Өзбекстан АЭС салу жоспарынан бас тартпайды

Жарияланды
Кем дегенде, алғашқы екі блок іске қосылатын болады

Ташкенттегі жиында сөз сөйлеген «ӨзАтом» басшысы Жұрабек Мирзамахмудов өзбекстандық атом электр станциясын (АЭС) іске қосу жөніндегі жоспардың өзгермейтіндігін растаған мәлімдеме жасады. Станцияның алғашқы блогы 2028 жылы жұмысын бастау керек болса, екіншісі бір жылдан кейін іске қосылуға тиіс. Блоктардың әр қайсысының қуаты 1,2 мың МВт-ты құрайды. 

Жоба Ресей Федерациясы және Өзбекстан Республикасы арасындағы үкіметаралық келісім-шарт аясында ресейлік жоба бойынша жүзеге асырылуда. Келісім-шартты жүзеге асыруға екі ел президенттері 2018 жылғы қазанда Ташкентте бастау берген-ді. Станция құрылысын «Росатом» жүргізетін болады. 

Жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңі 2019 жылғы шілденің басында АЭС салатын орынды белгілеумен аяқталып, таңдау Жизақ облысындағы Тұзкөл көлінің маңындағы аумаққа түсті. Мұнда жұмыстың екінші кезеңі бастау алып, сейсмологиялық және геофизикалық зерттеулер жүзеге асырылды. Алынған нәтижелердің негізінде республикадағы алғашқы АЭС-тің техникалық жобасын дайындау бойынша ұсыныстар енгізіледі. 

«Курсив» бұдан бұрын Өзбекстанның энергетика министрі Әлишер Сұлтановтың хабарлауы бойынша, АЭС үшін таңдап алынған аумақтың төрт энергоблокқа арналғаны туралы жазған болатын. Қосымша екі блокты алғашқы екеуін іске қосқаннан кейін салу жоспарланып отыр. Алайда «Курсивтің» мәліметтері бойынша, бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз