Қазақстан күн мен жел энергиясын қалай арзандатты?

Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) аймақтық аукционының арқасында күн және жел, сондай-ақ су электр станциясы өндіретін энергия құнын төмендетуге мүмкіндік туды

Фото: Shutterstock

Қазақстанда күздігүні жаңартылатын энергия көздері бойынша жобалық аукцион өтеді. Бұл –энергия өндіретін станцияны нақты бір аймаққа байлайтын, ЖЭК жобаларын мемлекеттік орналастырудың жаңа тәсілі. Жаңартылатын энергияны дамыту – жасыл экономиканы енгізудің нәтижелі тетігінің бірі. 

ЖЭК аймақтық аукциондары – Қазақстанда сынақтан өткізілген жүйе. Соның арқасында күн және жел, су электр станциясы өндіретін энергия құнын біршама арзандатуға мүмкіндік туды. Аймақтық аукцион кезінде инвесторлар жұмыс істегісі келетін өңірді өзі таңдайтын. Ал жобалық аукционның арқасында ҚР Энергетика министрлігі баға мәселесін ғана емес, алдағы уақытта энергия тапшылығы туындауы мүмкін ішкі нарық саласын қуат көзімен қамтамасыз ету түйткілін де шешпек. 

Аукцион энергиясы 

ЖЭК жобаларын таңдау аукциондары былтыр басталып, тиімділігін бірден дәлелдеген. 2018 жылы көктем мен күзде өткен аймақтық аукцион барысында қуаттылығы 858 МВт болатын 30-дан аса ЖЭК жобасы таңдап алынған. Ал мемлекет белгілеген қуаттылық 1 гигаватт еді. Айта кету керек, аукцион мына жүйе бойынша өтті: мемлекет жалпы энергожүйенің жаңартылатын қуат көздерінен қаншалықты қуат қабылдай алатынын алдын-ала анықтап, ал инвесторлар өз кезегінде жоба жақсы дамып, аяғынан толық тұрып кетуіне жететін тариф құнын белгілеп және ЖЭК-тің қай жерде орналасқанын қалайтынын хабарлады. Мұндай аукционда өндірілетін электр энергиясын жалпы жүйеге жеткізуге қажетті ең төменгі баға ұсынған инвестор жеңіске жетеді. 

Елдің бірыңғай энергожүйесіне кіретін жаңартылатын энергия көзі нысандарын аукцион арқылы іріктеу – қазіргі кезде өткір тұрған киловатт-сағат құнын бірнеше есе төмендетуге мүмкіндік береді. Жасыл энергия көздерінің тарифі бұған дейін дәстүрлі қуат көздерінен алынатын энергия құнынан бірнеше есе қымбатқа түсетін еді. ҚР Энергетика минстрлігі жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова аймақтық аукцион нәтижесін қорытындылай келе, жаңартылатын энергия құны елдегі әрбір электр қуатын тұтынушыға бөлінетінін, сондықтан ЖЭК шығаратын қуат көлемін жоспарлаудағы маңызды міндеттің бірі – ақырғы тұтынушыға салмақ салмау екенін айтады. 

«Біздің экономикамыз онсыз да энергияны көп қажет етеді,  сондықтан ақырғы тұтынушы – ірі компанияларға да, жеке тұлғаларға да ауыр салмақ артқымыз келмейді.  Ал аукциондық жүйе, шетелдегідей, бізге де жаңартылатын энергия тарифін төмендетуге мүмкіндік берді», – деп түсіндірді Соспанова ханым. 

Департамент директорының айтуынша, Энергетика министрлігі алғашқы аукциондағы баға ЖЭК технологиясының арзандауының арқасында біраз кемігенімен, қатты төмендейді деп күтпеген. Алайда аукцион барысында жел және су элекстр станциялары бойынша тариф 12 пайызға, ал күн энергиясы бойынша 35 пайызға арзандаған.
 
«Сонымен қатар, аукциондық жүйе ұзақмерзімді 15 жылдық келісімге қол қоюға дайын жобаларды іріктеуге мүмкіндік берді. Бұл жобалардың міндеттері нақты және айқын: белгіленген мерзімде нысанды іске қосу, егер мойнына алған міндеттемелері орындалмаса, өз қаржысымен жабады»,– дейді  Соспанова ханым.  

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев есеп беру жиынының бірінде электр қуаты құнын төмендетуде аукциондық іріктеудің маңызына тағы да тоқталып өткен еді. Министрдің айтуынша, күн электр станциясын салуға дайын инвесторлар әуелде киловатт-сағат құны 34 теңге көлемінде қалыптасады десе, аукцион кезінде дәл солар өз тарифін 18 теңгеге дейін төмендеткен. 

«Бұл айырма қайда кетіп жатқаны бәрімізге түсінікті, сондықтан нақты нарықтық бағаны белгілеуде  онлайн-аукцион өткізуден асқан тәсіл жоқ, онда ешкім қоңырау шалып, араға адам салмайды, – деді министр. –18 теңге тариф – былай айтқанда, 4 цент деген сөз. Ал қазір күн энергиясына ең тиімді баға – Сауд Арабиясы мен БАЭ-де. Чилиде ол 3 цент  тұрады. Біз де осындай бағаға жақындап қалдық. Сондықтан заңнаманы жетілдіріп, инвесттартымдылықты көтеріп, тәуекел мен валюта бағамын тұрақтандыруымыз керек. Алдағы уақытта біз де 2,5 центке жететін шығармыз».

Шынайы ойын 

Дегенмен аукциондық тәсілді қолдамайтындар да бар. Айталық,  «Astana Solar»  ЖШС заң бөлімінің басшысы Әсия Нұрабаеваның айтуынша,  аталмыш кәсіпорын 2014 жылы мемлекет қаулысы негізінде ашылған. Бұл қаулы бойынша күннен қуат өндіретіндер Astana Solar-дың кремний батареясын сатып алса, онда оларға алдағы 15 жылда 37 МВт қуат өндірісіне мемлекеттің кепілдендірілген тарифі қарастырылған.

«Алайда келісім уақыты ұзаққа созылып кеткендіктен, қаулыда көрсетілген көлем толықтай жүзеге асырылмады. Ал аукциондық сауда-саттыққа байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістер арасына аталмыш қаулының күшін жоятын бап кіріп кеткен», – дейді Нұрабаева ханым. 

«Бұл ретте өзге елдерде мемлекет жаңаратылатын энергетика саласындағы жергілікті өндірушілерге қомақты қолдау көрсететінін айтып өткім келеді.  Мәселен АҚШ пен Германияда қытайлық өндірушілерге импорттық салық енгізілген, ал Ресейде шектеу деңгейі 70 пайызға дейін барады. Қазақстан үшін бұл жаңа сала болғандықтан, тура сондай мемлекеттік қолдау қажет», – деп тұжырымдайды спикер. 

Бірақ Энергетика министрлігі бұл тұжырыммен келіспейді: Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Astana Solar-дың өнімін пайдаланушылар үшін тариф үкімет қаулысымен киловатт-сағаты 70 теңге көлемінде бекітілген, алайда қазір экономика бұл тарифті көтере алмайды. Оның үстіне аукциондық жүйе үкімет қаулысын белгілі бір компанияға ыңғайлап «тықпаламас» үшін де енгізілгенін айтады. Ал ЖЭК-ке қажетті құрал-жабдық нарығын шетелдік инвесторлардан қорғау мәселесіне келсек, министр бұның да еш қажеті жоқ деп пайымдайды. Өйткені көрші  Ресеймен салыстырғанның өзінде, Қазақстанда бұндай өндіріс дамымаған.

«Одан да аукционға қатысып, нақты бағаларын белгілесін. Сонда ғана мәселені басқа қырынан қарастыра аламыз: егер Astana Solar-дың өнімін қолданатын күн энериясын өндірушілер бәсекеге қабілетті баға белгілей алса, онда біз аукционды өткізу ережелеріне отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған қандай да бір жеңілдік енгізе аламыз, – дейді министр. – Күн энергиясы өндірісіндегі жергілікті өндіріс көлемін арттыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Алайда бір ғана зауыттың мүддесін қолдай отырып, бас-көз жоқ қазақстандық мазмұнды көбейтуге күш салсақ, шаруа қиындап кетеді». 

Қазіргі кезде мемлекет ЖЭК аукциондық жүйесін дамыту арқылы қуат тапшылығы сезілетін аймақтарды электр энергиямен қамтамасыз ету мәселесін шешуді қарастырып жатыр. Энергетика министрлігінің мамандары әзірге елде қуат тапшылығы сезілмейтінін айтады. Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес,  2025-2027 жылға дейін  Қазақстанда қолданыстағы қуат көздері толық жұмыс істесе, сондай-ақ көмір жағатын жаңа станцияларды қосса,  электр энергиясы артығымен өндірілмек. 

Алайда бұл ЖЭК-тің жалпы энергетикадағы үлесін 2020 жылға дейін –3 пайызға, 2022 жылға дейін – 6%, ал 2030 жылы – 10 пайызға жеткізу жоспарына қайшы. Сондықтан Энергетика министрлігіне тек тариф құнын арзандату емес, олардың орналасуын да ойластыру керек. 

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қосымша қуат көздерін  елдің оңтүстігі мен орталығына салу қажет. Қазіргі уақытта республикада жалпы қуаттылығы 679 МВт құрайтын 74 ЖЭК нысаны жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы 10  нысан пайдалануға берілмек. Жаңа станцияларды қоса алғанда, 2019 жылы жаңартылатын энергия көздері нысандарының жалпы қуаттылығы 967 МВт құрайды, 2020 жылы жаңартылатын энергия көздерінің санын 95 станцияға (1443 МВт), 2021 жылы –119-ға дейін жеткізу жоспарланған. Биыл қыркүйекте 255 МВт-қа аукцион өткізу жоспарланған, оның ішінде: 80 МВт күн электр станциясына тиесілі болса, жел электр станциялары - 100 МВт, су электр станциялары - 65 МВт және биоэлектр станциялары - 10 МВт өндіруі тиіс.
 
Бұл ретте 50 МВт қуат жобалық аукцион аясында Түркістан облысында салынатын станцияға берілмек. Сондай-ақ мемлекет  ЖЭК-ті қай  жерге салатынын өзі шешеді, ал жобалық аукционға қатысушылардың қайсысы белгіленген аймақта төмен тариф ұсынады, сол жеңеді.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif