байытов 31-қазанда өткен брифингте.

Шенеуніктің сөзіне сүйексек, мамандар кен орындарына арнайы барып, жағдайды өз көздерімен көріп қайтыпты. Биыл жылыту маусымына дайындық басталғалы бері теміржол арқылы 33,8 млн тонна көмір тасымалданған. 

«Қазір күн жылы боп тұр, халық ақырындап көмір алып жатыр. Дегенмен елге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатса да, жұрттың бәрі күн суытып, алғашқы қардың түскенін күтіп отыр», – дейді комитет басшысы. 

Оның айтуынша, коммуналдық-тұрмыстық және  халыққа қажетті көмірдің 89 пайызын  4 компания жеткізеді: «Шұбаркөл Көмір» – 28% пайыз, «Қаражыра» –25%, «Майкубен Вест» – 25% және «Богатырь Көмір» – 11 %. 

Биыл 28-қазанға дейін көмір кен орындарынан 88,2 млн тонна көмір өндірілген, ол былтырғы 90,3 млн тонна көмірмен салыстырғанда, біршама аз. 

Осы кезеңде ішкі нарыққа 61 млн тонна көмір жеткізілсе, оның ішінде: 46 млн тонна энергия өндіруші кәсіпорындарға жөнелтіліп,  өнеркәсіп кәсіпорындарына – 5,6 млн тонна, коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен тұрғындарға 9,1 млн тонна көмір жеткізілген. 

Коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен халыққа арналған көмір бағасы  қара отынды тиеу, жылжымалы құрамды тасымалдау, қызмет көрсетуге арналған темір жол тарифтері, көмірдің биржалық құны, сондай-ақ халыққа көмір жеткізетін делдал ұйымдар мен жеке тұлғалардың үстемесінен қалыптасады.

Жергілікті атқарушы органдардың дерегі бойынша, түрлі кен орындарында алынған әртүрлі маркадағы көмір бағасы – оны өндіру құны мен тасымалдау шығынына байланысты  тоннасына 7 мен 19 мың теңге аралығында.

Сондай-ақ оқыңыз